14 июля 2020 г. 11:29

Дәрі ауадан артық қат болғанда...

Соңғы екі апта еліміз үшін ауыр болды. Әлеуметтік желіні ашсақ, оқитынымыз қазанама. Айналасы он күннің ішінде талай танымал адамдардан қапияда айрылып қалдық. Ал еліміздің әр өңірінде біз танымайтын, біз білмейтін  қаншама жан бақилық сапарға аттанып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елімізде 4 айдың ішінде коронавирус індетінен 375 адам көз жұмыпты. Шын мәнінде, солай ма? Ал пневмониядан қайтыс болғандардың саны неше? Неге екі өкпесі қабынып, ауруханаға жете алмай, бақилық сапарға аттанып кеткендердің статистикасын шығармайды? Олар неден ажал құшып жатыр? Себебі, ауруханада орын жоқ. Жедел жәрдем шақырғанмен «қатты қиналып тұрғандарды ғана әкетіп жатыр». Үй жағдайында емделуге нұсқау бергенмен, оңалып кеткендері аз. Дәл сондай қаншама дәрменсіз жан о дүниелік болуда. Неге? Тым болмаса, дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмек жоқ. Уақыт өтіп жатыр. Дерт күннен-күнге асқына түсуде. Жақынына дәрі іздеп, шарқ ұрған адамдар. Бәрі әп-сәтте қат болып шыға келді. Табылғанының өзі удай қымбат. Тіпті, Шымкент, Нұр-Сұлтан қаласындағылар мен шалғайдағы елді мекен жұрты Алматыдағы жақындарына хабарласып, салып жіберуін өтінуде. Әрине, егер табылса. Сонда біз «А» жоспары, «Б» жоспары» деп жарияға жар салғанда қай індетке дайындалғанбыз?

Қолдан жасалған тапшылық

Алматы халқы дәрі іздеп, бүкіл дәріхананы кезген шығар. Әуелгіде кез келген дәріханадан табылатын парацетомол мен аспириннің өзі тапшы болды. Ал пневмонияға қарсы антибиотиктер «қасқалдақтың қанындай» қат. Қайырымды жұрт әлеуметтік желі арқылы бірінен артылғанын екіншісіне беріп, көмектесіп жатты. 

Мысалы, Қайрат атты азамат пневмониямен ауырған келіншегіне дәрі іздеп, неше күн сенделгенін айтады. «11 мың теңге тұрған «Фраксипаринді» 17 мыңға алсам, 250 теңге тұрған «аскорбин қышқылының» бір ампуласын 700 теңгеге берді. Ал Орталық әлеуметтік дәріханадан 120-145 теңге тұрған «Ципрофлоксацин» ерітіндісінің біреуін 350 теңгеге сатып алдым» дейді. Сол сияқты «Левофлоксацин» ерітіндісін іздеуші сайтынан 2 мыңға көрсе де, дәріхананың өзінен 5 мың теңгеге алғанын айтады.

Ал журналист Үкілай Бестай: «Күйеуім 4 шілде күні компьютерлік томографияға түсті. Оған өкпенің екі жақты қабынуы 61 пайызға жеткен деді. Үйде емделіп жатыр. Өз бетінше жаттығу жасады. Сатурациясын тексеру үшін бұрын жайшылық заманда 10 мың тұрған пульсоксиметр құрылғысын 48 мың 900 теңгеге сатып алдым. Барлық жерде бағасын өсіріп жіберген. Ал Satu.kz сайтында баға бұдан да аспандап кеткен. Оан бөлек емге қажетті дәрінің бәрін удай бағаға сатып алдық. Дәріханалардағы бағаны бақылауда ұстайтын арнайы топ құрылды дегенді естіп едік. Сонда олар нені бақылап жүр?», – дейді журналист.

 

Иә, тіпті Dari.kz қосымшасы арқылы дәрінің Қазақстандағы шекті бағасын білуге болады десті білетіндер. Алайда, аспандаған баға түскен жоқ. Тек президент Қ.Тоқаев дәрі-дәрмектің бағасын заңсыз қымбаттатқан адамдарды ұстауға тапсырма бергеннен кейін ғана сең қозғала бастаған сияқты.

«Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары дәрі-дәрмектің бағасын заңсыз қымбаттатқан адамдарды ұстап жатыр. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда. Ел азаматтарын дәрі тапшылығын туғызып, дүрбелеңге салынбауға шақырамын», – дегені сол-ақ екен, талай былықтың беті ашылды. Құқық қорғау органдары, әкімшілік өкілдері, тіпті бәрі осы бұйрықты күтіп жүргендей құдды.

Президент пәрмен бермесе, айласын асыра бере ме?

Алматы полициясы департаменті 3 күн ішінде дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды заңсыз сату бойынша 11 фактінің жолын кесті. Тінту кезінде 24 000 дәрі-дәрмек құралдары бар 1200 пакет, сондай-ақ, жалпы сомасы 2,5 миллион теңге болатын COVID-19 анықтайтын 9000 экспресс-тест алынды. Сол сияқты қаладағы бір сән салонының жертөлесін дәріханаға айналдырып, заңсыз пайда тапқан екі азамат ұсталды. Тергеу барысында әртүрлі 11 мыңнан астам дәрі-дәрмек және жалпы сомасы 1 миллион 119 мың 200 теңге 100-ден астам ампула тәркіленді.

Ол ол ма, Алматы облысы ауданының біріндегі аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі болған азамат халыққа тапшы дәрілерді сатқан. Оның көлігінен «Севофлуран», «Цефтриаксон», «Меобактрин», «Альбунорм», «Неоцитотект», «Октагам», «Архимакс», «Меропенем», «Годовист» және «Пропофол» сияқты 90 флакон дәрі табылды.

Жамбыл облысында деміккен жұртқа ауадай тапшы болған дәрілерді тиеген жүк көлігі ұсталса, Шығыс Қазақстан облысының Семей және Өскемен қаласында дәрі-дәрмек бағасын негізсіз қымбаттатқан 6 дәріхана анықталды. Дәл осындай дәріні қолдан қымбаттату Талдықорған қаласында да тіркелді. Дәріхананың біріндегі фармацевттің «Ингавирин-90» вирусқа қарсы дәріні тиісті құжатсыз және екі есе артық бағаға сатқаны әшкере болды. Мұндай дерек бітпейді. Бір қызығы, бәрі кешегі Президенттің Үкімет отырысынан кейін қолға алынып жатыр. Оған дейін бірде-бір әкімшілік «Дәрі неге қат? Жұрт неге сабылып кетті? Мұны ретке келтіру менің құзыретіме кіреді-ау...» деп ойланбаған сияқты.

Ең сорақысы, СҚ-Фармацияның қоймасындағы дәрілерді кім үшін сақтағаны белгісіз. Дәрінің жеткіліксіздігін көре тұра ел-жұрттың табанынан тауысып іздеген дәрісін қоймаға тығып қою кімнің жымысқы әрекеті? Бұл кәдімгі қылмыс емес пе? Журналистерге елорда маңындағы дәрі тола қоймада сұхбат берген «СҚ-Фармация» компаниясының басқарушы директоры Қанат Иманбердиев «бізге ауруханалардан тапсырыс түссе, бір-екі аптада бәрі таратылады» дегенде, кімді кім ақымақ қылғанын түсінбей дал болдық. Дәл осындай қорап-қорап дәрі қаңтарылып тұрған қойма Алматы қаласында да бар екен. Сонда жергілікті әкімшілік пен аурухана басшылары қоймадағы бар дәріге неге тапсырыс бермеген? Бұған кім жауап береді?

Анасын жоқтаған қыздың жанайқайы

Отандық медицинаның жемқорлыққа белшесінен батқаны жасырын емес. Әсіресе, еліміздің кейбір өңірінде көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұр. Шымкент қаласының 28 жасар тұрғыны Айжан Ергешова анасының пневмонияға шалдыққаны туралы Фейсбук әлеуметтік желісінде жазған-ды. Ол күн сайын өзі бетпе-бет келген мәселені ашық айтып, дәл қазіргі медицинаның бүгінгі кейпін бүкпесіз сипаттап берді. Айжан алғашқы жазбасының бірінде:

«Анамда пневмония. Жедел жәрдем шақырып едік, дәрігер: «Қазір бәрібір ешқандай аурухана қабылдамайды, жансақтау бөлімінде орын жоқ. 1-2 орын болады, оны да тек тамыр-таныстарына береді. Егер таныстарыңыз болса, хабарласыңыздар. Анаңызды қинағанша, бар шындықты айтайын деді. Сол күйі алмай кетті. Қандай таныс бар, бәрін салдық. Сөйтіп, Shymkent Interteach жекеменшік компаниясының жедел жәрдемін 15 мың теңгеге шақырып, провизорлық стационарға жатқызып, оттегіге қосты. Дәріні де өзіміздің сатып алуымызды талап етті. 6 мың теңге тұрған «Меропенем» дәрісінің 10 данасын 18 мыңға алдық. Ауруханаға өз қолыммен 17 дана «Дексаметазон», 16 дана «Эуфилин» және 1  оттегі баллонын апарып бердім» десе, кейінгі бір жазбасында: «Анамды Асардағы модулды аурухананың жансақтау бөліміне апарды. Сол күні түнде анам қайтыс болды. Інім жансақтау бөліміне кірсе, анам ес-түссіз жатыр екен. Қараса, біздің 250 мың теңгеге сатып алған оттегі баллонын басқа адамға қосып қойыпты. Жүгіріп барса, бітіп қалған екен. Айналасы 5 минуттың ішінде анама ауа жетпей тұншыққан. Жаным, анашым, кислородты жұлып алғанда қандай күйде болды екен? «Менің анамды қолдан өлтірді» деп мәлімдеймін. Ол небәрі 51 жаста еді. Кенже қызы 8-де ғана» деген.

1988 жылдан бері медицина саласында еңбек еткен анасының індетті даладан емес, жұмыс орнында, не болмаса көрші-қолаңға дәрі егіп жүріп жұқтырғанын айтып, жаны шырылдаған қыз кінәлілер жазалануы тиіс дейді. Ол бұл істі соңына дейін апаратынын жеткізді.

Бұл бір ғана мысал. Жақынына дәрі тауып бере алмай, жанын шүберекке түйіп жүргендер қаншама. Оның ішінде реанимацияда өкпені желдететін құрылғы тұрмақ, оттегі баллонының жоқтығынан ауа жетпей тұншығып жатқандарды қайда қоямыз?! Сөйте тұра, жан-жақтан гуманитарлық көмек ретінде келіп жатқан дәрі-дәрмекті қоймаға кім және не үшін сақтаймыз?

Жалған көрсеткіш жарға жықпай ма?

Енді келіп кез келген әкімдік «бәрі бар, бәрі жеткілікті» дейді беттері бүлк етпестен. Тіпті, дәрі іздеп, сенделіп кеткен Алматы жұртын байқамағандай кейіп танытқан қала әкімі Сағынтаев: «105 дәріханаға өте қажет  препараттардың 41 түрі тұрақты жеткізілуде. 1 шілдеден бастап дәріханалар әлеуметтік маңызы бар 581 мың дәрі-дәрмек қаптамасын алды. Жалпы, бүгінгі күні 105 дәріхана мен жеткізушілердің қоймаларында 1,8 млн қаптамадағы қажетті  дәрі-дәрмек бар» деп көлгірсіді.

Әкімнің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев дәрі-дәрмекке қатысты онлайн брифингте: «1 шілдеден бастап Алматы дәріханаларына 900 мыңға жуық дәрі жеткізілген. «Одан бөлек күнделікті бүкіл компанияларда, дәріханалар қоймасында да дәрінің біздегі қорына мониторинг жасап отырмыз. 846 мың дана дәрі бар. 1 ай көлемінде 3 млн 685 келісімшарт жасалған. Парацетамолдың 185 мың данасы бар. 16 шілдеден бастап ай соңына дейін 2,2 млн қаптамасы келеді. Сондықтан кейбір азаматтардың дәрі жоқ деп дабыл қаққаны шындыққа сәйкеспейді», – деді онсыз да күйініп отырған жұрттың жүйкесіне тиіп. Бұған дейін қайда еді бұл дәрілер? Сонда дәрі жеткілікті деңгейде болса, жұрт неге зар илеп жүр? Осындай жалған көрсеткіштің не керегі бар?

Әйтеуір «Көп түкірсе – көл» демекші, жұрт біріне қажетті дәріні екіншісі тауып беріп, жәрдем беруде. Одан бөлек қайырымды жандар шама-шарқынша ақша жинап, шетелден оттегі аппаратын сатып алып, бір жыртықты жамауға әрекет жасап жатыр. «Халық – Құдайдың бір аты» деген рас екен... Ал әкімдіктер еш қысылмастан жалған мәлімет айтудан алдына жан салар емес. 

Тегтер: