26 Қазан 20:09
...

Жүгері өндірісінде көшбасшы ауданның тамыры қайта соқты ма?

Фото:

Жазиралы Жаркент өңірі табиғатымен ерекше. Төрт мезгілі де шаруаға жайлы. Қол қусырып отырған жұрт жоқ. Шекаралық аймақ тұрғындарының бір бөлігі ауыл шаруашылығын кәсіп етсе, енді бір бөлігі көрші Қытаймен сауда-саттық жасауға машықтанған. Тіпті, статистикаға көз жүгіртсек, жұмыссыздық деңгейі де салыстырмалы түрде төмен. Бұған өткен аптада Панфилов ауданының тыныс-тіршілігімен танысуға барған бір топ журналист куә болды.

Әдетте кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жергілікті халықтың көңіл-күйінен аңғарасың. Қанша жерден «біздерде мынадай бар, мынадай бар...» деген қағаздағы жаттанды есепті тыңдасаң да, шынайы болмысты сол жердің адамдарының түр-тұлғасы айтып тұрады.

Панфилов ауданы шекарасына өтіп, Жаркент қаласына табан тигенде бізді аудан әкімдігінің қызметкерлері мен елге сыйлы азаматтары қарсы алды. Жасы да, жасамысы да ауданның бүгінгі келбетімен барынша таныстыруға асығып жатты. Осы өңірде туып-өскенін, қызмет ететінін мақтан тұтатыны жүздерінен анық көрінеді. Тіпті, тағайындалғанына 1 жыл 4 ай болған аудан әкімін мақтай жөнелгенде алғашқы өрекпіген көңіл су сепкендей басылған. Алайда, көзінше баға бергеннен гөрі сыртынан жақсылығын айтқанның әбестігі жоқ екенін әкімнің туған жері үшін атқарып жатқан жұмыстарына көз жеткізгеннен кейін түсіндім.    

Тозығы жеткен әлеуметтік нысан көп

     Елдің дамуы – біліммен өлшенетін заман. Біз әлемдік өркениетке білім мен ілім арқылы қол жеткізе аламыз. Бұл жағынан аудан аздап ұяттылау екен. Себебі, бұған дейін шекаралық аймақтағы елді мекендердегі білім ұяларына көңіл бөлінбей келген. Тіпті, салынғанына 60-70 жыл болса да, күрделі жөндеу көрмеген мектептер баршылық. Жалпы, аудандағы 50 мектеп ғимаратының 35 пайызына күрделі жөндеу жұмысы ауадай керек. Ал әбден тозығы жеткен үш мектепті жаңадан салу қарастырылыпты. Бұл үш мектеп те 1938, 1956 жылы салынған. Ол ол ма, қазір Сұптай ауылының оқушылары бұрынғы балабақшада оқуға мәжбүр. Ал мәдениет үйі мен спорт кешені жоқ елді мекендерді айтпағанның өзінде, осы кезге дейін жолға асфальт төселмеген екен. Бұл көрсеткіш жабырқатса да, қолға алынып жатқан нақты шаруалар аз емес көрінеді.

Панфилов ауданының әкімі Марат Рахымбердіұлының айтуынша, бүгінде 5 мектептің жобалық-сметалық құжаты дайын. «Оның екеуіне ақша бөліне бастады. Ал аудан бойынша күрделі жөндеуді қажет ететін үш мектепке мемлекеттік қазынадан 3 млрд теңге бөлінді», – деді әкім.

Бір жылда үш ескі мектеп қайта салынып, пайдалануға берілген. Іргетасы сонау 1936 жылы қаланған Бөрібай би ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы мектеп қайта ашылғанда қуанбаған оқушы, ұстаз, ата-ана кемде-кем. Себебі, мектеп түгелдей заманауи құралдармен жабдықталып, білім алуға толықтай жағдай жасалған. Аудан әкімі де бұрын-соңды Жаркент өңірінде дәл осындай білім ордасы болмағанын жеткізді.

 Бұдан кейін «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынып жатқан  үш қабатты 1200 орындық мектепке көзайым болдық. Бұл мектеп те соңғы үлгіде бой көтерген. Екі спорт залы, 240 орындық акт залы, футбол, ойын алаңы бар. Мұнда таңертең кірген бала кешке дейін уақытын тиімді өткізе алады. Үй тапсырмасын осында орындап, қосымша түрлі үйірмелерге де қатысады.

134 мың халық тұратын ауданның жылдық бюджеті – 12 млрд теңге. Бұл 1 қала, 40 елді мекені бар аудан үшін мардымсыз. Сол себептен әкімдік мемлекет пен жекенің әріптестігі жүйесін оңтайлы пайдалануға көшкен.

Яғни, осы тәсіл арқылы мемлекет бос қалған ғимараттарды рәсімдеп, балабақша, спорт кешенін салуға қолдау жасамақ. Осы үрдістің нәтижесінде ауданда жекеменшік балабақша саны көбейіп, жалпы саны 12 мемлекеттік, 49 жекеменшік балабақша жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Н.Головацкий ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары бітуге таяу. Одан бөлек Алтыүй, Үлкен Шыған, Талды ауылдарына мәдениет үйлері салынып, кейбіріне ауқымды жөндеу жүргізіле бастапты.

Ал Жаркент қаласында бой көтерген Daraboz спорт кешені мен Үлкен Шыған ауылындағы 90 орынға арналған және Пенжім ауылындағы 100 орындық спорт кешені де таяу арада есігін айқара ашпақ. Тұрғындарды қуантқан тағы бір жаңалық – жергілікті халықтың денсаулығын сақтау мақсатында аудан орталығында заманауи аурухана салу жоспарға іліккен. 

«Дала аруының» отаны

Панфилов ауданындағы 50 мың гектар жердің басым бөлігі суармалы егістік алқабы. Бұл өңірдің халқы негізінен жүрегі дақылын өсіруге бейімделген. Аттың басын жүгері алқабына бұрған аудан әкімі Марат Сағымбек шаруалардың жай-күйін де ортаға салды. «Былтыр шрауалардың жағдайы жақсы болды.

Жүгерінің келісін 126 теңгеден өткізсе, биыл 70-75 теңгеге түсіп қалды. Өкінішке қарай, биыл Ресейден келіп жатқан соң жүгерінің бағасы бірден арзандап кетті. Қазір зауыт жүгеріні 15 пайыз ылғалдылықпен 80 теңгеден қабылдап жатыр.

Ал 15-22 пайыз ылғалдылықпен – 75 теңге, ал 22 пайыздан жоғарыны 70 теңгеден алуда. Әрине, шаруалар мемлекеттен әр келісіне 6 теңге субсидия, тыңайтқыш пен тұқымға қаржы алса да, біраз шығынға батып отыр. Техниканың қызметі де қымбат», – деді аудан әкімі.

Бүгінде 26 мың 750 гектар жүгері алқабының 30 пайызы орылды. Таулы аймақтарда жүгері кештеу піседі. Шаруа қожалықтары қалған 70 пайызды  жауын-шашын үдемей тұрып, жинап алуға кіріспек. «Өнім жақсы бағада өтсе, шаруаларға да жақсы. Ал олардың жағдайы жақсы болғаны бізге де керек» деген аудан әкімі мүмкіндік болса, көрші Қытайға жүгері өткізу жайында арнайы келісім-шарт орнататынын айтып қалды.  

Айтпақшы, жүгеріні суғару мәселесі де шаруаларға қиындық тудырады екен. Соған байланысты үш су қоймасын салу күн тәртібіне қойылыпты. Егер су қоймасы салынса, тамшылатып суғару әдісі қолданылмақ. Бұл әдіс суды үнемдейді, екіншіден өнімді екі есеге арттырады. «Мәселен, қазір бір гектар жерден 6-7 тонна жүгері алынады. Ал тамшылатып суғарудың нәтижесінде екі есе, яғни 14-15 тоннаға дейін өнім алуға әбден болады», – деді әкім.

6 мың тонна жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын қойма

Панфилов ауданы жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрі өсетін мекен. Мұнда сыйымдылығы 6 мың тонна болатын жеміс-жидек сақтайтын қойма сәл күнде пайдалануға берілмек. Әзірге қойманың 1 мың тонна өнім сақтайтын қауқары бар. Оған аудандағы ірілі-ұсақты 1100 бау-бақша иесі өнімін өткізеді. Ал сақталған жеміс-жидек пен көкөніс қыс айларында жергілікті базарларда саудаланады.

Бұл істі дөңгелетіп отырған кәсіпкер Аянат Тоқтағұловтың айтуынша, бұған дейін бағбаншылар жиған-тергенін қайда өткізерін білмейтін. «Сол кезде өнімдерді бұзбай сақтайтын қойма керектігі сезілді. Әуелгіде сыймдылығы 1 мың тонна еді. Енді 6 мың тонна өнім сақтайтын қойма ашуды көздедік. Жыл аяғына дейін іске қосылады. Мұнда біз өнімді сақтап қана қоймай, қайта өңдеуді де қолға аламыз», – дейді кәсіпкер.

Бұл тұрғыда аудан әкімі Марат Сағымбек: «Қазір бұл өнімдерді Алматы, Астана қаласынан, Жетісу облысы төңірегінен сатып алушы көп. Тіпті, Ресейден де тапсырыс береді. Бізде дәл осындай 9 қойма бар. Оған аудандағы 7 мың бау-бақша иесі өнімін жеткізіп тұр. Бұл өнімді сапалы сақтауға үлкен мүмкіндік» дегенді қоса кетті.

«Жаркентте өндірілген» өнім шетелге де эскпортталады

      «Жаркент крахмал сірне зауыты» ЖШС 2005 жылдан бері танымал. «Қазақстан-2050» стратегиясының ауыл шаруашылығының қайта өңдеу секторын дамытудағы бірінші кезектегі мақсаттары мен міндеттерін негізге алып, заманауи құралдар арқылы жүгеріні крахмалға терең өңдейтін жетілдірілген желісі бар жаңа зауыт іске қосылғалы «Жаркентте өндірілген өнім» деген атпен күнделікті тұтынатын біраз өнімді шығарып келеді. 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен кәсіпорын әртүрлі крахмал мен сірне өндіру, жүгеріні терең өңдеу сияқты жұмыстармен айналысады. Компания Қазақстанды ғана емес,  жақын және алыс шетелдердің кәсіпорындарының крахмал өнімдеріне деген сұранысын қамтып отыр.

Бүгінде крахмал өнімдері тамақ, кондитерлік, жеңіл, тоқыма, қағаз басып шығару, темекі, сыра қайнату және шырын өнеркәсібінде, сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісінде жоғары сұранысқа ие. Өндірілген өнімнің жалпы көлемінің 60 пайызын еліміздің өндірістік кәсіпорындары алады.

Олар «Рахат-Лотте» АҚ, «Алинекс» ЖШС, «Алматы Продукт» ЖШС, «Ақсай-НАН» АҚ, «Маслодел» ЖШС, «Хамле» ЖШС, «Kagazy Recicling» ЖШС. Ал «Karlsberg Kazahstan» ЖШС, «RG Brands Kazakhstan» АҚ және өнімнің 40 пайызы Ресейге, Қытайға, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға экспортталады.

 Зауыт өкілінің айтуынша, 2015 жылы жүгері өңдеудің өндірістік қуатын арттыру мақсатында астықты сақтауға арналған контейнерлер сатып алынған. «Өндірісті кеңейту үшін жүгері дәнінен клейковина өндіретін құрал-жабдықтар алынды. Бұл инвестициялар зауыттың өндірістік қуатын тәулігіне 150 тонна астық өңдеуге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда зауытты кеңейту, жаңғырту және жүгері өңдеу көлемін тәулігіне 300 тоннаға жеткізу үшін  1 800 000 000 теңгеден астам инвестиция салынды», – деді.

Сондай-ақ, кәсіпорын 2017 жылдың қаңтарында Орталық Азияда теңдесі жоқ глюкоза-фруктоза шәрбаты өнімінің жаңа түрін өндіруге арналған жаңа жабдық сатып алыпты. Қазір фабрикада 249 бірлік штаты бар кәсіби жұмысшы бригадасы бар. Үш мезгіл тегін тамақ, қызметкерлерді тасымалдау көлігі бар. Өндіріс ашылғалы бері ауылға бет бұрған жастар да көбейіп, туған жерін дамытуға білек сыбана кіріскен.

Оған дәлел – жұмысшылардың 95 пайызы 30 жасқа толмағандар. Орташа жалақы деңгейі 150 мың теңгеден асады. Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта еңбекақыны көбейтуден бөлек, қызметкерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуына қамқорлық жасамақшы.

Жүгері тұқымында шамамен 18 пайыз ақуыз, 8 пайыз крахмал, 10 пайыз қант, 10 пайыз минералды заттар бар. Жүгері дәнінің құрамындағы майдың 80 пайыздан астамы, ақуыздардың шамамен 20 пайызы және минералдардың 74 пайызы жүгері тұқымында шоғырланған. Бір ғана жүгеріден 14 түрлі өнім шығады. Олар:

1. Жүгері крахмалы

2. Жүгері глютені

3. Жүгері ұрығы

4. Жүгері кебегі

5. Жүгері майы

6. Жүгері торты

7. Жүгері сиропы

8. Мальтоза сиропы

9. Карамель сірнесі

Соның ішінде жүгері дәнінің тұқымынан алынатын өсімдік майы – жүрегі майына тоқталуға болады. Жүгері майын өндіру жүгері дәндерінің ұрықтарын нығыздау арқылы алынады. Күнбағыс майының анағұрлым пайдалы аналогы тағам дайындауға пайдаланады. Сондай-ақ, биодизель, майлау, сабын, бояу, нитроглицерин, инсектицидтер, фармацевтикалық препараттар жасау үшін және тоқыма өнеркәсібінде рөлі зор. Ал жүгері шәрбаты нағыз табиғи қант алмастырғыштың өзі. Жүгері шәрбаты спорттық және диеталық тамақтану үшін таптырмас тағам. Бұл тамақ өнеркәсібінде, әсіресе нан және тәттілер өндірісінде кеңінен қолданылады.

Панфилов ауданын аралаған бір топ журналист айына 5 млн дана қап тігетін «Универсал» компаниясына да бас сұқты. 400 адам жұмыс істейтін толықтай автоматтандырылған мекеме полипропилен шикізаты арқылы иірген жіптен қап тігіп, көрші елдерден түскен тапсырысты да орындайды. Сондай-ақ, жергілікті өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасына едәуір үлес қосатын «Алтынкөл» стансасындағы құрғақ порт арқылы биыл 9 айда 4 мың 285 мың 599 тонна жүк экспортқа жөнелтілсе, 5 млн тонна жүк импортталған. Ал Қытайдан әкелініп, қаз-қатар тізіліп тұрған 12 мың көлік өз иесін күтіп тұр екен. Бір ғана «Khorgos Gateway» құрғақ порты арқылы қаңтар айынан бері 55 мыңнан астам жаңа автокөлік кірсе, одан ел бюджетіне 54 млрд теңге табыс түскен. Жыл соңына дейін шекарадан өткен көлік 80 мыңға жетпек. Себебі, қазір Қорғас шығыс қақпасы арқылы кірген көліктің 10 пайызы бізде қалса, қалғаны Ресейге, Еуропаға, көрші Өзбекстанға жеткізіледі екен.    

P.S. Айтпақшы, осы сапарда тағы екі жағымды жаңалықты естіп қуандық. Оның біріншісі –​ Пенжім ауылы ономастикалық комиссияның шеші­мімен Атамекен болып ауысатын күн алыс емес. Екіншісі, Жаркент қаласы маңынан бөлінген 840 гектар жерге әуежай құрылысы басталмақ.  

Тегтер: