«Жасанды интеллект кәсіби маманды ауыстыра алмайды» – Халықаралық моушн-дизайнерден кеңес
Жаңа технологиялар Z буын заманауи мамандықтардың пайда болуына ықпал етті. Солардың бірі – моушн-дизайн (motion design). Мұнда ақпараттық технологияның жаңа бағыты, анимация, дыбыс, мәтін де бар. Мұнымен айналысатын маманды «моушн-дизайнер» деп атайды.
Моушн-дизайнерлер саны әзірге саусақпен санарлықтай ғана. Бұл мамандық сұранысқа ие, кез-келген телеарна, киностудия немесе бейне өндіріс саласы бұларсыз жұмыс істей алмайды. Моушн-дизайнер графикалық дизайн мен анимациядан бастап, драматургия, режиссура және әңгімелеу негіздеріне дейінгі көптеген дағдыларды біріктіреді. Жасанды интелект бұл мамандыққа әсері бар ма? Халықаралық моушн-дизайнер Данияр Өскенбаймен тілшіміз тақырыпты тарқатып көрді.
– Қай уақыттан бері халықаралық компаниялармен жұмыс істей бастадыңыз? Сізге қалай байланысқа шықты? Табысыңыз қанша?
– Жақсы көретін ісіммен айналысқандықтан, еңбектерімді әрдайым әлеуметтік желіге бөлісемін. Бастапқыда жақындарым қолдап жүрді, кейін қазақстандық блогерлер жұмыстарымды көріп, өз желілеріне сала бастады. Нәтижесінде видеоларым әлемдік ұсынысқа еніп, миллиондаған қаралым жинап, маған Lexus International, Lexus Kazakhstan, Porsche, Toyota, Adobe, Halyk, AlmaTV, Samal суы, «Отбасы банкі» және тағы басқа компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік пайда болды.
Ал табыс жобаның ауқымдылығына байланысты. Сондай-ақ, моушнды жасауға қажет арнайы техникалар мен ақылы қолданбалар бағасы қымбат.
– Моушн дизайнмен қашаннан бері айналыса бастадыңыз?
– Кішкентай кезімнен бастап сурет салу, графика, анимация, түрлі дизайн, видео, фото монтаждауға қызығып, бұған хобби ретінде қарадым. 7 сыныпта бағдарламалаумен айналысып, сосын графикалық веб-дизайнер болып жұмыс істедім. 11-сыныпты бітірген соң IT саласын таңдап, Алматыдағы ХАТУ-ға (Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті) құжат тапсыруға бардым. Cол мезетте олар дизайнер іздеп жүрген екен. ІТ университетіне дизайнер маманы ретінде жұмысқа орналастым, кейін «Есептеу және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығына оқуға түстім. Қосымша 2D, 3D бағытында шыңдалып, музыка және дыбыспен жұмыс істей бастадым. Кейін осы бағыттарды пайдалана отырып, моушн-дизайн, CG анимацияға фокус қойдым. Осылайша жұмысым мен оқуым мені моушн-дизайнға алып келді.
– Негізінен, Қазақстанда бұл салада жұмыс істейтін мамандар өте аз. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Моушн-дизайнның басты миссиясы – эмоция сыйлау. 30 секундтық 1 видеоны жасау үшін бір апта, бір ай немесе одан да көп уақыт кетуі мүмкін. Сол себепті бейнені жасау қиын және қымбат, өйткені ол шыдамдылықты ғана емес, белгілі бір білім мен дағдыларды қажет етеді.
Негізінде, моушн-дизайнер – продюсер, сценарист, суретші, режиссер, оператор, редактор, брендинг, маркетинг және бағдарламашы. Бір адам әртүрлі қасиеттерді біріктіре алу және жан-жақты маман болу өте маңызды. Осының бәрін қамту оңай болмағандықтан, нағыз моушн-дизайнерлер тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Европа елдерінде де тапшы.
– Қазақстандағы моушн-дизайн мен шетелдердегі сұраныс бойынша нарықта айырмашылық барма?
– ТМД елдеріндегі қазіргі ең үлкен мәселе – моушн-дизайн жайлы қате түсінік қалыптасқан. Сол себепті, сұранысы, бағасы да сай емес. Моушн-дизайнды анимациямен шатыстырып жатады. Қиын жобаларға кезіккенде сапасы төмендеп, ойдағыдай нәтижесі ұнамай қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Нағыз мамандар қымбат болғандықтан, көпшілік тапсырыс беруге дайын емес. Ал шетелде ақша төлеуге дайын, бірақ сапалы мамандар табу қиындық туғызады.
– Қазір тіпті, клиптер жасанды интеллект арқылы жасалып жатыр. Моушн-дизайнға жасанды интеллектің әсері қаншалықты?
– Жасанды интеллект маманның орнын толық басуы екіталай. Кез-келген адам қазір қалаған нәрсесін кішігірім анимацияларды ЖИ арқылы жасай алады, дегенмен ол өте көп қателіктер жібереді. Егер үлкен әрі қиын жобаларды ЖИ және кәсіби маман жасаса, екеуін салыстыра отырып, маманның орнын басу мүмкін емес екеніне көзіміз жетеді. Мен 3D Моушн дизайн, CG арқылы идеяларымды, фантазияларым мен эмоцияларымды ойша қалай көрсем, тура солай жеткізе аламын. Жасанды интелектпен көп нәрсе жасауға болатын шығар, бірақ дәл ойыңдағыдай жасалуына ешкім кепілдік бермейді. Себебі, моушн-дизайн кәсібилік пен дизайнерлік аналитиканы талап етеді.
– Кәсіби маман болуға ұзақ уақыт қажет. Болашақ моушн-дизайнер болғысы келетіндер нені ескеруі қажет?
– Моушн-дизайнер болғысы келетіндер графикалық дизайнмен жұмыс істей білуі, типографияны, композицияны білуі, түсті шешімдерді құра білуі қажет. Одан бөлек сценарий жазу өнерін меңгергені, драмалық көріністерді пайдалана білуі, оқиға желісін жаза білуі де керек.
Adobe After Effects (анимация), Adobe Illustrator (векторлық кескіндер), Cinema 4D (3 өлшемді элементтер), Premiere Pro (бейне өңдеу) бағдарламаларымен жқмыс істей білсе, құба-құп.
Рендеринг жасау, яғни графикалық кескіндерді қажетті форматқа түрлендірумен қатар, трендтерді қадағалап және оларды тәжірибеде қолдана білгені артық болмайды.
Автор: Зере НАРБЕКОВА