«Жемқорлыққа жол ашады»: Ит-мысықтарды өлтіруді көздейтін заң несімен қауіпті?
Зооқорғаушылар бұралқы ит-мысықтарды аулағаннан кейін эвтаназиялау туралы ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы.
Астана, NEGE. Иесіз жануарларға қатысты енгізілмек өзгерістер қоғамда қызу пікірталас тудырды. Қазір қолданыстағы тәртіп бойынша ұсталған ит-мысықтар стерилизациядан өтіп, оларға екпе салынып, бұрынғы мекеніне қайта жіберіледі. Ал жаңа өзгерістерде мемлекет тарапынан вакцинация тоқтатылып, аулаған жануарды 5 күн ішінде иесі алып кетпесе, оны ұйықтату көзделіп отыр.

Бұл мәселеде қоғам пікірі екіге жарылған. «Стоп Отлов» қорының жетекшісі Мария Гребенкина Қазақстандағы еріктілер басқаратын жануарларды уақытша ұстайтын орталықтардың жұмысын үйлестіріп отыр. Оның сөзінше, өткен жылы орталыққа шамамен 7 мың жануар жеткізілген, соның 70 пайызы – күшіктер.
Ол мәжілісте депутат Еділ Жаңбыршин ұсынған нормаға сын айтып, эвтаназия мәселені шешпейді, керісінше ушықтырады дейді.
«Көшедегі ит-мысық санын өлтіру арқылы азайту мүмкін емес. Керісінше, бақылау әлсіреп, жемқорлыққа жол ашылуы мүмкін. Кейбіреулер жануарды ұстамай-ақ, қағаз жүзінде "эвтаназия қолдандық" деп есеп берумен шектелуі ықтимал», – дейді ол.
Сондай-ақ, ол вакцинацияны тоқтату қауіпті екенін айтады. Егер мұндай шешім қабылданса, адамдарды құтыру ауруына қарсы жаппай егу қажеттілігі туындайды.

Гребенкинаның айтуынша, ең тиімдісі – жануарларды өлтірмей, оларды стерилизациялау, екпе салу және бақылауда ұстау. Сонымен қатар азаматтардың жауапкершілігін күшейтіп, мемлекет пен зооқорғаушылардың бірлескен жұмысын жолға қою керек.
«Үй жануарларын бей-берекет көбейтуге жол бермеу қажет. Ал мемлекет нақты талаптар мен бақылау тетіктерін енгізуі тиіс. Осындай жүйелі жұмыс болса, бұл мәселені бірнеше жылда шешуге болады», – дейді маман.
Ал эвтаназияны қолдайтын депутат Еділ Жаңбыршин бір жануарды күтіп-ұстауға 74 мың теңгеге дейін шығын кететінін айтып, бұл қаражатты балалардың жағдайын жақсартуға бағыттау керек деп санайды.
- Тақырыпқа орай: Жаңбыршин өзін әлеуметтік желіде сынағандарды Жаңаөзенге шақырды
Қаржы мәселесіне тоқталған Мария Гребенкина олардың орталығы тендерден және қайырымдылықтан түскен ақшаға күн көріп өткенін айтады. Бір жануарды күтіп-ұстауға күніне шамамен 900 теңге жұмсалады. Бұл қаражатқа жем-шөп, су, коммуналдық төлемдер және қызметкерлердің жалақысы кіреді. Егер жануар орталықта 5 күн болса, оған шамамен 4500 теңге бөлінеді.
Жылына орталыққа бөлінетін қаражат шамамен 68 млн теңге. Алайда бұл жеткіліксіз. Себебі орталықтың айлық шығыны 15–20 млн теңгеге дейін жетеді.

Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Олжабек Холов жаңа нормаларға түсініктеме берді. Оның айтуынша, заңда көзделген 5 күн өткеннен кейін ит-мысықты бірден ұйықтату керек дегенді білдірмейді. Осы уақыт ішінде жануарды жаңа иесіне беруге немесе арнайы панажайға орналастыруға болады. Қажет болса, жергілікті билік бұл мерзімді ұзарта алады.
Министрлік өкілінің айтуынша, эвтаназия ауру немесе агрессивті жануарларға қатысты қолданылады. Ал дені сау жануар 5 күн ішінде иесін таппаса, ол да осы шараға ілігуі мүмкін.

Министрлік бұл өзгерістердің басты мақсаты – халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бюджет шығынын қысқарту екенін айтады.
Қазір елде 198 жануарларға арналған панажай бар. Бұл салаға бөлінетін қаржы да өсіп келеді: 2018-2019 жылдары 1 миллиардқа дейін бөлінсе, 2025 жылы шамамен 2,5 млрд теңге игерілген, ал 2026 жылы 3,5 млрд теңге қарастырылған.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа заң қабылданса, бұл салаға жұмсалатын бюджет 2–3 есе қысқаруы мүмкін. Соған сәйкес панажайлардың да табысы азаяды.