Жас мамандарға жұмыс қайда?
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жоғары оқу орындарының 2023 жылға рейтингін жариялады. Мамандардың айтуынша, былтыр ЖОО бітірген түлектердің 67,5 пайызына ғана жұмыс берушілер қанағаттанған. Ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 33 пайыз болған.
Зерттеу бойынша, өткен жылы түлектердің 82,8 пайызы жұмыспен қамтылған. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов қазір түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткішін бұрынғыдай жұмыс орнынан анықтама сұрау арқылы шығармаймыз деп отыр.
– Жұмысқа орналасу жылдамдығы, жалақы мөлшері мен жалпы жұмысқа орналасу деңгейін анықтау үшін 2022 жылдың тамызынан бастап, 2023 жылдың шілдесіне дейін түлектердің ай сайынғы зейнетақы аударымдары туралы ақпаратты қолдандық, – дейді Азамат Бейсенбенов.
Департамент басшысының сөзіне сенсек, түлектердің оқу бітіре сала жұмыс тауып, орналасып кетуіне екі жарым ай ғана уақыт керек.
– Түлектердің 70 пайызы алғашқы үш айдың ішінде жұмыс табады. Ал олардың 9 пайызы жұмыс іздеуге үш айдан алты айға дейін уақыт жұмсайды. Ал жарты жылдан артық уақыт жұмыс іздейтіндер саны 1 пайызды көрсетті, – дейді Азамат Бейсенбенов.
Түлектердің жалақы мөлшеріне келетін болсақ, соңғы үш жылда жалақы сәл өскен екен. Мысалы 2021 жылы еңбек жолын жаңа бастаған мамандардың айлық еңбекақысы 114 мың теңге шамасында болса, 2023 жылы 168 мың теңге төңірегінде.
Зерттеу оқу бітірген 100 мың түлек арасында да жүргізіліпті. Нәтижесіне сенсек, ЖОО-ның 91 пайызы жұмыс берушілермен түлектердің жұмыс тәжірибесінен өтуіне келісім жасасқан. Ал оқу орындарының 94 пайызы мемлекеттік аккредитациядан өтіпті.
Бакалавр бітірген түлектердің 8,4 пайызы ғана магистратураға түсіп, оқуын жалғастырса, 5,4 пайызы университет бітіре сала декреттік демалысқа шыққан екен. Университет бітіргендердің 53 пайызы – әйел адамдар, олардың 86 пайызы оқу бітіре сала тұрақты жұмысқа орналасқан.
Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыру саласының мамандарына жұмыс көп көрінеді. Себебі елімізде осы сала мамандарының 90 пайызға жуығы оқу бітіре салысымен жұмысқа орналасып кетеді екен.
– Одан кейін, ауыл шаруашылығы мен биоресурс, математика және статистика сияқты нақты ғылымдар, сонымен қатар, педогогика мен ветеринария, журналистер, инженерлер мен ақпараттық технология мамандарына да жұмыс табу мүмкіндігі 80 пайыздан жоғары, – деп отыр Азамат Бейсенбенов.
Елімізде «Ұлттық» статусы бар академиялар мен университеттер түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары екен. Қазақ Ұлттық хореография академиясы түлектерінің тіпті бірі қалмай жұмысқа тұратын көрінеді. Олардың көрсеткіші – 100 пайыз, рейтингтің көшін бастап тұр. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы 97 пайызбен екінші сатыда. Ал С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті түлектері былтыр 93 пайыз жұмысқа орналасыпты.