Жамбыл облысындағы әскери қойма жарылысына қатысты дүйім жұрт өз пікірін айтып жатыр. Өз басым соңғы кезде кез келген тақырыпта пікір айтқыш «әмбебап» сарапшылардың сөзіне емес, тәуелсіз әскери мамандардың пікіріне тоқтаймын. Билік те өз қорытындысын шығарар. Айыптылар жазаланар.
Ең алдымен, екі жыл бұрынғы Арыстағы жойқын жарылыс кезінде президент Тоқаевтың үкіметке берген екі тапсырмасының НЕГЕ орындалмағынын анықтау керек сияқты. Сол кезде президент: «Әскер қоймаларындағы барлық оқ-дәрінің қауіпсіздігін тексеріңдер және ондай қауіпті нысандар елді мекендерге жақын орналаспауы керек», – деген нұсқау берген еді.
Сол тапсырма орындалса, Тараз маңындағы әскери бөлімде жойқын жарылыс болмас еді, 15 адам қаза таппас еді ғой!
Бірақ... Мәселе тек қана қоймалардың, ондағы атам заманнан сақталып жатқан оқ-дәрі арсеналының тозғандығында емес.
Шынымен де бізде бәрі тозған!
Мәселен, Совет үкіметі кезінде салынған инфрақұрылымды – құрылыстар, жер асты мен үстіндегі су, жарық, жылу, кәріз жүйелері, мұнай мен газ құбырларын алайықшы. Мамандардың айтуынша, олардың 60-70 проценті ілдәлап тұр, әбден іріп-шіріген. 100 шақырым құбырға орташа алғанда 200 технологиялық кінәраттан, нормаға сәйкессіздіктен келеді екен! Бұл дегеніңіз, желі әрбір 500 метр сайын шұрық тесік не басқа ақауы бар деген сөз!
Көшеде келе жатып, аяқ астыңызда дәл сондай тоз-тозы шыққан тұрба жатқанын, оның кез келген сәтте бұрқ етіп, жарылып, суы не буы аспанға атқылайтынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші!
Фото: ғаламтордан.
Ескі-құсқы пойыздарымызды алайық. Күн сайын мыңдаған адам мінетін ол вагондардың сұрықсыз жағдайын айтудың өзі ұят.
Атам заманнан қалған аудан, ауыл аралық жолдарды немесе совет дәуірінен келе жатқан лифтілерді айтсам ше?
Тіпті шетелдік деген машиналардың да «б/у-шныйын» мініп жүр емес пе, «иномаркам» бар» деп мақтанған миллиондаған қазақ?! Біреудің астында тозған «мерседес» не «тойота», әрине, «жигулиден» жақсы, бірақ ол да ескірген көлік. Автоның судай жаңасын ала алатындардың саны мен санаты белгілі ғой баршаға.
Сол тұрғыдан алғанда біздің оқ-дәрі қоймалары да, ондағы арсенал да бағзы заманнан қалған, ал жаңасы – технология жағынан артта қалған, әскери саласы жемқорлықтан көз аша алмай келе жатқан Ресейден емес пе?! НЕГЕ біз қару-жарақ, оқ-дәрі жағынан бір елге телініп қалдық?
Елімізде 44 әскери қойма бар екен. Олардың жағдайы Жамбыл облысындағы қоймадан жақсы деп кім айта алады?!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол: бұл бір қоймадағы жарылыс емес, бұл – жүйелік жарылыс!
Қоймадағы оқ-дәрі ғана емес, бізде саяси жүйе толығымен тозған, іріп-шіріген, оны пайдалану мерзімі баяғыда-ақ өтіп кеткен!
Ол жүйенің басты белгілері көз алдымызда: саяси жүйенің ауыспауы, содан туындайтын жауапсыздық, жемқорлық, жағымпаздық! Міне, кеше ғана Жамбыл облысында қаза тапқан азаматтар тозған жүйенің осы сұмдық салдарының құрбаны болды.
Фото: Instagram/taraz_v_obektive
Әрине, бәріне нақты шенділер кінәлі. Олардың жауапкершілігін майшаммен қарау керек екендігіне дау жоқ.
Бірақ, біз, қоғам да, өзімізге сын көзбен қарауымыз қажет сияқты.
НЕГЕ біз осындай қайғылы оқиға болса, екі-үш күн әлеуметтік желіде желқұйын дақпыртқа салынып, желігіп, улап-шулаймыз да, сосын... ұмытып кетеміз, түк болмағандай жүре береміз?
НЕГЕ біз осы күнге биліктің әрбір шешімі мен қадамын жіті бақылап, ешкімнің бет-жүзіне қарамастан, әділ баға беретін қоғамдық институттарды құра алмай келеміз? Мәселен, қызметтік құпиясы бар әскери салаға мықты бақылау жасайтын парламенттік комитет не комиссия қайда? Оның басында кім отыр? Ол тұлғаның Қорғаныс министрін не басқа да күштеу органының басшысын шақырып алып, есеп талап ете алатындай қауқары, саяси салмағы бар ма?
Мәселен, оқиға себептерін анықтауға тиіс үкіметтік комиссия құрылды. Қарап отырсаң, оның құрамында ымы-жымы бір шенділер ғана. Тәуелсіз сарапшылар, қоғам өкілдері қайда?
«Қарға қарғаның көзін шұқымайды», сондықтан да мұндай қадағалау ұйымдарында бір партияның шекпенінен шыққандар ғана емес, басқа, билікке уәжді де орынды сын айта алатын, ықпалды саяси күштер өкілдері болуы тиіс!
Мәселен, осы күндері әлеуметтік желідегі барша жұрт «Арыстағы апаттан кейін тиісті қорытынды шығармаған» министрге шүйлігіп, отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Дұрыс делік. Бірақ, қоғамның осы ойын парламент мінбесінен айта алатын саяси күштер бар ма?
Олар неге жоқ?
Карикатура: Роберт Саакянц Продакшн
Біз, оппозиция, болсақ, сайлау кезінде бірлесіп қимыл-әрекет жасаудың орнына, бір-біріміздің артымызды шұқылап, қаралап-күйелеп, өзімізбен күресумен әлекпіз. Соның салдарынан легитимді (заңды) алаңға шыға алмай келеміз.
Егер де парламент құрамында мықты оппозициялық фракция болғанда, ол депутаттар Арыстағы трагедиядан кейін-ақ екі жыл бойына әскери саладағы жағдайға нағыз халықтық бақылау орнатқанда ше? Ол депутаттар министрден бастап жағалары мен жұлдыздары жайлауға кеткен генералдардан мықтап есеп алып, жабулы... қойма жабулы күйінде қалмағанда, бәлкім, Жамбылдағы жарылыс болмайтын ба еді, кім біледі?!
Бір сөзбен айтқанда, жүйе техногендік жағынан ғана емес, қоғамдық-саяси жағынан да жарылыс алдында!
Сондықтан дамыған елдерден қандай озық технологияларды әкелсек, дәл сондай озық демократиялық құндылықтар мен дәстүрлерді де қоса алып келіп, өз қоғамымызда орнықтыруымыз қажет.
Ол үшін бірді-екілі саланы емес, тұтас жүйені жаңалуымыз керек!
Сонда ғана қоймаларда ғана емес... қоғамның өзінде болуы ықтимал жарылыстардың алдын аламыз.