ЖАМАУБАЕВ бюджеттің жыртығын НЕГЕ жамай алмай жүр?

Бүгін мәжілістің кезекті жалпы отырысы қызу өтті. Өйткені, Үкімет дәстүр бойынша былтырғы бюджеттің орындалғаны туралы есеп берді. Депутаттардың дайындығынан бұл күнді қатты күткені байқалды. Күн тәртібіндегі 13 мәселенің түске дейін тек біреуі ғана –бюджет жайы қаралды. Ал түстен кейін өзімен-өзі қалған депутаттар «Масс-медиа туралы», «Шетелден активтерді қайтару туралы және тағы басқа заң жобаларын талқылады.
Уақыт жағынан алғанда бұл жиын биылғы 8-шақырылымның жалпы отырысында ең ұзақ күн тәртібімен есте қалғалы тұр. Соның ішінде былтырғы бюджеттің игерілуі – Үкіметтің есебінен бұрын, депутаттардың кесек айыптауларымен ерекшеленді. Сонымен Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін жария етті. Осыдан кейін Үкімет мүшелері Мәжіліс депутаттары тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Бірінші тақырып былтырғы бюджеттің игерілуі бойынша баяндама жасаған қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылы пандемиядан кейін экономиканың біртіндеп өсіп, іскерлік белсенділіктің жандануы байқалғанына назар аудартты.
– Өткен жылы елдегі жалпы ішкі өнім 3,3% өскен. Азық-түлік пен шикізат бағасының әлемде қымбаттауынан Қазақстандағы инфляция деңгейі де қалыпты көрсеткіштен асып, 20,3% құраған. Былтыр бюджет шығыстары 56 стратегиялық бағыт бойынша жұмсалды. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларының 219 нысаналы индикаторына қол жеткізілді. Оларды іске асыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін берді, – деді министр.
Е.Жамаубаев.
Келесі баяндамашы, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрайымы Наталья Годунова қаржы саласындағы «қаны сорғалап тұрған» проблемаларды көтерді. Ол сондай-ақ бюджет қаражатын ұтымсыз жұмсау мердігерлер мен жеткізушілер арқылы көбірек жүзеге асырылатынын жеткізді.
– Біз бюджет шығыстарын қойылған стратегиялық мақсаттарға байланыстыруды сол күйі үйрене алмай қойдық. Салдарынан – жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізуге ешқандай әсер етпейтін іс-шараларға қомақты ресурстарды жұмсадық. Ұлттық жобаларды әзірлейміз, алайда іске асырылған екінші жылында олардың күшін жоямыз. Барлығы орындалып жатқан сияқты көрінеді, бірақ беретін әсері күмәнді. Бір жақтан мыңдаған жұмыс орны құрылып жатса, екінші жағынан Еңбек министрлігі жұмыссыздардың саны өседі деген болжам айтып отыр. Алынатын экономикалық әсер соңына қалдырылған. Жобалық қуатты кеңейту және оған шығу үш-бес жылдан кейін жоспарланған. Ал мұны ешкім бақыламайды», – деді Наталья Годунова.
Н.Годунова.
Бас аудитордың сөзінен ұққанымыз: экономика салаларын қаржыландыру өскенімен одан халықтың жағдайы жақсарып кете қойған жоқ. Бюджеттік ұйымдарды ғана емес, сонымен бірге экономика салаларын да қаржыландыру жаңа жұмыс орындары мен жалақыны көтеру түрінде мультипликативті әсер беруі тиіс еді. Бірақ, қаржы ресурстары су аяғы құрдымға кетіп жатыр.
Қаржы жөнінен қосымша баяндамашы, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ұласбек Сәдібеков 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің жоспарланған параметрлері орындалғанына қарамастан, игерілген қаражат пен бюджетті қалыптастыру кезінде жоспарланған көрсеткіштер арасында нақты байланыс жоқтығын, тиімсіз жоспарлаудың салдарынан бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол беріліп отырғанын айтты.
– Бұл стратегиялық мақсаттарға деген формальды қатынасты және стратегиялық және бюджеттік жоспарлау сапасының төмендігін көрсетеді. Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі 421 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өзара және жергілікті атқарушы органдармен іс-қимылдары сәйкес келмейді. Мәселен, аймақтарды дамытуға бөлінген 1 трлн. 79 млрд теңге нысаналы трансферт, оның 64%-ы Ұлттық қор есебінен берілген. Ал, 63 млрд теңгесі игерілмей қалды дейік. Бұл көрсеткіштердің артында қаншама мәселе тұр. Суға, канализацияға, газбен жабдықтауға қол жеткізе алмай жүрген халық, денсаулық сақтау объектілері тапшы өңірлер бар, – деді депутат.
Ұ.Сәдібеков.
Осылайша ол тиімсіз пайдаланылған қаражатқа қатысты мысалдар келтірді. Бюджеттің тиімсіз атқарылуының негізгі себептерінің бірі – «дұрыс жоспарламау» деп атап өтті. Сонымен қатар, жұмыс топтарының отырыстарында Үкіметтің есебін ұсынған мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлерінің дайындығы төмен. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекет қаржысын қайда, не үшін жұмсағанын білмейді деп сынға алды.
Депутат Елнұр Бейсенбаев елдегі қымбатшылық пен инфляция, соның салдарынан халықтың несиемен күн көруге мәжбүр болып отырғанын айтты.
– Халық тапқан-таянғанының жартысынан көбісін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Бізді осы орнаған жағдайдың өзгермей отырғаны алаңдатады. Халықтың мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға тәуелділігі әлі де жоғары деңгейде екені байқалады. Еліміздегі әрбір азаматтың еңбек табысының 3/1 бөлігі осы қолдаумен жамалып отыр. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен едәуір жоғары (2022 жылы – 31%, 2018 жылы – 29%, 2015-2016 жылдары – 23%). Оған қоса, халықтың несие алу деңгейі де өте жоғары. Мысалы 2022 жылы тұтынушылық несие – 30 процентке, яғни 13,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл бюджетке түсетін салықтық түсімдермен шамалас қаражат. Яғни, аталған көрсеткіш – халықтың төлем қабілетінің төмендеуінің көрсеткіші, яки бір қарызды екінші қарызбен жамап жүрген халықпыз, – деді депутат.
Тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейі 9-10%-дан кем емес. Бұл – кемі 900 мың адам деген сөз, яғни үкімет айтып отырғаннан екі есеге көп. Ал бюджеттен бөлінетін қаржы тек уақытша жұмыс орындарын ашуға, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық тиімділікті сақтау үшін жұмсалып отыр. 2022 жылы бюджеттік және салықтық әкімшілендіру жүйесінде тиісті жоспарлау, болжау және мониторинг жүйесінің болмауы, бюджетке қатысты тәртіп деңгейінің әлсіздігі байқалды. Республикалық бюджеттің тек 49 проценті ғана нақты табыспен, тұрақты қаражатпен қамтамасыз етілген. Бұл қауіпті көрсеткіш. Сондай-ақ, депутат мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдерді республикалық бюджетке алып қою үрдіске айналғанын жеткізді.
– Мемлекет басшысының республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға негізделмеуі тиіс деген тапсырмасына қарамастан, 2021 жылы 4,5 трилион, 2022 жылы 4,6 трилион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бүгінде республикалық бюджеттің 28%-і Ұлттық қордың қаражатынан жабылды. Бұл бюджеттің үштен бір бөлігі. Оған қоса, бүгінде Ұлттық қордың активтері 56 миллиард АҚШ долларынан асса, ал мемлекеттің қарызы 54 миллиардтан асады. Бұл сомаға квазимемлекеттік сектордың тағы 42 миллиард доллар қарызын да қосуға болады. Баланс теріс. Үкіметтің қарызы Ұлттық қордағы қаражаттан асып кетті, – деді халық қалаулысы.
Өңірлерге бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалануда да проблемалар бар. Әкімдіктер тарапынан қойылған мақсаттар мен индикаторларды жүзеге асыру мониторингінің сапасыз орындалуы байқалады.
Осы ретте Е. Бейсенбаев Үкімет мүшелеріне бірқатар ұсыныстарын берді. Алдымен мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіруді бюджеттік бағдарламаларды тексеруден және оларды дұрыс жіктеуден бастау қажеттігін айтты. Үкімет бюджеттік нақтылауды тек пайыздық көрсеткіштерді көтеру мақсатында емес, керісінше тұралап қалған жобаларға қосымша қаражат қарастыру үшін пайдалануы керек.
Е.Бейсебаев.
Депутаттар бюджеттің орындалуындағы оң нәтижелерді да атап өткенді жөн көрді. Атап айтқанда, елімізде ұлттық экономиканың 3,3%-ға нақты өсуі байқалған. Республикалық бюджетке түсетін түсімдер өткен жылғы деңгейге қарағанда 24%-ға ұлғайып, толық көлемде орындалған. Республикалық бюджеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде да орындалып отыр.
Мәжіліс Үкімет және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін мақұлдады. Қорытындысында аталған есепті мақұлдауға отырысқа қатысқан 94 депутат дауыс беруі тиіс еді. Дегенмен, 2 депутат қатысқан жоқ. Ал 73 депутат жақтап, 12 депутат қарсы болса, 7 депутат қалыс қалды.
– Бүгін жан-жақты талқылау болды. Өте маңызды ұсыныстар айтылды. Қатты да әңгімелер айтылды. Біз Үкіметтің есебін жыл сайын тыңдап келе жатырмыз. Үкімет жылдан жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқаны туралы мақтанышпен баяндайды. Игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де жыл сайын өзгермейді. Өзгеретін – тек баяндамашылар және сұрақ қоятын адамдар, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Палата Спикері өтіп кеткен бюджетті сынға алған соншалықты дұрыс емес екеніне де назар аудартты. Өйткені, орындалған бюджет қайта оралмасы анық. Сондықтан да ол алдын алу мәселелеріне көбірек көңіл бөлуге шақырды. Мәселен, алдағы уақытта Мәжіліске келіп түсер Бюджет Кодексінің кезінде және Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларды қарау барысында бүгінгі айтылған сын-тілектерге назар аударуды ұсынды.