12 августа 2022 г. 18:59

«Біз ешқайда кеткен жоқпыз!» Назарбаевтың «төбе көрсетуін» сарапшылар осылай бағалады

Фото:

Бүгінгі күннің басты жаңалығы Орта Азиядағы ең үлкен мешіттің ашылу салтанаты болды. Бұған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің үзеңгілестерімен қатысты. Олардың қатарында Бердібек Сапарбаев, Амандық Баталов, Асқар Мамин, Қуаныш Сұлтанов та бар. Тіпті, Самат Әбішке қатты ұқсайтын адам да төбе көрсетті.

Бір қызығы, бұл мешіт іргесі қаланбай жатып, тарихи мәнге ие болды. Тәуелсіз Қазақстандағы тұңғыш биліктің ауысуына да жанама қатысы бар. 2019 жылы 60 мың адам сәждеге бас ұратын Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт салынады деп жария етілді. Кейін 30 мың адамға шақтап салмақ болды. Сол жылы 18 наурызда алғашқы кірпішін Назарбаевтың өзі қалады. Ертесіне Назарбаев «қызметінен кететінін, Тоқаевқа билікті беретінін» мәлімдеді.

«Ескі Қазақстанның» ығай мен сығайлары. Фотолар: ғаламтордан

Кейбір сарапшылар NEGE-ге «тұңғыш президенттің осы мешітке қайта ат басын бұруы кездейсоқ жайт емес» екенін айтты.   

Қазыбек Бейсебаев, саясаттанушы:

Бұл – Қазақстан халқына, қазіргі Президентке берілген белгі

– Ашылу салтанатына президент келсе, онда мұның жөні бөлек. Көшелерді жауып, ғимаратқа өзге адамдарға кіргізбеуі – заңдылық. Ал бұлар – қазір қарапайым адамдар. Ешқандай лауазым иелері емес. Мешіттің ашылу салтанатына көптің бірі болып қатысуына ешқандай кедергі жоқ. Бірақ бәрі басқаша өтті.

Меніңше, бұл – Қазақстан халқына, қазіргі Президентке берілген белгі. «Біз ешқайда кеткен жоқпыз» дегенді ұқтыруды көздейді. Қазақстандағы саяси жүйенің ерекшелігі сол, билік тек қана бір адамның қолында шоғырлануы тиіс. Басқаша болуы мүмкін емес. Тоқаев билікті алғанымен, күш басқа жақта.

Балташ Тұрсынбаев, саясаткер:

«Мешітті ұрылар салады»

– Бұл жөнінде көп адамдар пікір білдіріп жатыр. Ортақ пікір біреу – дамыған елдің қатарына қосылғымыз келсе, онда «Орталық Азиядағы ең үлкен мешітті салдық» деп  мақтанбауымыз керек. Мақтансақ, «келешекте ғылымға, дамуға көмектесетін үлкен зертхана аштық» деп мақтанайық.

Қазір көп жерде балалар үш ауысым бойынша оқуға мәжбүр. Осы мешітке жұмсалған қаржыға жүздеген мектеп пен балабақша ашуға болады. Мешіт Астанада жеткілікті. Бүкіл Қазақстанда да аса қат емес. Бұл – ысырап.

Түркияда елші болып қызмет атқарып жүргенде түріктің бір саясаткер- ақсақалынан: «Неге мұнда мешіттің жанынан тағы бір мешіт сала береді?» –деп сұрағаным бар. Ол кісі: «Мұны салып жүрген – ұрылар. Әуелі ақша ұрлайды. Сосын о дүниеге барғанда тозаққа түспеуі үшін мешіт салады. Әйтпесе, бұл кімге керек?» – деп жауап берді.

Бізде де сол жолға түсіп кетті. Назарбаевты мен ғана ұры деп айтып отырғаным жоқ. Халықтың 99 пайызы солай деп ойлайды.

Жұма намазға қарапайым адамдарды кіргізбей, ығайлары мен сығайларын жинап алып, той жасап жүр. Бұл – «Мен әлі биліктемін. Нөкерлерім, міне! Керек болса, билікті қайта қолымызға аламыз!» деген сөз. Басқаша дәнеңе де емес.

Ермұрат Бапи, журналист:

Билікте «Назарбаев қайтып келе ме?» деген қорқыныш бар

– Меніңше, қазіргі президент Тоқаев әлі де көп кібіртіктеп жүр. Қаңтар айынан бері ғана өзін президент ретінде сезіне бастады. Ісінен гөрі сөзі көп болып жүргені – Назарбаевтың мысы басып, елдегі саяси жағдайға араласатыны.

Экономика секторы қазір Назарбаевтың кезінен қалған кадрлардың қолында. Тоқаев неге бұларды ауыстырмайды? Жемқор шенеуніктермен қалай Жаңа Қазақстан құрмақшы? Мешіттің ашылуы күштің, биліктің кімнің қолында екенін көрсетіп берді деп ойлаймын.

Қазіргі билікте «Назарбаев қайтып келе ме?» деген қорқыныш бар. Парламентте де, үкіметте де, басқа да орындарында осы үрейден туындайтын саботаждық әрекеттер көрінеді. Қаңтар оқиғасы Тоқаевқа үлкен мүмкіндік беріп еді. Елді күрт өзгертуге, батыл реформалар жасауға. Әлі күнге дейін кәдеге асыра алмай отыр. Мұның себебі екеуара жасалған уағдаластық болуы мүмкін.

Назарбаев әулетінің шенеуніктері, армиясы, сәләфит-уахаббистері бар. Олигархтары – өз алдына. Машкевич бастаған ERG менеджерлері елге қайта келіп, иелігіндегі өндіріс орындарында бой көрсете бастады.

Тоқаев батыл түрде люстрациялық өзгеріс енгізуі керек еді. Ол жоқ. Ал елде қымбатшылық күшейіп барады. «Биліктен кеткен тұлғалар реваншизмге барып, Қаңтар оқиғасын тағы ұйымдастыра ма?» деген күдігім бар. Тоқаевтың мұндай қатерді сезе ме, жоқ па, білмеймін. Өз басым, сеземін.

Тегтер: