Жарасқан Әбдірәшевтің туғанына 75 жыл толады
сыншы, аудармашы, сықақшы Жарасқан ӘБДІРӘШЕВТІҢ туғанына 75 жыл толады. Осы ретте әке рухын асқақтатып жүрген белгілі режиссер Рүстем ӘБДІРӘШЕВКЕ хабарласып, қандай дайындық жасалып жатқанын сұрадық.
– Әкемнің қазіргі ҚазҰУ-дың филолгия факультетін бітіргенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Осы ретте оқу ордасына қарасты Студенттер сарайында еске алу кешін өткізсек деген жоспарымыз бар.
Р.Әбдірәшев.
Көзін көрген әдебиеттегі үзеңгілестерінен де саусақпен ғана санарлық қаламгер қалыпты. Сондықтан жастар алдында әкемнің шығармасы желісімен таспалаған «Қаладан келген қыз» атты фильмімді ұсынып, жас ақындар өлеңін оқыса деп отырмыз.
Жаңа жылдан бері Алматы қаласындағы үш-төрт мектептен шақырту алдым. Білім ордаларының оқушылары әкемнің шығармаларын талдап, көңіл қуантарлық дәрежеде біраз жұмыстар жасалып жатыр.
Өзім де жас жеткіншектерді қызықтырған сауалдарға жауап беріп қайттым. Тіпті, математика пәнін тереңдетіп оқытатын арнайы мектептердің тәлімгерлерінің өзі әкемнің шығармаларын жатқа айтып, оларға сауатты талдау жасағанын көргенде, өлең-сөзге құштар жеткіншектердің басым екеніне көз жеткізіп, ерекше риза болдым.
– Ал өз тарапыңыздан не даярлап жатырсыз?
– Кезінде көз көрген қатарластарын сөйлетіп, арнайы декеркті фильм түсірген болатынмын. Алда қандайда бір еске алу кештері өтіп жатса, соны көрермен назарына қайта ұсынуға даярмын. Өзім де санаулы жылдан кейін алпысты алқымдайды екенмін. Сол мерейтойға таман әкемді еске алу тұрғысында тарту етпекке бір туынды әзірлесем деп отырмын. Онда әкемнің қалаға қалай келгенін, анаммен қалай танысқанын көрсетсем деймін. Бір поэмасын сюралистік фильмнің эпизодына арқау етсем деп те ойлаймын.
Ж.Әбдірәшев.
– Жазушылар одағы қолдау көрсетіп жатқан болар?
– Қазіргі таңда жер-жерге хат жазып, әкеміздің 75 жылдығының атап өтілуін қадағалап, қолдау білдіріп отырған сол мекеме ғой. Әкем әдебиетке таласы бар талай ақынды тәрбиелеп кетті. Ал олар жүрген жерінде насихаттап айтып отыратын. Дегенмен, олардың алды бүгінгі таңда әдебиеттегі аға буын өкілдеріне айналды. Енді олардың орынын жас толқын басуда. Сондықтан осындай сабақтастық үзіліп қалмасын деген мақсатта Одақтың түрлі еске алу шараларын ұйымдастыруды қолға алғаны қуантады.
– Әбдірәшевтің өлеңдерін жатқа айтатын жас буын қатарының көп екенін ескеріп, ескі жинақтарын қайта басып шығару ойда жоқ па?
– Ол жағы да қалыс қалмайды. Өзіңіз айтып отырған Жазушылар одағының қолдауымен әкемнің өлеңдерінен тұратын жинақ жарық көріп, мектеп кітапханаларына қойылмақ. Біз соған енетін балалар поэзиясын реттестіріп, цифрландырылмағандарын қайта бастырып, түгендеу үстіндеміз.