15 июня 2025 г. 17:51

Израиль мен Иран: иірімі мол интрига НЕГЕ Қазақстанға әсер етпек?

Фото: Коллаж: hromadske.ua

Израиль кенеттен Иранды бомбалай бастаған жоқ: өркениеттері өзгеше екі ел арасындағы ежелгі егес, әлемдік саясаттың жаңаша құбылуы, кешегі халықаралық қарым-қатынастар стандарттары мен талаптарының құбылып, жоққа шығарылуы, АҚШ басшылығына келген Трамптың бизнестің қатаң да қарабайыр формулаларын үлкен саясатқа енгізуі – бәрі-бәрі осы шешімге себеп болды деп санаймын.

Әрине, ортақ шекарасы жоқ, алайда өзара қарама-қайшылықтары жеткілікті екі елдің қақтығысының ашық соғыс амалдарына ұласуы – ғаламдық деңгейдегі трагедия. Бүгінгі күннің өзінде жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам зардап шегуде: бомба мен дронға сен мұсылмансың ба, иудейсің бе, атеистсің бе, жассың ба, кәрісің бе – бәрібір.

Достоевскийдің «Әлемнің бар қайғысы баланың бір тамшы көз жасына тұрмайды» деген сөзін ешкім де жоққа шығара алмайды, өйткені... әркімнің өз баласы бар. Мемлекет басшыларының балалары әскерге барған күні соғыстар да тоқтайды. Оның үстіне екі ел де ядролық қаруға ие болу жолында, сол инфрақұрылымдар қирап жатса, оның арты нендей ғаламдық апатқа әкеп соқтыратыны тағы да белгілі! Соққылар да сол нысандарға бағытталып жатқанын олар ресми түрде жариялауда. Ал егер де шабуыл кезінде өздерінде болуы ықтимал атом қаруын қолданса ше?! 

XXI ғасырдың басында адамзат бір аса маңызды моральдық-психологиялық шекке жеткен секілді: яғни, «соғыс» деген сұмдық та сұрапыл сөзге құлақ үйрене бастағандай.

Екі елдің әлем саясатындағы ешкімге бергісіз, ұқсамайтын, эксклюзивті орны бар екенін бәріміз білеміз. Еврей халқының бірегей мемлекеті ретіндегі Израильдің өз ұстанымы, өз қолдаушылары және де өз қарсыластары бар. Иранның да орны осал емес, және де ол орын тек қана мұсылман әлеміндегі ықпалымен шектелмейді, геосаясат пен мұнайдың да рөлі ерекше. Сол себепті екі ел арасындағы қарулы қақтығыс тек қана екеуінің жеке таңдауына қатысты шешіле қоймас: бұл операцияның барысы мен болашағына басқа да ықпалды орталықтар араласары хақ.

Фото: ғаламтордан

Соның бірі әрі ерекше ықпалдысы – Трамп тұсында өзінің геоэкономикалық һәм геосаяси амбициясын ерекше таныта бастаған, барлық халықаралық қақтығыстардың модераторы болуға ниетті АҚШ. Осы операцияға қатысты Трамптың риторикасы әзірше баршамыз күткендей болды: сол баяғы бизнес һәм саясат ұласқан ұсыныстар – «ядролық қару бойынша тез арада келісімге келіңдер, әйтпесе, қиын болады, біз күш қолдана бастаймыз!». Бәлкім, күні кеше ақпарат көздері жариялағандай, «Иран ядролық қарудан бас тартуы мүмкін» деген мәлімдемелердің бір себебі осы жайт болар.

Кейбір беделді дереккөздеріне салсақ, бұл қақтығыстың артында тек қана ядролық қару мәселесі емес, Израильдің (бастысы, АҚШ-тың) Ирандағы билік режиміне қарсы көзқарасы мен әрекеті тұр. Оған қоса Иран халқының бір бөлігінің аятоллалар билігіне қарсылығы, ішкі ұлттық құрамы, сепаратизм факторлары бар. Ол жағын да ескеруіміз қажет. Трамп пен Нетаньяхудың «ирандық режимді құлату керектігі» туралы жария талаптары жайдан-жай айтылып жатқан жоқ.

Айтпақшы, бұл қақтығыстан алыстағы Украина зардап шегуі әбден мүмкін, себебі Израильді қолдау үшін АҚШ өзінің біраз әскери арсеналын Тель-Авивке көмек ретінде жіберсе, ол дегеніңіз, сол қару-жарақ Украинаға жетпейді деген сөз.

Біріккен ұлттар ұйымының пассивті позициясы да көп нәрсені аңғартса керек. ЕО, Қытай секілді алыптардың позициясы да әзірше «әліптің арты бағу» деңгейінде болып тұр. Иә, олар эскалацияны айыптады, екі жақты келісімге шақырды. Бірақ та, одан да батыл қадамдарға бара алмай отыр.

Ал енді бұл соғыстың Қазақстанға қандай қатысы бар? Әрине, тікелей тұрғыдан алғанда, қатысы жоқ сияқты. Алайда ортақ Каспий теңізі арқылы біз Иранмен шекараласпыз, мұның өзі көп нәрсені анықтаса керек. Өйткені, әлемдік жаңа логистикада біз Каспий теңізін белсенді түрде пайдаланып жатырмыз. Сол жобалар аман болсын.

Каспи теңізі. Фото: ғаламтордан

Әр елдің өз қоңсысы бар, сол себепті соғысып жатқан екі ел өздерімен шекаралас елдерге өз талаптарын қоюы әбден мүмкін (әр көрші өз көршісіне тәуелді, сол себепті ол талаптар жария болмауы да ықтимал), ал ол көршілермен біз шекараласпыз. Сол себепті бұл соғыс аймақтық сипат алып, біз үшін мәселе ушығып кетуі ғажап емес.

Иран Ресеймен жақын екені белгілі. Ол да өз пікірін білдіріп жатыр. Енді Қазақстан осы қақтығысқа баға бергенде солтүстік көршінің ғана сойылын соғып, соның шылауында кетпесе екен деген тағы бір тілек жоқ емес.

Иран ОПЕК-те мұнай өндіру жағынан үшінші орын алатыны белгілі, оның алдында тек Сауд Арабиясы мен Ирак тұр. Қақтығыс тереңдеген сайын мұнай бағасы да қарап қалмайды, кейбір сарапшылар баррельдың бағасы 100 доллардан асып кетеді деп болжауда. Енді біреулер тіпті 300$ дейді. Өз бюджетін баррель бағасының 70 доллар деңгейінде жобалаған Қазақстан үшін бұл, әрине, оң фактор, себебі бюджетке қосымша қомақты қаржы түседі. Алайда, алақайлап, ескіріп қалған, мұнайдың иісі бұрқырап тұрған бөркімізді аспанға лақтыру ертерек сияқты, өйткені, бұл қысқа мерзімді ғана эффектісі бар өзгеріс болмақ.

Коллаж: ғаламтордан

Израиль мен Иран арасындағы қақтығыста діни фактор да өз орнын ойып алып тұрғаны мәлім. Қазақстан болса, өзін ресми түрде зайырлы мемлекет деп жарияласа да, мұсылмандық талаптар мен рәсімдер біртіндеп басымдыққа ие бола бастаған ел, осы тұста да әсіре біржақтылық қажет емес сияқты.

Қазақтар үшін ең бастысы әрі маңыздысы сол: Иранда бес мыңнан астам қандасымыз тұрып жатыр. Олардың тағдыры да Қазақстан билігінің назарынан тыс қалмауы тиіс деп санаймын.

Әміржан ҚОСАН, саясаткер.