9 Желтоқсан 17:49

Жанар ТОҚТАРБАЙ: АҚШ-та қытай тілінен сабақ беретін ҚАЗАҚ қызымын

Фото:

Әлемнің белді оқу орындарында қытай тілінен сабақ беретін Жанар ТОҚТАРБАЙ көпке үлгі. Жасынан білім мен ғылымның тереңіне бойлаған қазақ қызының ойы да, көзқарасы да бөлек.

NEGE тілшісі Қазақстанның білім саласына, жастардың болашағына сырт көз ретінде баға берген маманмен әңгімелескен еді.  

«Қазақстанда мені ешқайда шақырған жоқ»

– Жанар, өзің сияқты қазақ қызының әлемнің белді оқу орындарында дәріс беріп жүргені – үлкен мақтаныш. Алайда, сол білімің мен білігіңді елдегі жастарға сіңіруге не кедергі болды? Әлде, ол жақта арманға қол жеткізу оңай ма?

– Өзім Үрімшіде туып-өстім. Мектепті сол жақта оқыдым. 2000 жылы атамекеніміз – Қазақстанға көшіп келдік. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне оқуға түсіп, 2005 жылы тәмамдадым. Содан кейін бірден КИМЭП-те, кейінірек ҚБТУ-да жұмыс істедім. 2009-2012 жылдары Пекинде магистратура оқып, 2017-2021 жылдары докторантураны бітіріп, қайтадан елге келдім.

КИМЭП-тің арқасында көптеген жетістікке жеттім. Алайда, еліміздегі осы оқу орнының маған ұсынған жалақысы қанағаттандырған жоқ. Ал докторантураны оқуымның нәтижесінде қытай тілі оқытушысы ретінде әлемдік деңгейде тынысым ашылды. Көптеген оқу орнынан хабарласып, әңгімелесуге шақырды. Олардың білімімді, докторлық ғылыми мәртебемді бағалағанын сезіндім. Қысқасы, білімді маманды сыйлап, жағдай жасайтынына көз жеткіздім. Қазір Канадада Монреалдағы Макгилла колледжінде (McGill College) қытай тілінің оқытушысымын.

Одан бөлек қаңтардан бастап АҚШ-тағы тіл орталығында онлайн сабақ өтемін. АҚШ-та елшілікте істейтін маманға, Кембриджде оқыған студентке, ең мықты Gucci Group, Google компания мамандарына дәріс беремін. Жұмыс істейтін мықты студенттерге сабақ беремін. Егер Канадаға бармағанда мұндай мүмкіндік тумас еді. Яғни, докторантура оқысаң әлемдік оқу орындарында жұмыс істеуге әбден болады.

Әрине, қазақтың қаракөз жастарына білім бергім келеді. Бұған дейін КИМЭП-те дәріс берген студентім Пекиннің мықты оқу орнына түсті. Қазір Фейсбук желісінде еңбек етіп жүр.

Сыртқы істер министрлігінде, мұнай компанияларында, Қытай елшілігі мен банктерінде жемісті жұмыс істейтіндері де бар. Халықаралық байқауға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізген шәкірттерім жетерлік. Әрине, бұған менің де еңбегім сіңді. Докторантура бітіріп, елге келген соң КИМЭП-те бір жылдай жұмысымды жалғастырдым. Бірақ айналама қарасам, көп нәрсе өзгермеген.

– Демек, бізде білікті маман бағаланбайды дейсіз ғой...

– Биыл министрлік «жұмыс істеп жүрген докторанттардың айлығы – 500 мың теңге» деді. Докторантура оқу үшін қаншама энергия, уақыт кетеді. Бұл жалақы еңбегімді ақтамайды деп ойлаймын.

Мәселен, Қытайда докторантураны бітіретін жылы бәрімізге анкета таратып, мәліметімізді алып қалды. Сол арқылы арнайы топ ашып, әлемнің қай қаласында конференция өтеді, тіпті академиялық зерттеу жасауға қажетті  дереккөздерін салып отырады. Егер сіздің зерттейтін сала болса, баруға мүмкіндік бар. Сол сияқты сұранысқа ие мамандар туралы хабарламаны да осы жерден табасыз. Өзім Канададағы жұмысты осы топтың арқасында тауып алдым. Бір сөзбен айтқанда, Пекиндегі оқу орын бәріне ортақ әрі тегін платформа жасады. Сонда оқып жүргенде Қазақстанның тіл саясаты туралы 4-5 мәрте дәріс оқыдым. Ал Қазақстанда мені ешқайда шақырған жоқ.

Жалпы, үш сала маңызды: білім, денсаулық, заң саласы. Осы үш сала мықты болса, елдің болашағы да жақсы болады. Қазақстанда осы үш сала дамыған ба? Білім жағына келсек, мектеп мұғалімдерінің жалақысы көбейіп жатқанын естіп, қуандым. Егер Канаданың азаматтығын алған жайдайда маған несиені 2 пайызбен береді екен. Бізде осындай көмек жасала ма? Ал Қытайда жоғары оқу орны оқытушыларының балаларына мекемеден арнайы ақша бөліп, балабақша ашып береді. Одан бөлек келісімшарт уақыты аяқталғанша жас отбасыға үй, жастарды тегін жатақханамен қамтамасыз етеді. Тіпті, білікті, білімді оқытушы болсаңыз, жұбайыңызға да жұмыс табуға тырысады. Яғни, мықты мамандарды ұстап қалу үшін жан-жақты жағдай жасайды.

«Сен АҚШ сияқты дамыған елде өмір сүріп жатқан жоқсың»

– Қытай – алпауыт мемлекет. Мұнда Қазақстанды зерттейтін төрт орталық бар екен. Ал біз үшін бұл елден үйренетін басты нәрсе не?

– Иә, Қытайың төрт қаласында Қазақстанды зерттейтін төрт орталық жұмыс істейді. Ал Қазақстанда Қытайды зерттейтін бір ғана орталық бар.

Жалпы, Қытайдың мәдениеті бөлек. Біз тек бизнес жағынан ғана көреміз. Бірақ жанымыздағы көрші елдің білім, технология, өркениетін былай қойғанда, тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін білмейміз.

Қайда жүрсем де, елдегі жаңалықтан, оқиғадан хабардар болып жүремін ғой. Сонда байқағаным, әлеуметтік желіде жастар той-думан қуып, тек қымбат көлік алуды арман қылады. Олар жеңіл жолмен ақша табатын блогерлерге, әртіс инфлюенсерлерге еліктейді. Біздегі блогерлердің көбінің білімі жоқ болса да, танымал. Бірақ бұлар шетелдегі өнер адамдары сияқты білім мен ғылымға қолдау білдіріп, көмегін тигізбейді. Бұл жақсы үрдіс емес. Содан кейін де жастар «Оқымай-ақ, диплом алмай-ақ ақша табуға болады» деп ойлайды.

Жастарға айтар едім, «Сен АҚШ сияқты дамыған елде өмір сүріп жатқан жоқсың». Олар қандай жағдайда да баласының білім алуына, дамуына қолұшын береді. Себебі, әлемдегі ең қымбат инвестиция – балаға білім беру. Ертең ұрпағың білімді болса, рахатын көресің. Балаң үшін қуанасың, мақтанасың. Жақсы ортада жүрген соң өзімен тең қыз, жігітпен танысады. Ол да болашақта баласын солай тәрбиелейді.

Мәселен, Жапония отбасы табысының 50 пайызын баласының біліміне, тәрбиесіне құяды. Ал қазақ отбасында бұл мүмкін бе? Қарапайым халық тапқан табысын несиеге, ипотекаға жұмсайды. Біздің мелекет жас отбасына ешқандай жағдай жасамайды. Қазір ажырасу көбейді. Мысалы, үйді жалға беріп «2 жыл, 5 жыл ажыраспасаң, несиең азаяды» десе, бұдан кейін ажыраспауға тырысады ғой. Сөйтіп жүргенде 3-4 балалы болады. Мұндай жолды табу өте оңай.  

Екіншіден, кейінгі жастар аузына келгенін айтып, жазып отырады. Қытай заңы қатал екенін білеміз, бірақ миллиард халықты басқару оңай емес. Мұнда интернет полициясы жұмыс істейді. Әлеуметтік желіде боқауыз сөз айтсаң, екі мәрте ескерту беріп, аккаунтыңды бұғаттайды. Айыппұл салуы да мүмкін. Тіпті, жаман пиғылда, діни алауыздық тудыратын пікір айтсаң да. Содан кейін ешқашан әлеуметтік желіге тіркеле алмайды.

Қазақ қыздарының ішінде орамал тағатындар көбейді. Өзім Иранда бір жыл парсыша оқыдым. Жастар білім қуатын кезеңде дін артынан кетіп, махаббат, ақша деп беріліп кетпей, тым болмаса магистратура оқыса деймін. Әйтпесе ертең сен істейтін жұмысты қайдағы бір шетелдік қағып кетуі немесе тартып алуы мүмкін. Сондықтан қазіргі жастар АҚШ-тың, Еуропаның алғашқы топ ондығына кіретін қажетті, сұранысқа сай мамандықтарын зерттеп, сол салада білім алып, еңбек етуге машықтанса құба-құп болар еді.   

«Кітап құшақтайтын жаста жігіт құшақтап не керек?»

– Негізгі тәрбиені Қытай елінен алғаның көрініп тұр. Жалпы, адамды қалыптастыратын үш тұғыр қайсы?

– Адам тәрбиені отбасында алады. Ата-ана – баланың алғашқы ұстазы. Бізде ажырасу көп. Жалғызбасты аналар көп. Олардың білім деңгейі, әлеуметтік жағдайы төмен. Мұндай отбасынан шыққан баланың дамуы өте қиын. Отбасы тұрақты болу керек.

Екінші – мектеп. Көп ата-ана бермеген білімді, тәрбиені мектеп беруі тиіс. Әлі есімде, Қытайда бір сабақты әдейі моральмен түсіндіретін. Бірде мұғалім бәрімізді құмырсқаның илеуін көрсетуге апарды. Біреуі бір дәнді көрсе жанындағыларын шақырып, бірлесіп тасиды. Соны қыста азық етеді. Бұл нені білдіреді? «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген тәмсіл. «Кез келген дүниені бірлесіп істесең, нәтиже шығаруға болады» деген қарапайым тәрбие. Бізде де мектеп бағдарламасында қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі арқылы адамгершілік құндылығын дәріптесе дейсің.

Үшінші – қоғам. Қазір қоғамды бұзатын да, түзейтін де әлеуметтік желі. Біздің жастар оқығысы келмейді. Бәрі оңай жолмен тез байып кеткісі келеді. «Оқу – инемен құдық қазғандай». Оқыған жастарды көп көрсетіп, насихаттау керек. Дамыған елдер байлығыңа емес, біліміңе қарап құрметтейді, бағалайды, жұмыс береді. Кітап құшақтайтын жаста гүл, жігіт құшақтап не керек?

Әсіресе, қыздар ертеңгі күні баласын құшақтап, көшеде қалмас үшін жоғары білім алуы қажет. Бірақ неге екенін білмеймін, біздің жігіттер білімді қыздардан қашады. Алған әйелің білімсіз болса, екеуіңнен шыққан ұрпақ қандай болады? Яхуди данагөйлерінің құпиясында «Ер азамат білімді, зиялы адамның қызына үйленуі үшін бар дүниесін сатуы керек. Егер күндердің бір күнінде отағасы өмірден өтсе немесе басына іс түсіп, жер аударылса, ол баласының білімді азамат ретінде тәрбиеленіп, қалыптасатынына сенімді болады. Ал білімсіз әйел алса, оның балалары да ештеңе білмей өседі» деп жазылған.

