252 сағатын ұшақта өткізген: Тоқаевтың биыл атқарған жұмысы қорытындыланды
Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл атқарған жұмысы бойынша есеп жариялады.
Астана, NEGE. Баспасөз хатшысының жазуынша, биыл президенттің сыртқы және ішкі саясат бағытындағы қызметі өте қауырт әрі жемісті өткен.
«2025 жыл елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруларға толы болды. Ең бастысы, халықтың тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер орын алды. Жаңа өндіріс орындары ашылып, қамба астыққа толды. Тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар салынып, көлік жолдары жаңартылды», – деп жазды ол Telegram-дағы арнасында.
Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің 9 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 50-ден астам өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени нысанды аралап көрген.
2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6 пайыздан асады деп болжанған.
«Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстан тарихында тұңғыш рет ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллардан асады. Ол жан басына шаққанда 15 мың долларды құрайдыі», – делінген президенттің баспасөз хатшысының жазбасында.
Биыл елімізде жалпы құны 1478,1 миллиард теңге болатын 185 жоба пайдалануға берілген. 22,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Өндіріс көлемі 2,3 триллион теңгеге жуықтайды.
2025 жылы президент Достық – Мойынты темір жолының екінші желісін, Қостанай облысындағы KIA Qazaqstan автокөлік зауытын іске қосты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Шымкент және Қызылорда әуежайының жаңа терминалдарын аралап көріп, Астанадағы Stadler Kazakhstan зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагонымен танысқан.
Еліміздің көлік-логистика әлеуеті
«Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін кеңейтіп, елімізді Еуразиядағы ірі транзит хабына айналдыруға жіті мән береді. 2025 жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа жолдардың ұзындығы – 1,9 мың шақырым», – дейді Руслан Желдібай.
Стратегиялық тұрғыдан маңызды күрежолдар қатарында Орталық – Батыс автомагистралы, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Доссор учаскелері бар. Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай құрылысы басталды. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Президент әуе арқылы жүк тасымалдайтын алғашқы ұлттық компанияны құру бастамасын қолдады.
2025 жылы ел нарығына бірқатар жаңа авиакомпания кірді. Бұдан бөлек, 35-тен астам жаңа бағдар, соның ішінде тұңғыш рет Шанхай, Гуанчжоу мен Мюнхенге тікелей рейстер ашылды.
Қызылжар – Мойынты екінші жолының, Алматы маңындағы айналма жолдың, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Ел аумағындағы 124 вокзалға күрделі жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Агроөнеркәсіп кешені
Руслан Желдібайдың мәлімдеуінше, жыл басынан бері аграрлық саладағы негізгі капиталға құйылған инвестиция 20 пайызға ұлғайып, 790 миллиард теңгеге жеткен. Соңғы үш жылда еңбек өнімділігі 37,3 пайызға артқан. Биыл елімізде алғаш рет ауыл шаруашылығына жеңілдікпен берілген несие көлемі 1 триллион теңгеден асты. Бүгінде ауылшаруашылық техникаларына ішкі сұраныстың 90 пайызын отандық өндіріс қамтамасыз етеді. Еліміздегі 10 зауытта әлемге белгілі брендтердің 19 түрлі техникасы құрастырылады. Агроөнеркәсіп өнімдері 70 елге экспортталады. Оның жалпы құны 5 миллиард доллардан асады. Биыл диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Ел қамбасын толтыруға барлық өңір атсалысқан.
Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту саласына келсек, баспасөз хатшысы биылғы Жолдауында президенттің Қазақстанды алдағы үш жылдың ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойғанын еске салды. Осы орайда елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, Alemai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, Астанада Аlemcloud ұлттық суперкомпьютері ресми түрде іске қосылды, Алматыға екінші Al‑Farabium суперкомпьютері жеткізілді, студенттерге арналған AI-Sana бағдарламасы басталды. Соның арқасында қазірдің өзінде 440 мыңнан астам студент ЖИ саласын меңгерген.
Биыл мемлекет басшысы 95 заңға, 388 жарлыққа қол қойған. Олардың қатарында Бюджет, Салық, Су кодекстерінің жаңа редакциялары мен «Жасанды интеллект туралы» заң да бар.
«Сонымен қатар президент "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңға, сондай-ақ "Алатау қаласына даму қарқыны озық қала" арнаулы мәртебесін беру туралы" жарлыққа қол қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімдері экономикалық өсімнің жаңа ортасын қалыптастыруды, Түркістанды мәдени-туристік орталыққа, ал Алатау қаласын жоғары технологиялық индустриясы бар, іскерлік хабқа айналдыруды көздейді», – деп жазды Желдібай.
Оның мәліметінше, бір жыл ішінде президент 23 рет шетелге шыққан. Оның ішінде Ресейге және Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. ҚХР, Иордания, Түркия, Қырғызстан және Жапония секілді елдерге 5 ресми сапар ұйымдастырылды. Ресей (екі рет), АҚШ (екі рет), Түрікменстан (екі рет), БАӘ, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты мемлекеттерге 16 мәрте жұмыс сапарымен барды.
Руслан Желдібайдың жазуынша, бір жыл ішінде президент өңірлерге және шет мемлекеттерге жасаған сапары барысында 168 960 шақырым жол жүріп, 252 сағат уақытын ұшақта өткізген.
Халықаралық кездесулер кезінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалған.