«Жер Елшілері»: Қазақстан жастарының экокөшбасшылыққа жолы қалай басталды?

Экология, көшбасшылық және қоғамдық жауапкершілік – қазіргі жастарды біріктіріп жатқан құндылықтардың жаңа үштағаны. Осы бағытта ерекше көзге түсіп жүрген бастамалардың бірі – «Жер Елшілері» қозғалысы. Бұл тек ағаш егу мен тазалық акцияларынан тұратын жоба емес, бұл – жас ұрпақты экологиялық сана мен азаматтық белсенділікке баулитын орта. Қозғалыс жетекшісі Алан Балтабайлы бұл бастаманың қалай пайда болғанын, бүгінгі жетістіктері мен Қазақстандағы экологиялық қозғалыстың даму бағыттары туралы NEGE тілшісіне баяндап берді.
– «Жер Елшілері» қозғалысы қалай пайда болды? Идея неден бастау алды?
– Бұл идея «Тұрақты даму» Жер қорының қажеттіліктерінен туындады. Өзім 2009 жылдан бастап тұрақты даму саласында жұмыс істеп келемін, ал 2014 жылы пікірлес, ниеттес достарыммен бірге осы аттас қоғамдық ұйым құрдық. Біраз уақыттан кейін нақты өзгерістер адамдардан басталатынын және мұны жастар қолға алу керек екенін анық түсіндім.
Осылайша, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған әрі тек бақылаушы емес, әрекет етуші болуға ниетті жастарға арналған «Жер Елшілері» қозғалысы дүниеге келді. Басында аз ғана бастамашыл топ едік, ал бүгінде қозғалысымызға республика бойынша жүздеген адам қосылды.

– Бұл қозғалыстың басқа да экологиялық бастамалардан ерекшелігі неде?
– Біз тұрақты даму, білім, халықаралық байланыс және спорт салаларының түйіскен жерінде жұмыс істейміз. Тек сенбілікпен шектелмейміз, бізде көшбасшылық тренингтер, форумдар, дипломатиялық кездесулер және экологиялық зертханалар бар.
Біздің басты мақсатымыз – ғаламдық деңгейде ойлайтын, жергілікті деңгейде әрекет ететін, жауапкершіліктен қашпайтын ұрпақ тәрбиелеу. Біз жаңа дәуірдің амбассадорларын қалыптастырып жатырмыз деп есептеймін.
– «Жер Елшілері» қозғалысы елімізге пайдасы бар қандай жобаларды іске асырды?
– Қозғалыстың ең ауқымды жобаларының бірі – «Ұлттық орман отырғызу күндері». Бұл жобаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар, біз «Жер сағаты» акциясын мемлекеттік органдар мен халықаралық серіктестердің қолдауымен Қазақстанда 16 рет өткіздік.
Тағы бір маңызды оқиға деп біздің амбассадорларымыздың Тайландта өткен жастар форумына қатысқанын айтуға болады. Олар БҰҰ аясындағы іс-шараларға қатысып, дипломатиялық тәжірибе жинады. Сондай-ақ, біз Оқу-ағарту министрлігімен, Жоғары білім және Экология министрліктерімен тығыз әріптестігіміз бар. Мемлекеттік органдардың қолдауымен ағаш отырғызу, экологиялық акциялар, оқыту семинарларын өткізіп жүрміз.
Қосымша айтауға тұрарлық келесі жетістігіміз – Жолтаптық ауылында Орталық Азиядағы алғашқы көміртегі полигонын аштық. Сонымен қатар, «Жастар Ассамблеясы» және жетекші жоғары оқу орындарымен түрлі меморандумдарға қол қойдық.

– Түрлі жобаларға қатысушыларда қандай талаптар қойылады? Үміткерлер қалай іріктеледі?
- Біз экологиялық сананы, көшбасшылықты, сыни ойлауды, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытамыз. Нағыз амбассадор – жауапкершілікті мойнына ала білетін, әрекет етуден қорықпайтын және басқаларды шабыттандыра алатын адам. Біз мектептермен, колледждермен, университеттермен тығыз жұмыс істейміз, форумдарға қатысамыз, ашық іріктеулер өткіземіз. Басты талап – шынайы ниет. Талапкер үшін сертификат емес, көзқарас пен ниет маңызды болуы керек.
– Өткен жылы қандай елдермен байланыс жасадыңыздар?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, өткен жылы біздің ең белсенді қатысушылар Тайландқа барып, халықаралық форумға қатысты. Бұл олардың көпшілігі үшін алғашқы шетелдік сапар болды. Биыл біз қатысушыларды Жапония, Швеция және Бразилияға жіберуді жоспарлап отырмыз. Қазір серіктестермен келіссөз жүріп жатыр.
Іріктеу қатысушылардың белсенділігіне, жобаның маңыздылығына және ұсыныстардың өзектілігіне байланысты жүргізіледі. Мысалы, Астана қаласының 9-сынып оқушысы Мәди Каримов қозғалыстың белсенді мүшесі болып, шетелге бару мүмкіндігіне ие болды.
Мәдидің өзі бұл жетістігіне ерекше қуанды. «Мен бұл қозғалыстың бір бөлігі болғаныма қуаныштымын! Мұнда атмосфера өте керемет, күн сайын өзімді дамытып жатқанымды сезінемін. Біздің ерікті еңбегіміз бағаланады. Бразилияға халықаралық форумға баратын болдым. Тәжірибе жинап, қызықты адамдармен танысып, өзімді дамытуға үлкен мүмкіндік туды», – дейді Мади.

– Қозғалыстың билылғы жоспарлары қандай?
– Ең басты мақсат – Республикалық немесе Халықаралық эколагерь ашу. Бұл эколагерь елдің түкпір-түкпірінен келген жастарға арналған даму, оқыту және жобаларын жүзеге асыру алаңы болады деп ойлаймыз. Сондай-ақ, біз әр өңірде белсенді амбассадорлар желісін құруды, онлайн оқыту платформасын іске қосуды және жаңа карбон полигондарын ашуды да жоспарлап отырмыз.
Қазақстанды Орталық Азиядағы жасыл ойлау көшбасшысына айналдыру да алға қойған нақты мақсаттарымыздың бірі. Болашақ саналы, жауапты және әділ қоғамның қолында деп сенеміз. Өйткені бүгінгі «Жер Елшілері» қозғалысының қатысушылары жай ғана еріктілер емес, олар мектептерде экоклубтар құрып, өз жобаларын іске асырып, тәлімгерлік жүйесін де дамытып жатыр.