20 Сәуір 10:29

Ashyq қосымшасы: статусты тексеру үшін арнайы сервис іске қосылады

Фото:

Мекеменің QR-кодын сканерлегеннен кейін келген адамның статусы түрлі-түсті форматта көрсетіледі.

Алматы, NEGE. Егер «қызыл» немесе «сары» статус шықса, клиенттер мекемеге кіргізілмейді

  Қазақстандықтар Ashyq қосымшасы бойынша өз статусын жақын арада іске қосылатын сайтта тексере алады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.

«Біз Ashyq жобасындағы статусқа байланысты халық тарапынан сұрақтар көп екенін ескеріп, арнайы сервис әзірледік. Оның сілтемесі бүгін-ертең БАҚ-та жарияланады. Кез келген адам оған кіріп, бейтарап QR-код арқылы өзінің статусын тексере алады» – деді Тұрысов брифингте.

Айтуынша, статусты тексеруге мүмкіндік беретін сервис мобильді қосымша емес, сайт. Оған кірген кезде QR шығады. Телефонға Ashyq қосымшасын жүктеп, сол QR-кодқа апарса, адамның статусы көрсетіледі.

Ashyq мобильді қосымшасы қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеп, кәсіпкерге коронавируспен ауырған адамдар туралы ақпарат береді. Қандай да бір мекемеге кірмес бұрын пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді де, оны кіреберісте тұрған әкімшіге көрсетеді. Код әлгі адамның статусын анықтайды. Азаматтардың статусы денсаулық сақтау министрлігіндегі мәліметтер базасымен салыстырғаннан кейін белгілі болады.

Мекеменің QR-кодын сканерлегеннен кейін келген адамның статусы түрлі-түсті форматта көрсетіледі.

«Қызыл» статус – адам вирус жұқтырды деген сөз. Мұндай статустағы адамдарға қоғамдық орындарға кіруге тыйым салынған;

«Сары» статус – келушінің ауру жұқтырғандармен байланыста болғанын білдіреді;

«Көк» түс шықса, ПТР-тест міндетті саналатын орындарды қоспағанда, жүріп-тұруға ешқандай шектеу жоқ деген сөз;

«Жасыл» түс ПТР-тест тапсырып, нәтижесі теріс шыққан адамдар үшін жанады;

«Қызыл» немесе «сары» статус шыққан клиенттер мекемеге кіргізілмейді.

Ashyq жобасына 21 сәуірден бастап облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдар, бильярд клубтары, концерт залдары; ал 5 мамырдан караоке, «жасыл» аймақтағы банкет залдары қосылады.

Тегтер: