27 Мамыр 14:00

Жаһандық соғысқа бастайтын жеңіс...

Украина
Фото: Коллаж NEGE

Майдан даласында Украина сарбаздары сәтсіздікке ұшарып, Ресей әскері басымдыққа ие бола бастады. Бұл жайт әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. 

Өйткені, Украина жеңілсе, НАТО лажсыз жанжалға араласуы ықтимал. Бұл – жаһандық жанжалдың аулы алыс емес деген сөз. Соғыстан қашу үшін Украина талауға тасталса, Ресей амбициясының араны ашыла түсері кәдік. Бұл – тығырық.

Киев
Фото: Виталий Носач / РБК-Украина

Ресей әскерінің соңғы әрекеттері сәтті шықты. Мұны Киев те мойындады. Бұл ресейліктерге басымдық беріп, бірнеше бағыт бойынша батыл әрекет жасауға итермелеп отыр. Украина тарапы болса, қарымта соққы ретінде Ресейдің ішкі өңірлеріндегі нысандарды нысанаға алуды күшейтпек.

Батыс БАҚ-тарының дерегінше, Киев бұл үшін АҚШ-тың батасын алуға ұмтылып отыр. Украина бір делегациясы қазір Вашингтонда жүрген көрінеді. Олар Ақ үйден ресейлік әскердің, әскери нысандардың орналасқан орны туралы барлау деректерін алуға үмітті. Десе де, АҚШ-тың қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы шенеуніктерінің Ресейдің ішкі өңірлеріне қарсы Батыс қаруын қолдануға қатысты пікірлері әзірге ала-құла. Бірі мақұл көрсе, екіншілері қаймыққан түр танытады.

Ресей тарапының ақпараттарына қарағанда, қазір майданның барлық шебінде Ресей әскерінің мерейі үстем шығып жатқанға ұқсайды. Харьков пен Донбасстың кейбір өңіріндегі ахуал украиналықтарды қатты алаңдатып отыр. Ресейдің қорғанысы министрлігінің мәліметінше, «Солтүстік» әскери тобының бөлімшелері қарсыласының қорғаныс шебін бұзып өтіп, алға жылжып келеді. Украина тарапынан адам және техника шығыны аз емес.

Ал Часовой Ярда ресейдің десантшылары қалаға басып кіріп, ұрыс салу үстінде. Десантшыларға қарсы Украинаның ең таңдаулы әскері қарсы тұрған. Мұның өзі УӘК-тің (Украинаның әскери күштері) әскері күші жетпей жатқанын көрсетсе керек. Батыс мәліметтерінше, кейбір бөлімшелердің жеке құрамындарын толықтыруға 40 пайызға дейін адам жетіспейді.

Соғыс
Фото: Украина президентінің кеңсесі

Мәскеу майдандағы үстемдігін бұлдап, Киевті келіссөз үстеліне отырғызуды көздейтін секілді. Бұлай тұжырым жасауға Ресейдің жоғары лауазымды төрт шенеунігі растаған ақпарат түркі болып отыр. Рас болса, Владимир Путин соғысты тоқтату үшін Украинамен келіссөз өткізуге дайын көрінеді. Тек қана Киев қазіргі майдан шегі бойынша шекараны мойындауы тиіс. Егер бұл месседжге жауап берілмесе, қантөгісті әрі қарай жалғастыра бермек.

Владимир Путиннің ойынша, ресей азаматтары «жеңіс» деп бағалайтындай майдандағы сәтті қадамдар жеткілікті. Бірақ Украинаны одан әрі тықсыра түсу үшін тағы күш жиып, мобилизация жасауға тура келеді. Кремльдің әзірге оған барғысы жоқ. Украина президенті Владимир Зеленскийдің Путинмен ешқандай келіссөз өткізбеуге бекінгені оның ызасына қатты тиіпті. Ол көнбесе, тікелей Батыспен келіссөз жүргізуге де дайын-мыс.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та бұл ақпаратты растағандай болды. «Ресей президенті келіссөзге дайын екенін бірнеше рет айтқан. Біздің ел «мәңгілік соғысты» қаламайды», – деп мәлімдепті ол.

Батыс БАҚ-тары Украинаның жағдайы мәз емес екенін растап отыр. The New York Times-тың пікірінше, Ресейдің майдандағы басымдыққа ие болуы Киевті Мәскеудің ығына жығылып, дегеніне көнуге итермелеуі бек мүмкін.

Украинаның майдан даласындағы сәтсіздігі келіссөзге әкеле ме, әлде жаһандық жанжалға ұласа ма? Бұл сауал таразы басында тұрғандай. Өйткені, Батыс елдерінің кейбірі «Украина жеңіле бастаса, соғысқа араласуы мүмкін екенін» ашық айтқан болатын.

Соғыс
Фото: detaly.co.il

Мәселен, президент Эмманюэль Макрон Францияның әскер кіргізуге әзір екенін айтып қалды. НАТО-ға мүше елдердің дені әзірге әскери көмекпен шектелу қажет деп мәлімдеп келді. Десе де, НАТО-ның басқа да құпия жоспарлары бар болуы әбден мүмкін. Бұл туралы да ашық айтылып жатыр.

Мәселен, Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан Брюссельдегі НАТО-ның штабындағы жұмыс топтары Украинадағы соғысқа араласудың амалын қарастырып жатқанын айтты. Оған сенсек, әскери дайындықты айтпағанда, қаржылық есеп-қисабы да жасалу үстінде.

Ұлыбританияның басылымдары өз қоғамын алапат жанжалға сақадай-сай болуға шақырып отыр. The Telegraph басылымының жазуынша, НАТО-ның Ресеймен қақтығысуы әсте ғажап емес. Сондықтан Ұлыбританияның алдағы сайлаудағы басты тақырыбы қорғаныс саласы болуы тиіс.

«2022 жылы басталған Украинадағы соғыс – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең үлкен жанжал. Десе де, Мәскеудің импершіл амбициясын Владимир Путиннің іске асыруға ұмтылысы ядролық Ресей мен НАТО блогы арасында қақтығысқа әкелуі әбден мүмкін», – деп жазады сарапшы Кон Кафлин.

Таңы бір тосын жайт, 16-16 маусым күндері Швейцарияда Украинадағы жанжалды реттеу мәселесі бойынша конференция өтпек. Оған 160 елден делегация қатысады. Бірақ саммитке жанжалдасушы тараптың бірі – Ресей шақырылмайды. Бұл бас қосу Украинаға әскери көмек беруді жалғастыруды көздей ме, әлде соғысқа араласу тетіктерін қарастыра ма? Бұл жағы әзірге белгісіз.