31 Наурыз 15:54
...

Жаңартылған энергия көздерін тиімді пайдалана алдық па?

Фото:

Елімізде мамандар алдағы жылдары энергия тапшылығы мәселесіне тап болуымыз мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе, оңтүстік және солтүстік өңірде бұл түйткіл қазірдің өзінде анық сезілуде. Одан шығудың жолы қайсы?

Әрине, осы саланың білгірлері энергия тапшылығын шешетін бір ғана жол бар, ол – АЭС салу керек екенін айтып жүр. Қазір үкіметтің күн тәртібінде тұрған бұл мәселе бойынша нақты шаралар пысықталып жатыр. Әйтсе де, АЭС салу бір күннің шаруасы емес. Егер мемлекет вендорды қай мемлекет салатынын анықтаса, оның өзінде 2035 жылдан бастап іске кіріспек.

Энергияны үнемдеудің тиімді саясатын қалай жүргіземіз? Әлем елдері балама ретінде жаңартылған энергия көздері – күн, жел, су арқылы қуат көзін толықтырып отырады. Мәселен, жел энергиясы ежелден келе жатқан балама көз.

Бұл желді қозғаушы күш ретінде пайдалану үрдісі қарқынды дамып келеді. Соның ішінде қазір жел турбиналары электр қуатын айтарлықтай мөлшерде өндіруде. IRENA-ның деректері бойынша, соңғы жиырма жыл ішінде құрлықтағы және теңіздегі желден энергия өндірудің әлемдік қуаты 75 есеге өскен. Яғни, 1997 жылы 7,5 ГВт болса, 2018 жылға қарай шамамен 564 ГВт-қа дейін артқан.

Келесі кезекті – күн энергиясы. Бұл сарқылмайтын таза энергия көзі. Кейбір елдер күн энергиясы арқылы адамзаттың бар қажеттілігін қамтамасыз етіп келеді. Айталық, біздің планетаға жыл сайын шамамен 173 PW күн энергиясы түседі екен. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл әлемдік энергия сұранысынан 10 мың есеге артық.

Күн сәулесі кремний элементі арқылы электр энергиясына айналады. Ал күн коллекторлары жылу беріп қана қоймай, ыстық су өндіреді және кондиционер үшін жылу береді. Бір қызығы, күн батареясы бұлтты күнде де, тіпті жауын-шашын кезінде де энергия шығара береді.

Ал су энергиясы – дәл қазір көптеген ел ұтымды пайдаланып отырған жаңартылған энергия көзі. Әу баста ежелгі Рим мен Египетте су энергиясының арқасында арнайы жұмыс машинасын, диірмендерді басқаратын болған. Тіпті, Еуропада орта ғасыр жылдарында су диірмені ағаш кесетін және қағаз шығаратын зауыттарда кеңінен қолданылған. Ал ХХ ғасырдың басында суды кәдімгі электр энергиясын өндіруге кеңінен пайдалана бастады.  

Әлем елдері жаңартылған энергия көздерінен қуат көзін алуға мақсатты түрде ден қойды. Әсіресе, екі жыл бұрын дүниежүзін шарпыған індет кезінде бірқатар мемлекет көміртегінен бас тартып, балама энергия көздеріне бет бұра бастады. Соның бірі Үндістан жел мен күн сәулесі бойынша ауқымды жобалар жоспарын құрған болатын. Еуроодақ 2030 жылға дейін көміртегіден біртіндеп арылуға кірісіп кетті.

 

Ол үшін парниктік газдар шығарындыларын азайтып, жаңартылған энергия көздерінен алатын қуат көзін арттыру көзделді. Еурокомиссия бұл нәтижеге жыл сайын 260 млрд еуро инвестиция арқылы қол жеткізуге болатынын айтады. Сөйтіп, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания елдері аямай инвестиция құйып, Еуроодақ екі жылдан бері электр энергиясының 4 пайызын жаңартылған энергия көздері есебінен алып келеді. 

Париж келісімі көміртедіген арылуды міндеттейді

Қазақстан Париж келісіміне сәйкес, 2060 жылға қарай біртіндеп көміртегіден қол үзіп, ауадағы парниктік газдарды азайтуы тиіс. Бұл туралы мемлекет тарапынан нақты тапсырма міндеттеліп, жасыл экономиға көшудің жолдары қарастырылды. Тіпті, көміртегі бейтараптығына байланысты Германия мемлекетінің қолдауымен арнайы доктрина да әзірленді.

Алайда, еліміз үшін көміртегінен біржола құтылу оңай емес. Себебі, пайдалы қазбадан бас тартсақ, экономикалық және әлеуметтік саламыз біраз ауыртпалыққа тап болуы әбден мүмкін. Дегенмен, халықаралық келісімді мақұлдаған соң бұл талапты орындауға тиіспіз.

