10 Қазан 11:48
...

Жас ділмарлар сайысы өтпек

Фото:

Шешен сөйлеу бойынша жас ділмарлар байқауы өтеді.

Алматы, NEGE.  Ғұлама жазушы Мұхтар Әуездың айтуынша, біз «шешені судай төгілген, тыңдаушысы бордай егілген» халықпыз. Алайда, дәл қазіргі күйіміз қандай? Шешен сөйлеу түгілі ана тілдің тазалығын сақтап сөйлеудің өзі мұңға айналып, оған бейжай қарайтындар қатары қалыңдап барады. Демек, мұндай кемшілікті жойып, жас ұрпақтың жаңа санасын қалыптастыру ләзім. Бұл бағытта жемісті жұмыс істеп келе жатқан Абай атындағы РММИ-дың «Ділмар» шешендік өнер үйірмесі Абай атындағы ҚазҰПУ-мен бірлесе отырып тағы бір тың жобаны қолға алды. Атап айтқанда, аталған жоғарғы оқу орнында студенттер арасындағы І Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауын өткізбекші. Оған еліміздің әр өңіріндегі 10 ға жуық жоғарғы оқу орнынан 20 ға таяу студент қатысып сөз сайысына түседі. Шешендік сайыс 2 бөлімнен тұрады. «Аламан» деп аталатын І-бөлім екі кезеңге бөлінеді.

1-кезеңде қатысушылар жеребе арқылы тақырып таңдап жарты сағаттық жекпе-жек түріндегі шешендік сайысқа түседі. Онда көркемдік, жүйелілік, нақтылық, ой ұшқырлығы, тіл тазалығы, дауыс мәнері, сахна мәдениетін сақтауы, т,б сарапқа салынады. Осы бөлімнің 2-кезеңінде би-шешендердің сөзін жатқа білуден жарысады. Бұл бөлімнен оза шапқан 10 қатысушы жүлдеге таласатын «Жүзден жүйрік» бөлімінде өнер көрсетеді. Оның өзі екі кезеңге бөлінген. 1-кезеңде жеребе арқылы бір тақырып аясында суырып салма шешендігін паш етсе, 2-кезеңінде шешендікке қатысты логикалық сұрақтарға(астарлап сөйлеу, тұспалдап сөйлеу, жұмбақтап сөйлеу, т,б) жауап береді. 2 бөлім, 4 кезеңнің қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталады. Бас жүлдеге 150 000 тг, 1-орынға 100 000 тг, 2-орын (екеу) 70 000 тг, 3-орын (үшеу) 50 000 теңге қаржылай сыйақы қарастырылған. Байқау демеушісі – «Атамұра» корпорациясы. 

Бұған дейін Абай атындағы РММИ-де 3 рет оқушылар арасында республикалық шешендік сайыс өткен, бұл жолғы байқау соның жетілген, дамыған жоғарғы деңгейі. Жоба авторы, журналист, шешендік сөз өнері пәнінің мұғалімі Жарқын Сәленұлы.
 Шешендік сайысты өткізудің басты мақсаты: жаңа буын, жас ұрпақты тіл тазалығын сақтауға, мемлекеттік тілді мейлінше жетік білуге ықпал ету, шешендік өнер арқылы білімгерге сөз өнерінің ерекшелігі мен жүйелі сөз саптау шарттарын меңгерту, жүйелі сөйлеу дағдысы мен сөйлеу шеберлігін шыңдау; сөз құндылығын бағалауға, тәрихи-мәдени және ұлттық болмысын тануға, этномәдени тәрбие беруге, сол арқылы әдеби тіл нормасына сәйкес мемлекеттік тілді қолданудың жаңа деңгейін қалыптастыру.

Тегтер: