Зейнетақы қорындағы қаржыға қандай үй алуға болады?

Бүгін президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына екінші жолдауын жасады. Бұл жолдаудың көтерер жүгі де аз болмады. Себебі, дәл қазір еліміз індеттің бірінші тоқынынан өтіп, екіншісіне дайындық үстінде. Яғни, қол қусырып отыратын уақыт жоқ. Әлеуметтік салада әлі шешімін күтіп тұрған мәселе шаш-етектен.
Бүгінгі жолдауда әлеуметтік сала бойынша екі мәселеге басымдық берілді. Қарапайым халықты қуантқаны да осы. Оның біріншісі – «2021 жылдан зейнетақы жинағын баспана сатып алуға жұмсауға болады» деген жаңалық.
«Менің тапсырмамның аясында өзінің жеке зейнетақы жинағын пайдалану мәселесі талқыланған болатын. Бұл қазірдің өзінде де өзекті болып отыр. Дегенмен, 2021 жылы Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының 700 мың салымшысы баспана сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына өз жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын болады», – деді ҚР Президенті.
Қаншама жыл тірнектеп жиған зейнетақы қорындағы қаржының болашағына алаңдаған халық мұны естіп қуанып қалды.
Екінші жаңалық – сәби сүю бақытына ие болғысы келетін аналар үшін мүмкіндік сыйлау. Президент Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырды.
«ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек. Отбасы-демографиялық жағдай алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұны ажырасудың айтарлықтай себебі деп есептейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстан халқының өсіміне болжамы көңіл көншітерлік емес», – деді Президент.
Расында да, талай отбасын бала сүю бақытынан айырып, көптеген шаңырақтың шайқалуына себеп болатын бедеулік, белсіздік проблемасы соңғы уақытта тіптен өзекті бола түсті. Қазақстанда қазіргі уақытта жұбайлардың шамамен 15-20 пайызы осы мәселеге тап болған. Дей тұрғанмен, қосалқы репродуктивті технологиялардың дамуы арқасында табиғи жолмен дүниеге бала әкеле алмайтын ата-аналар нәрестелі бола алады. Бірақ бұл қызмет түрі қаншалықты қолжетімді және сапалы? Бір қуаныштысы, Қазақстанда экстракорпоральді ұрықтандыру құны шетелдерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелде шамамен 10-15 мың доллар болса, бізде 650 мың теңгеден 1,2 млн теңгенің айналасында. Президент айтпақшы, «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданса, талай отбасы шаңырағынан сәбидің шат күлкісі естілер еді.
Сондай-ақ, жолдаудан түйгеніміз – 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады.
«Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тік тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деді Мемлекет басшысы.
Тағы бір айта кетерлік жайт – жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал, 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға беріледі. Бұл – осы мақсатқа орай 1,5 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылады деген сөз.
Мақсат Сералы, экономист:
Қандай баспана алатынын әр азамат өзі таңдасын
– Зейнетақы қорындағы жинаған қаражатқа баспана алу үшін, біріншіден, оның нақты тетігі болуы керек. Қазір бұл идея жүзінде ғана. Негізінен бұл тетікті жүзеге асыратын – Қаржы министрлігі. Бірінші, баспананы Тұрғын үй жинақ банкі арқылы алғашқы салымшы ретінде беруі мүмкін немесе екінші деңгейлі банктер арасынан бөліп беруі мүмкін. Бұл қалай жүзеге асады, әлі белгісіз.
Ең дұрысы – Тұрғын үй жинақ банкі арқылы қарастыру қажет. Бұл мемлекеттің үлесі бар банк. Ал екінші деңгейлі банктердің өзінің жасырын комиссиясы және қызмет көрсету құны бар. Ол үшін арнайы тағы бір бөлім, не агенттік ашу тиімсіз. Сондықтан Тұрғын үй жинақ банкі арқылы есептеп, салымшылардың саны қанша екенін анықтау керек.
Зейнетақы салымының көлеміне және мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан пәтерлерге байланысты жүзеге асыру қажет. Қаражатты бірінші салынып жатқан үйлерге беретін болса, механизм де дұрыс жүзеге аспайтын сияқты. Меніңше, бұл азаматтың өзі жинаған қаражаты болғандықтан халыққа толыққанды таңдауға мүмкіндік беру керек. Яғни, ол жаңа үйлерден ала ма, әлде екінші сатылымдағы баспананы ала ма? Тіпті, жер сатып ала ма немесе саяжайдан жер телімін ала ма, оны әр азамат өзі жинаған қаражатына сай шешуі керек. Мысалы, көпбалалы отбасының жинаған қаржысы 3-4 млн теңге болса, оған 18-25 млн тұратын үй керек емес. Оның ай сайын төлейтін төлемақысы көбейіп кетеді. Сондықтан халық арасында сауалнама жүргізіп, «Зейнетақы салымы бар азаматтар қандай баспана алғысы келеді?» деген сұрақ қою керек. Яғни, ол азамат тірнектеп жиған ақшасын қалай жұмсағысы келеді? Мәселені содан бастау керек. Талғамын зерттеу керек. Мұны жаңадан баспана салып жатқан құрылыс компаниясына да бере салуға болмайды. Олай етсек, сұраныс көбейеді де, нарықтағы тұрғын үй бағасы шарықтап кетеді. Демек, зейнетақы қорына ақша жинаған халықтың өзіне мүмкіндік берілсе деймін.
Әрине, бұл қаржы үйді бірден сатып алуға жетпейді. Алғашқы жарнасына ғана жетуі мүмкін. Тіпті, 50 пайызын төлей алатын шығар. Несиеге алғаннан кейін оның пайыздық мөлшері қандай болады? Мұны да алдын ала әлеуметтік зерттеу жүргізіп, зерттеу керек. Содан кейін ғана 4-5 нұсқасы ұсынылып, ішінен тиімдісін алып, жүзеге асыру қажет.
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:
Демография бірінші кезекте болуы керек
– Жалпы, еліміздің демографиясын алсақ, өсім бар. Мысалы, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 200 мыңнан астам сәби дүниеге келіпті. Бір жылда 400 мыңға жуық сәби өмір есігін ашады. Алайда, сәби сүю бақытына ие бола алмай жүрген отбасы қаншама. Осы тұрғыда Президент мүмкіндік беріп, «Аңсаған сәби» бағдарламасын қабылдауға тапсырма беруін құптаймын. Бұған мемлекет көңіл бөлсе, демографиялық саясатты көтеруге жағдай туады.