Жаныңда жүр жақсы адам

Жаныңда жақсы адамның жүргені көңілге демеу ғана емес, абырой, айбын, зор қуаныш қой. Оны жас кезде көп бағаламай, көп ескермей алаңсыз көңілмен, арзан күлкімен, аралас-құраластығыңа мәз болып жүре беруің де мүмкін.
Ал, жас ұлғайып, жан-жағыңа «Осы мен не бітірдім, не таптым?» деген байыпты оймен, «Әлдекімнің көңіліне қаяу салып, әлденені бүлдіріп алған жоқпын ба?» деген тәжірибелі сақтықпен қарай бастағанда жүрегің кімнің-кім екенін үнсіз сыбырлайды екен. Бәрін оңашада таразылай отырып, жаныңда жүрген жатты, алыста жүрген жақынды електен өткізіп, қарым-қатынасыңды бір екшейді екенсің. Кезінде алғаусыз көңілмен ішіңе кіргізіп алған, бұл күнде бүйрегің бұрмайтын біреу мен кезінде ақ-адал ниетін марғау тыңдаған, бұл күнде жүрегің шымырлай іздейтін біреудің аражігін уақыт өзі ұзақ тәжірибемен алыңа көлденең тарта салады екен.
Қысқасы, бүгін елудің есігін еңкеймей ашқан Ғалымжан Елшібай туралы аз-кем сөз шығарсам деп едім. Бұл заман – есеппен жүретін, есепке жүйрік заман болды ғой. Біреуді мерейтойымен құттықтасаң да, жаңа қызметімен құттықтасаң да, жүрекжарды сөзіңді айтып, сол тұлғамен түскен суретіңді бөліссең де астарынан бір құпия іздейді де тұрады. Есеп көңіл! Сондықтан, әзірден басын ашып алайын, Ғалекеңмен қызметте жолымыз түйісіп көрмепті. Менің оған, оның маған күні түскен, жағдай айтқан сәтіміз де жоқ екен. Бізді біріктірген тек – алғаусыз көңіл! Сапарлатып Алматыға келе қалса, жол түсіп Шымкентке бара қалсам, қауқылдасамыз да қаламыз.
Құры жүрмей күндердің бір күнінде үйдегі жұбайының әпкем екенін білдім, ол біздің әзілдердің ең бір тұздықты маңызына айналып шыға келді. «Жезде» деп бастаймын әңгімені, еркелікті, «иттікті». Сол көңілмен ішек-қарнымыз араласып кеткелі де жиырма жылдан асыпты.

Ғалекеңнің қаламын қару қылып, халықтың қамын ойлап журналистика саласында күн-түн демей шауып жүргеніне 32 жылдан асыпты. Қай басылымға барса да, қай тақырыпты қолға алса да қолтаңбасы мен мұндалап тұратын жездеміз өзін журналист ретінде ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де сынап көрді. Онысы өте сәтті шыққаны, бағаланғаны шығар, Мәслихат депутаттығына екінші айналымда да әдемі өте шықты.
Қара шаңырақ – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне аяқ іліктіргенге дейін-ақ Төле би аудандық «Төле би туы» газетінде корректор, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып, журналистиканың әр сатысынан өткен Ғалекең облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші, «Шымкент келбеті» газетінде сала меңгерушісі, республикалық «Жас Алаш» газетінің Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары бойынша меншікті тілшісі болды. 2017 жылдан бері «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі.
Ғалекең үшін телефонмен сөйлесіп отырып мақала жаза беру, көлік жүргізіп келе жатып мәселе шеше беру түк емес екеніне тағы бір дәлел – «Қазақ әдебиеті» газетінің Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы бойынша меншікті тілші қызметін де, «Ана тілі» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін де қоса атқарды. Ол аз десеңіз, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, одақтың атқарушы директоры, VII шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының депутаты қызметін атқарды.
Әлі депутат деп жоғарыда айттым ғой, 2021 жылдан бері Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Түркістан облыстық департаменті жанынан құрылған Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі. Дәл осы қызметке кім ұсынса да, өте орынды ұсынған. Қашан жолықсаңыз да, қашан хабарлассаңыз да әдебінен, ішкі мәдениетінен жаңылған емес. Ашуын, ренішін, шаршағанын көрсетпейді.
Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «АМАНАТ» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының Түркістан өңірі бойынша амбассадоры сияқты толып жатқан жауапты істердің басы-қасында отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Ғалекеңнің бір еңбегі бағаланса, бірі ескерусіз қалып та жатыр. Тек, оған мойып, оны уайым қылған пенделігін көрмедік.
Айтпақшы, азды-көпті марапаты да жоқ емес. Оны моншақтай тізбектеп бүгін айта кетсек артық болмас: ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл», «Халық алғысы» мерекелік медальдары, Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына орай «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалі де жездемнің қанжығасында. «Төле би ауданының құрметті азаматы» деген атағына биыл облыстың құрметті азаматы деген құрмет жалғанады-ау деген үмітім бар.

«Жыл журналисі», «Алтын қауырсын», «Ең үздік аймақ тілшісі», «Жаңашыл журналист» номинацияларының, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, республикалық Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз Зергері» сыйлығының жеңімпазы жоғарыда айттым, қоғамдық жұмыспен де тұрақты айналысады. Көрікті мекен – Қасқасуда дүниеге келген Ғалекең туған өңірі десе соңғы тиынын санамай беруге әзір екеніне біз куә!
2019 жылы Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында жарылыс болғанда, 2020 жылы Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде, өңірдегі өзге де төтеннен келген сынақтарда Ғалекең ұйытқы болып, алдыңғы сапта жүрді.
Айтпақшы, ары өткен, бері өткен достарының бәрін күтіп алу, шығарып салу міндеті де осы кісінің мойнында. Оны бұлдап, қабақ шытып отырған кезін де көрген емеспіз.
Қазір Түркістан өңірінде журналистика мамандығы бойынша сапалы кадрларды даярлау ісіне де үлесі зор. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалы өзара ынтымақтастық туралы келісім жасап, «Жас тілшілер» клубын құрылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік қарлығаштары» шығармашыл жастар байқауы ұйымдастырылды.
Сөзімді Ғалекеңнің ақындығы мен жомарттығымен түйіндейін, ол сөз қадірін білетін жан ғана емес, өлеңге де таласы бар ақын.
Мысалы, республикалық жазба ақындар байқауының бірнеше дүркін жүлдегері, өлеңдері талай жинақтарға енген. Нұртас Оңдасынов атындағы республикалық мүшәйраның, 1996 жылы Алматыда өткен «Студент көктемі» мүшәйрасының жүлдегері. Тоқаш Бердияров атындағы республикалық мүшәйраның жеңімпазы.
Ал, жомарттығына келсем, Ғалекең атақты жазушы Мархабат Байғұттың «Мархабат музасы» атты кітабының жарық көруіне демеуші болды. Биыл қолға алынған «Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының жетекшісі және жазушының құрметіне шыққан «Мархабат» журналының жарық көруіне түрткі жан.
2018 жылы Шымкент қаласының үздік жас жазушысы, 2020 жылы Түркістан облысының Жыл жазушысы атанған талантты Абылай Есімбайдың «Кедей қызы» кібатының жарық көруіне де демеушілік жасады. Бұған қоса ауылындағы мешіт құрылысына ұйытқы болу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созу, талантты балаларды қолдау, оларға жағдай жасау – Ғалекеңнің ешкім міндеттемеген, бар шынайы болмысымен жасайтын тірліктерінің бір парасы ғана.

Осыны ерінбей оқып шыққан оқырманға бар айтарым, «Жаныңда жүр жақсы адам» деген аяулы сөзді есіңізден шығарып алмай, айналасына шуағын шашып жүретін ақжүрек жандардың әлі де бар екенін, жоғалмайтынын ұмытпасаңыз екен. Сонда өмір күрделі емес, көңілді екенін ұғасыз. Үмітіңіз үзілмейді.
Ғұмырлы болыңыз, абыройыңыз арта берсін, Ғалеке!
Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР, жазушы, сатирик.