Ең маңыздысы, алғашқы 10 жылыңда білім алу керек. Бұл – кейінгі жылдарыңның сапалы, бейқам өтуіне  кепілдік. Қытай философиясында «Адамның өмірі тау сияқты» дейді. Адам ғұмырында үш рет көтеріліп, үш рет құлайды. Сондықтан жастарға айтатыным, ешкім мәңгі кедей, мәңгі бай болып тұрмайды.

– Қазақстанның білімге, ғылымға деген түсінігін, көзқарасын сынға алып едің.  Соны нақты мысалмен тарқатып айтып бересің бе?

– Қазақстан мені ғылыми атмосфераға баулыды дей алмаймын. Былайша айтқанда, шетелден білімімді жетілдіріп келсең де, ешкім керек қылмайды. Ақпарат алмасатын орта да жоқ. Докторантура тақыбырым бойынша Қазақстанның тіл саясатын төрт жыл зерттедім. 2017 жылы тұңғыш президент қол қойған латын әліпбиіне қатысты құжаттың бәрін қарадым. Соңғы нұсқасының 90 пайызы Түркияның әліпбиімен бірдей екенін көріп, қатты күйіндім. Негізі тіл саясатын зерттеуге 20-30 жастағы ағылшын тілін білетін  IT мамандарын тарту керек. Ал бізде әліпби жасауға жасы егде тартқан қазақ тілінің мамандары тартылады. Олардың көзқарасы басқаша. Қазақ тілі заңдарын айтып, сол төңіректен әріге аспайды. Статистика бойынша кез келген мемлекеттің жаңа әліпбиге көшу уақыты әрі кеткенде бес жыл. Бұл мәселенің көтерілгеніне бірталай жыл өтсе де, бәз-баяғы қалпында қалды. Оған қанша ақша, уақыт кетті.

Өкініштісі, зерттеу жасағанда  Шекспирдің 1947 жылы жазған «Ромео мен Джульетта» шығармасы ағылшынша, сосын французшаға аударылғанын білдім. Ал біз оны неге орысша нұсқасынан қазақшаға аударамыз? Қазақ тілінің құны осы ма? Сол сияқты 1997 жылы жарық көрген «Гарри Поттер» туындысы әлемнің 70 тіліне аударылған. Қазақ тіліне 2020 жылы ғана тәржімаланды.

Қазір интернет дамыған заманда ағылшын тілін меңгеру қиын емес.  Әлемде зерттеудің бәрі ағылшын тілінде. Егер ағылшын тілінен тікелей аударсақ, уақыт үнемдейтін едік деп ойлаймын. Себебі, орыс тілінің беделі бұрынғыдай емес, құлдырап кетті. Сондықтан Қазақстанда  қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, ағылшын тіліне ресми тіл ретінде басымдық беру қажет. Өзіңіз білесіз, қазір Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін қаншама украин азаматы ағылшын тілін білгеннің арқасында Еуропа, АҚШ елдеріне барып, тез жұмыс тауып алып жатыр. Ал қазақтарға қара жұмыс қана қалып тұр. Шетелге барып, ақша тапса да, бірінші денсаулығын құртады, екінші бұдан өзін дамытпайды.

«Елге оралсам, балалар үйін ашсам деймін»

– Кез келген мемлекет өркениеттің жалына білім мен ғылым, жаңа технологияны дамыту арқылы ғана жармаса алатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның отандық ғылымы 32 жылда ілгері жылжып келе ме, әлде кері кетті ме? Кезінде еліміздегі Ғылым академиясының бұрынғы президенті М.Жұрынов жастарға дүрсе қойып, «Мені кетем деп қорқытпаңдар! Орындарыңа басқа талантты адам табамыз. Ешкім ұстап отырған жоқ» деген еді. Мұндай сөз естіген жастар әлбетте шетелге кетуге мәжбүр болмай ма?

