17 сентября 2025 г. 13:37

«Дубайдағы пәтерлерін сатқан...» – Экс-әкім Амандық Баталов НЕГЕ алимент төлеуден қашып жүр?

Фото: Коллаж NEGE

Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында талдықорғандық келіншек Қарлығаш (белгілі себептермен есімі өзгертілді – ред.) NEGE-ге сұхбат беріп, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталовтан бала тапқанын, бірақ бұрынғы әкім алиментті дұрыс төлемей жүргенін мәлімдеген болатын. Бұл іске қатысты жуырда тағы бір жайт белгілі болды.

Кейіпкерімізге қызының әкесі Амандық Баталов екенін дәлелдеу үшін 1,5 жыл уақыт кеткен. 2022 жылы сот Баталовты қыздың әкесі деп танып, алимент төлеуге міндеттейді. Бірақ Баталов қазір 171 мың теңге алатын зейнеткер ретінде қызына 42500 теңге төлейді екен. Алайда Қарлығаштың айтуынша, экс-шенеуніктің есепшотында миллиардтар айналып жатқан көрінеді. «Баталов 42 500 теңгеден артық ақша төлегісі келмей, табысын жасырып жүр», – дейді ол.

Биылғы жылдың 17 шілдесінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты арызданушы Қарлығаштың талап арызын қанағаттандырып, жеке сот орындаушысының қарызды анықтаудан бас тарту туралы қаулысын бұзған. 

Мәселе былай: 2024 жылы 25 қаңтарда борышкер А.Баталовтың екінші деңгейлі банктегі есепшотына 85 млн теңге, 15 сәуірде 447 млн теңге түскен. «Халық банктің» дерегіне қарағанда, 2024 жылы 15 сәуірде борышкер бір есепшоттан екіншісіне 85 млн теңге аударған. «Forte Bank» есебінше, 25 қаңтарда А.Баталовтың шотына Бағда Баталова (А.Баталовтың жұбайы – ред.) 447 млн теңгені «күйеуім Амандық Ғаббасұлы Баталовқа қайтарымсыз көмек» деген мақсатпен аударған. Осылайша Баталовтың шотына миллиондаған теңге «қайтарымсыз көмек» түскен. 

Фото: NEGE

Егер бұл қаржы А.Баталовтың табысы болса, заңды қызының еншісін беруі керек қой? Алайда жеке сот орындаушы Н.Жаданов қарызды анықтау туралы арызды қанағаттандырудан бас тартады. Міне, осы қаулыны 17 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты бұзды.

Дубайда сатылған пәтерлер

А.Баталовтың қызына қанша алимент төлеуі керек екенін жеке сот орындаушы анықтауы керек. Бірақ А.Баталовтың адвокаты А.Қанатов осы шешімді бұзу жөнінде Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсірген. Адвокат былай дейді: «2024 жылы 15 сәуірде А.Ғ.Баталов 85 385 077 теңгені өзінің депозитінен картасына аударған. Яғни бұл ақша Баталовтың шотына алимент өндіру уақытынан бұрын түскен. Сондықтан бұл сома алимент өндіруге жатпайды.

Екінші сомаға қатысты (447 млн теңге). 25.01,2024 жылы А.Ғ.Баталовтың шотына жұбайы Б.Т.Баталовадан 447 млн теңге түскені рас. Бұл ақша БАӘ Дубай қаласындағы пәтерлерді сатудан түскені анықталды. Бұл пәтерлерді Баталовтар отбасы 2008 жылы сатып алып, Баталовтың жұбайы Б.Т.Баталованың атына рәсімдеп қойған».

А.Баталов 2001 жылдан 2008 жылға дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болды. 2008 жылдан 2014 жылға дейін бірінші орынбасарар болды да, 2014 жылы әкім боп тағайындалды. Осыны есепке салсақ, Баталов әкімнің көп орынбасарларының бірі бола жүріп Дубайдан қымбат пәтерлер сатып алғанын көреміз. «2008 жылы әкімнің орынбасары А.Баталов Дубайдан қымбат пәтерлер сатып алуға ақшаны қайдан алды?» деген заңды сұрақ туады. Бірақ бұл басқа зерттеудің тақырыбы... 

Жоғарыда А.Баталовтың адвокаты Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсіргенін айттық қой, 27 тамызда Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымды қарауды бастады. Сот отырысы офлайн форматта, ашық өтіп жатыр. Алайда сот отырысында тараптарды суретке түсіруге, аудио және видео жазба жасауға тыйым салынды.

Қарлығаштың адвокаты Гүлшат Азаматованың айтуынша, бірінші сатыдағы сот олардың талабын қанағаттандырып, 447 миллион және 85 миллион теңге көлеміндегі белгілі бір табыс түрлерін А.Баталовтың кірісі деп таныған. Алайда А.Баталов бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіріп отыр.

«Бұл іс екі айдан астам уақыт бойы қаралып келеді. Егер шешім маусымның 16 немесе 17-сінде шыққан болса, бүгін қыркүйектің 16-сы, яғни арада үш ай өтті деген сөз», – дейді адвокат Г.Азаматова.

Г.Азаматова, адвокат:

Баталов ұлына 1 миллиард 154 миллион теңге көлемінде ақша аударған

Адвокат Г.Азаматова. Фото: NEGE

27 тамызда басталған апелляциялық сот екі рет медиация жасауға, яғни мәселені бейбіт түрде шешуге уақыт берді. 27 тамыздағы сот отырысында медиацияға 10 күн уақыт берілсе, 10 қыркүйектегі сот отырысында тағы 6 күн берілді. Бірақ тараптар өзара келісе алмаған. 

«Бізге, дәлірек айтқанда, Баталовтың тарапына екі рет медиация жасауға уақыт берілді, алайда олар бұған келіспеді. Бізге емес, оларға уақыт берілді. 447 миллион теңге көлеміндегі қаражат – Баталовтың жұбайы оның атына аударған ақша. Төлемнің мақсаты ретінде «қайтарымсыз материалдық көмек» деп көрсетілген. «Қайтарымсыз» сөзі сыйға тарту дегенді білдіреді. Қарсы тарап қазір бұл жазба қате жасалғанын дәлелдеуге тырысып, касса операторының сөзіне сүйенуде. Айта кетейін, Баталов ұлы Әлібек Баталовқа да 1 миллиард 154 миллион теңге көлемінде ақша аударған. Ол жерде де «қайтарымсыз көмек» деп көрсетілген. Бұл белгілі бір тұлғалардың салық төлеуден жалтарып жүргенін меңзейді. Себебі мұндай аударымдар кіріс ретінде танылмаса, оларға салық салынбайды.

Қазір қарсы тарап Дубайдағы жылжымайтын мүлік 2008 жылы сатып алынып, 2023 жылы сатылғанын және ол ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болғанын дәлелдеуге тырысуда. Бірақ біздің айтқымыз келетіні ол кезде Баталов Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Сөйте тұра ол осы мүлікті ешқашан декларацияламаған. Сотта Баталовтың жұбайы Б.Баталованың декларациясы ұсынылды, онда ол бұл мүлікті өзі декларациялағаны жазылған. Бірақ айта кету керек, декларацияны толық та, ішінара да тапсыруға болады. Егер ол декларация тапсырса, онда Баталовтың өзі де тапсырды дегенді білдірмейді. Бұл мүлік Баталованың жеке меншігі болуы да мүмкін. БАӘ заңнамасына сәйкес, бизнестің жеке қаражатына алынған мүлік жеке меншік болып саналады. Сондықтан біз бұл уәжбен келіспейміз», – дейді адвокат.

Ал қарсы тарап бұл қаражаттың табыс емес екенін дәлелдеуге тырысып жатыр.

«Олардың (А.Баталовтың – ред.) өкілі сотта «табыс» пен «пайданы» шатастырып отыр. Пайда – табыстың бір түрі, бірақ табыс әрқашан пайда бола бермейді. Табыс кейде минусқа да шығуы мүмкін. Бірақ кез келген табыс көзінен алынған қаражат салыққа жатады. Салық заңнамасында «салық салынбайтын табыс» және «салық салынатын табыс» деген ұғымдар бар. Ең маңыздысы – табыс деп танылуы. Заңда алимент өндірілмейтін табыстардың нақты тізімі ғана берілген, ал қалған барлық табыс алимент есебіне кіреді», – деді адвокат Азаматова.

Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Адвокат Гүлшат Азаматова соттан әділ шешім күтіп отырғанын айтты.

«Менің ойымша, Баталов әкім болған кезде заңға бағынуы тиіс еді. Алайда бізге оның өзге табыстарын сот арқылы дәлелдеуге тура келді. Біз алиментті тұрақты сомада өндіруді сұрадық, бірақ біздің бұл өтінішіміз қанағаттандырылмады. Жетісу облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соты және облыстық апелляциялық саты да бұл шешімді қолдады. Бізде кассациялық сатыға жүгіну мүмкіндігі бар және біз бұл істің шешімін күтіп отырмыз. Біз қазірдің өзінде Баталовтың өзге табыстары бар екенін үш мәрте дәлелдедік. Олар 8 миллион теңге көлемінде алимент берешегін Halyk банк арқылы төледі. «ForteBank» бойынша бізге 18 миллион теңге берешек анықталды. Бұл соманы да біз жеке өндіріп алуды талап етеміз.

Баталов менің клиентіме, яғни өз қызына, айына 42 500 теңге алимент төлейді. Қазір бұл сома 44 000 теңгеге дейін өсті. Жыл сайын бұл сома индексацияланып, сәл көбейіп отырады. Бірақ бұл пандемия кезіндегі жәрдемақы сияқты жай ғана аздаған ақша. Мұндайға адам ұялуы керек. Өзінің туған баласына лайықты алимент төлей алмай, бізбен соттасып жүр. Ал сол уақытта ұлына «қайтарымсыз көмек» деп 1 млрд 154 млн теңге аударған. Бұл нені білдіреді? Демек, оның ақшасы бар. Бұл қаржы қайдан келді, деген сұрақтың туындауы заңды.

Біз әділ сот шешіміне үміттенеміз. Егер қажет болса, біз кассациялық сатыға да, Жоғарғы сотқа да, тіпті Конституциялық сотқа да жүгінуге дайынбыз», – дейді адвокат Г.Азаматова.

Апелляциялық сатыдағы сот отырысының қаулысы 23 қыркүйекте жарияланады.