Жаңа мемлекеттік саясаттың басты бағыты – құқықтық жүйені дамыту

Әр мемлекеттің басты құжаты бар. Ол – Ата заң. Биыл 1995 жылы қабылданған басты тарихи құжатқа – 28 жыл. Осы уақыт ішінде бірқатар толықтырулар мен өзгерістер енгізілді де.
Алайда, мұндағы негізгі ұстын – демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет ретінде қалыптасу, екінші – мемлекеттің байлығы саналған халықтың, яғни халықты құрайтын әрбір адамның құқығы бұзылмай, бостандығына кепіл беріп, өмірін сақтау.
Ең бастысы, еркіндік пен теңдікті ту етіп, татулық пен бірлікті берік етіп, азаматтық қоғам құру. Бұл бізге әлемдік қоғамдастықта орнымызды нықтап, болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілікті арттырады.
Айта кету керек, Ата заң қолданысқа енгізілгелі бірқатар, дәлірегінде алты мәрте өзгеріс енген. Мәселен, сонау 1998 жылы 19 бапқа түзету жасалып, президенттіктен үміткер адамның жасы 40-қа көтерілсе, 65 жасқа дейінгі шектеу алынған болатын. Ал 2007 жылы президенттік-парламенттік басқаруға көшті. 2017 жылы мемлекет басшысының кей өкілеттігі биліктің тағы да басқа тармағына өтті.
Ал енді қоғамды алға жетелеген, тың жаңашылдыққа бағыттаған өзгеріс соңғы 2019 және 2022 жылғы референдум нәтижесінде туындады. Алғашында, яғни 2019 жылы ел астанасының атын өзгерту туралы түзету енгізілсе, айтулы жаңалық 2022 жылы болды. Еліміздің халқы референдум бойынша Ата заңның 33 бабына бірден 56 өзгеріс жасауға дауыс берді.
«Осыдан 27 жыл бұрын референдум өтіп, бүгінгі Ата Заң қабылданды. Бұдан кейін енген реформаны парламент мақұлдап отырды. Қалыптасқан тәжірибе бойынша осындай. Алайда, Қазақстан дамудың жаңа сатысына, бағытына өтіп, жаңа Қазақстанды құру жолындағы жаңа көшке ілесуі керек. Ол үшін маңызды шешім қабылдаудан тайсалмау қажет. Сол себептен де жалпыхалықтық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойдым» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұны халыққа жолдауында да баса айтты. Еліміздің саяси-әлеуметтік дамуы жөнінде сөз алғанда бұл қолға алған бастамалардың астарында саяси жүйені түп-тамырымен өзгертіп, жаңаша серпін беру керектігін жеткізді. Әрине, заң да, заман да өзгеруі – қалыпты құбылыс. Халықтың талай жылдан келе жатқан талап-тілегі мен арман-мақсатын ескеру ләзім.
Олар әр реформадан, әр жаңашыл дүниеден үміт күтеді. Оған жету үшін қоғамды демократияландырып, конституциялық реформа жасау маңызды. Бұл өзгеріс еліміздің болашағын айқындай алады.
Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Берiкұлының айтуынша, кез келген конституциялық реформаның негізінде екі басты қағида болуы керек.
«Біріншісі, биліктің өзін-өзі шектеуі. Екіншісі, азаматтардың бостандығын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда 2022 жылдан бері жүргізілген конституциялық реформалар алғаш рет жоғарыда айтылған идеяларды, яғни билік өзін-өзі шектеп, ел халқының бостандығын қамтамасыз етуді алдыңғы басымдыққа қойып, белгіледі.
Демек, институционалдық кепілдік жасауды жүзеге асыруға болды. Соның барысында институттар кез келген мемлекеттің, қоғамдық саяси жүйенің негізі бола алады. Осы институционалдық іргетасқа негізделіп, адамдарға қызмет ететін жүйені құруға мүмкіндік берді. Бірақ бұл тәуелсіз еліміздің 30 жылында үстемдік еткен жеке тұлғаға бағытталған моделге қарсылық танытты.
Сондықтан конституциялық реформаның басты жетістігі – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Назарбаевқа қатысты белгіленген және заңдастырылған жеке билік режимін жою деп тануға болады», – дейді Қазақстандық қоғамдық даму институты Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы Риззат Берікұлы.
Сондай-ақ, ол конституциялық өзгерістер эволюциялық процесс болған соң, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажеттігі туындайтынын жеткізді.
«Яғни, бүгіннің өзінде Конституция бойынша президенттің өкілеттілігін 7 жыл мерзімімен бекітсе де, алдағы уақытта да шешім талап ететін мәселе бар. Атап айтқанда, президенттің өкілеттіктерін мемлекеттік билік тармақтарынан әрі қарай да бөлу, айыру; Парламент мәртебесін нығайту; сот билігінің тәуелсіздік кепілдігін күшейту сияқты саяси түйткілдері бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әділетті Қазақстан құру үшін өткеннің қателіктерін ескеріп, түзетіп, талай жылдан бері қордаланып қалған мәселелерді шешу қажет.
Сондықтан жаңа мемлекеттік саясаттың басты бағыты – құқықтық жүйені дамыту. Яғни, құқықтық саясаттың басымдылығы – мемлекеттің, қоғамның және құқықтық қатынастардың барлық субъектілерінің қызметінде құқық үстемдігі мен конституциялық заңнаманы қамтамасыз етуге болады.
Сол себептен қазіргі уақытта азаматтардың саяси санасын арттыруға ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік шешім қабылдаудағы мүддесін нақты есепке алу керек. Осы бағытта олардың мемлекеттік шешім қабылдауға әсер ететін делиберативті демократиялық институты, яғни жариялылықты арттырудың және қоғамдық, мемлекеттік өмірдің негізгі мәселесін талқылау мен әзірлеу процесіне тартудың маңызды құралы ретінде қолдану маңызды. Алдағы уақытта осы тетіктерді енгізудің заңнамалық құқықтық негізі жасалды. Енді бұдан былай осыны саяси жүйеде нығайту ғана қалып отыр», – деп толықтырды пікірін Р.Берікұлы.
Ал профессор, ҚазҰУ заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі Алуа Ибраеваның пікірінше, тәуелсіздіктің 33 жылында екі конституция әрекет етті. «1993 жылы 28 қаңтарда, одан кейін 1995 жылдың 30 тамызында толықтырылды. Қазақстан мемлекеті бұл күнді атап өтіп келе жатқанына 28 жыл толды. Конституция адам құқығы мен бостандығына кепілдік береді.
Саяси институттардың пайда болып, мемлекеттік механизмі іргетасының қалануы ішкі және сыртқы саясатта орнымыздың нық бекуі – Конституцияның жемісі. Ал соңғы өзгерістер мен толықтырулардың өзі заман талабынан туған. Яғни, кемшіліктер мен олқылықтарды түзеу барысында қоғамда кең көлемде талқылау жүрді.
Президент жанынан құрылған арнайы сараптау-кеңестік кеңеске отандық және шетел ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Нәтижесінде Конституцияның жаңа нұсқасына мыңдаған өзгеріс пен толықтыру енгізілді» деп жауап берді.
Әрине, Ата заң да заман мен демократия талабына сай, толықтырылуы тиіс. Қатып қалған ештеңе жоқ. Президент бастап, халық қолдаған референдум Жаңа және Әділетті Қазақстан құратын алғашқы баспалдақ болады деп сенейік.