– Шыны керек, біз көп дүниені іспен емес, сөзбен қатырамыз. Мемлекеттен білім мен ғылымға көңіл бөлу үшін қыруар қаржы жұмсалады. Бірақ нәтижесі сұрала ма? Ғылымға қандай жаңалық еніп жатыр? Осы бағытта жастарды неге үлгі етіп көрсетпеске? Отандық ғалымдардың қандай еңбегін мақтанып көрсете аламыз? Олардың әлеуметтік жағдайы сын көтере ме? Қандай жағдай жасалып жатыр? Азын-аулақ жалақымен ғалымдар ғылымды дамыта ма? Осындай сан түрлі сауал мені де мазалайды.

Білуімше, мемлекет ғылымның дамуын алдыңғы орынға қойған кезде ғана ілгерілеушілік болады. Ал өз пікірін тайсалмай айтқан жастарға «Мені кетем деп қорқытпаңдар!» деу дұрыс емес. Дәл осындай сөзді өз басым талай естідім. Әлем тілдері университетінде 1-курста оқып жүргенде бір топта екі оралман қыз болдық. Жанымдағы қыз Моңғолиядан еді. Ол кезде қазақшам нашарлау. Сонда тарих пәнінің оқытушысы «Сендер оралман болып келіп, ұялмайсыңдар» дейтін. Қытайда, Иранда, АҚШ-та оқыдым, талай жыл тұрдым. Ешкімнен кемсіткен бірауыз сөз етімедім. Өкініштісі, мұны өз қазағымнан естідім. Бізде неге адамды кемсіткенді, рухын басқанды жақсы көреді?

Қазір де Қазақстандағы жастар шетелге кетуге құмар? Неге? Себебі айтпаса да түсінікті. Өз біліміне сенетін жастар жақсы өмір сүруді, жақсы жалақы алуды қалайды. Егер елімізде білім, ғылым қуған жастарға көзқарас түзелсе, олар да жылы орнын суытпас еді.   

– Біраз жерде жұмыс істеген соң табысың да жақсы шығар. Инвестицияны білімнен бөлек қайда құясың?

– Көбінесе үй сатып аламын. Жылжымайтын мүлік те – инвестиция. 12 жастағы қызым да өзім сияқты көп тіл білсе деймін. Лингвист маман ретінде айтарым, бала 12-13 жасқа дейін бірнеше тілді сіңіріп, меңгере алады. Өзім ағылшын, қазақ, қытай, парсы, орыс, яғни 5 тілде еркін сөйлеймін. Қытай тілін Үрімшіде тұрғанда балабақшада үйрендім. Жалғыз қазақ болдым. Үйде отбасыммен тек қазақша сөйлесетінбіз. 6-сыныпта ағылшын тілі мұғалімі кітап таратып берді. Бәріміз парақтап жатырмыз. Сонда мұғалім «Кітапты жауып қойыңдар. Біз неге ағылшынша оқимыз?» деп сұрады. Әркім әртүрлі жауап беріп жатыр. Сонда мұғалім: «Әлемдегі әдемі тіл – ана тілі. Ал ағылшын тілін оқу себебіміз – олардың технологиясы мықты. Соны үйрену үшін, ағылшын керек» дегені мәңгі есімде қалыпты. Міне, 13 жастағы баланың санасына сондай идеология құяды.

– Ендігі арман-мақсатың қандай?

– Канадаға кеткендегі бір себеп – сонда жұмыс істеп, қайтып келсем өз еліме қадірлі болам ба деген ой. Алла сәтін салып, елге оралсам балалар үйін ашсам деймін. АҚШ, Қытай, Канададан алғаным, жиған-тергенім бар, бойымдағы қазақы тәрбием бар, бар тәжірибемді салып балаларды  жан-жақты азамат етіп тәрбиелегім келеді. Ал әзірге АҚШ-та қытай тілінен сабақ беретін қазақ қызымын.

Тегтер: