Егескендерді елдестіре аламыз ба?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егескен елдерді келісімге шақырып отыр. Мәселен, күні кеше Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский арасында кездесу ұйымдастыруға әзір екенін мәлімдеген еді. Назарбаев тек Ресей мен Украина жанжалын ғана емес, Корей түбегіндегі ахуалдың реттеудің жолдары жайында өз ұсынысын білдірді. Елбасының егескендерді елдестіру бастамалары іске аса ма, жоқ па? Бұл ұсыныс қақтығыс жағдайындағы тараптар қабыл алуға дайын ба? Осы жағын тарқатып көрелік.
«Бірінші күннен бастап олардың басын қосуға ұмтылып жүрмін. Мен Зеленский мырзамен кездестім, сөзін тыңдадым. Кеше ғана Владимир Путинмен бұл мәселені шешу төңірегінде сөз қозғадық. Олар Украинаның батысына жүгінеді, Америка, Еуропалық одақ, Нормандық төрттікке жиналуды ұсынады. Меніңше, Ресей мен Украина президенттерінің жеке кездескені қажет. Өйткені, мәселені шешетін – түрлі тараптар емес, осы екі ел ғана», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының бұл сөзі жауапсыз қалған жоқ. Іле-шала Ресей президенті Владимир Путиннің Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесуден бас тартпайтынын хабарлап, Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеме жасады. Кремль Назарбаевқа бұрыннан разы екенін және қазақстандық әріптестерінің күш жігерін, Нұр-Сұлтанның ресей-украин қарым-қатынасының түзелуіне жасаған қадамдарын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды халықаралық дау-дамайларды реттеудің, келіссөздер жүргізудің тәуелсіз алаңына айналдыру идеясы – гуманизмге, бейбітшілікке, бейтараптыққа негізделген бастама. Бұл жүзеге асып, үлкен саясатта елеулі орын алып жатса, Қазақстанның халықаралық беделге ие болары сөзсіз. Әсіресе, Елбасының. Ендігі бар мәселе – жанжалға қатысушы тараптар мүдделерінің кереғарлығында, тығырықтан шығар жолдардың түгесілуінде, түйінді тарқатудың күрделігінде.
Айта кетерлік жайт, Ресей мен Украина арасындағы дау-дамайға араласып жүрген елдердің ұстанымы бейтарап болудан қалғаны қашан. Батыс елдері араағайын болудан қалып, қарсыласушы тарапқа айналған. Украинаға көмек қолын созғандарды айыптаудан аулақпыз. Бірақ, қазіргі ахуал осылай.
Ресейдің өзі «Ресей-Украина арасындағы жанжал» бар дегенді ешқашан мойындаған емес. Қақтығыстарды тоқтатудың кілті қолында тұрса да, «Украинаның шығысындағы соғыс елдің ішкі ісі, оған қатысымыз жоқ» деген сөзінен танбай отыр. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың: «Путин «бұл қатынасқа жан бітіруді, яғни, дұрыс жолға қоюды жақтайды. Киев тарапынан да қадам жасалмаса, ол мүмкін емес», – деген сөзі көп нәрседен хабар берсе керек.
Халықаралық саясатты қайдам, ТМД елдерінің ішінде іскерлік хат жазысудың өзінің стилі қалыптасқан. Нақты жауабын білгіңіз келсе, мадақтау мен көпірме сылтауларға толы азат жолдарды оқымай-ақ, соңғы сөздерге көз жүгіртсеңіз жеткілікті. Назарбаевтың ұсынына қатысты Песковтың айтқан соңғы сөзі: «Ол мүмкін емес!».
Шадияр Өстемірұлы