Белгілі экономист, энергетика маманы Әсет Наурызбаев NEGE тілшісіне берген пікірінде: 

«Бұл өте өзекті мәселе. Біз Париж келісіміне сәйкес, болашақта көмірді де, газды да алып тастауымыз керек. Мұның өзі ауқымды инвестицияны талап етеді. Яғни, алдағы жылдары энергияның балама көзіне көше алмаймыз. Сондықтан 2026 жылдың басына дейін көгілдір отынмен жұмыс істейтін жаңа ЖЭО салу жоспарға алынды. Бұл көмірге қарағанда әлдеқайда таза, ауаға шығатын қалдығы аз. Алайда, қаланы газдандыру 2020 жылы 100 пайыз орындалуы тиіс еді. Бірақ бұл жұмыс та сылбыр, көңілден шықпайды. Демек, жай ғана көрсеткіш ретінде айтылған сияқты. Бұдан бөлек энергияның басқа балама көздерін де мейлінше пайдалану керек. Мұны жасауға мемлекет, жергілікті әкімдік мойын бұрмаса, кәсіби мамандарды тартып, кеңесін алып, пікір алмасуы керек. Ең бастысы, бүгінгі жас ұрпақтың тән саулығы маңызды. Біз, ересектер өзімізді ойламасақ та, балалардың денсаулығына көңіл бөлуіміз қажет» дегенді айтты. 

Ал Экология министрлігінің мәліметінше, көміртегіні тұтынудан арылсақ, атмосферадағы зиянды қалдықты 95 пайызға дейін азайтуға болады. Нәтижесінде 2060 жылға қалай 9 млрд тонна көмірқышқыл газынан құтылуға мүмкіндік бар. Бірақ бұл күнге жету үшін 666 млрд теңге инвестиция ауадай қажет екен.

Осы тұрғыда мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жаңартылған энергия көздерін дамытуды қолға алмасақ, әлемдік көштен артта қалып қоямыз. Балама энергетиканы дамыту мәселесінде тартыншақтауға болмайды» деген. Елімізде энергия тапшылығы айқын сезіліп, қуат көзі қымбаттаса да, жаңартылған энергия көздерін дамыту қарқыны баяу.  Қазақстан ЖЭК жобаларын жүзеге асыруға тек 2009 жылдан бастап кіріссе де, күн, жел, су көздерінен алынатын энергияны өндіруге құлшыныс мәз емес.

Жағдай соншалықты қуантарлықтай болмаса да, 2015 жылдан бері жасыл энергетикаға көзделген инвестиция көлемі 22 есеге өсіпті. ECOJER аймақтық экологиялық бастамалар қауымдастығы бас директорының кеңесшісі Дәурен Сағидолла Қазақстанның ЖЭК саласындағы көрсеткішіне оң баға береді. Оның айтуынша, соңғы алты жылда ЖЭК нысандарының қуаты 10 есеге өсіп, 2014 жылы 178 МВт болса, 2020 жылы 1635 МВт-ға жетіпті. Бүгінде республикада қуаты 1685 МВт болатын 116 ЖЭК нысаны жұмыс істеп тұр. Олар: 

29 жел электр станциясы, қуаты – 486 МВт;

44 күн электр станциясы, қуаты – 962 МВт;

 38 су электр станциясы, қуаты – 229 МВт;

 5 биоэлектро станциясы, қуаты – 8 МВт.

Жұмыс істеп тұрған 75 жаңартылатын энергия көзінің жалпы қуаты 683,6 МВт. Жаңартылатын энергия өндірісінің ауқымды нысаны Жамбыл облысында орналасқан. Ондағы 11 жаңартылатын энергия көздерінің бесеуі судан, үшеуі күннен, үшеуі желден энергия алады. Одан кейін Алматы облысындағы энергияның жалпы көлемі 163,43 МВт. Бұл өңірде 26 жаңартылатын энергия көзі жұмыс істесе де, энергия тапшылығы едәуір сезіледі. Үшінші, Қарағанды облысында төрт нысанның екеуі күннен, біреуі судан, біреуі биогаздан энерия алып отыр. Биогаз демекші, осы жол арқылы Қостанай облысы ғана энергия өндіреді. Сол сияқты Шымкенте бір, Астанада екі жаңартылған энергия көзі жұмыс істейді. Еліміз балама энергия көзінің тиімді әрі қажетті екенін ескеріп, жоспарланған 17 жаңартылған энергия көзінің жетеуі іске қосылғанын айта кету керек. 

Халықаралық сарапшылар жел энергетикасы технологиясы жылына 1-1,5 пайызға, күн энергетикасы 7 пайызға арзандаса, жаңартылған энергия көзінен алынатын тариф құны да төмендейтінін айтады. Бұл – бекер емес. Себебі, әлемнің дамыған елдерінің бірқатары зиянды қалдықтардан біржола құтылудың жолын таңдап, 2050 жылы түбегейлі баламалы энергия көзіне көшетінін дәлелдеді. Әрине, бұған қажетті инвестиция көлемі де қомақты. Соған қарамастан бұл елдер жасыл энергетиканы қолдап, экологияны улы заттардан тазартудың жолына қаржы құюдан тартынбауға бел буған.   

Тегтер: