10 Қаңтар 23:41

Заңсыздық пен қатыгездікке қарсы тұруымыз керек

Отбасылық зорлық-зомбылық
Фото: ғаламтордан

Қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік белең алып барады. Әлімжеттік көрген әйел мен соққыға жығылып жылаған балада есеп жоқ. Ақпарат құралдарында тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңалықтар жиі жарияланып, кісі өліміне әкеп соқтырған кейбір оқиғалар қоғамда дүрбелең туғызуда. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдайтынын айтты.

«1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды», – деді Президент.

Елде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалаймын деген мемлекет басшысы «Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек. Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет», – деп мәлімдеді.

Статистикаға сүйенсек, үйде әлімжеттік көрген әйелдердің үштен бірі ғана полицияға жүгінеді екен. Оған қарағанда қазір психолог мамандарқазір бұл мәселемен жиі ұшырасып жатады. Сондықтан осы өзекті тақырыпты Практикалық психология және психотерапия институтының маманы, психолог, тренер Дина Садуақасовамен бірге талқылап, сауалдар қойған едік. Оқырман назарына осы сұхбатты ұсынамыз.

– Дина ханым, «тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген сөзге қандай анықтама беруге болады? Әйел болсын, мейлі бала болсын, ол адам үйде теперіш көріп жатыр ма жоқ па оны қалай анықтаймыз?

– «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген сөзге екі бағыттық тұрғыдан қараған дұрыс деп ойлаймын. Біріншіден, заң аясында, себебі, тұрмыстық зорлық-зомбылық – өзара жақын туыс адамдардыңотбасы-тұрмыстық қатынастарының аясында болатын бір адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті (іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі) деп көрсетілген «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында.

Зомбылық
Фото: ғаламтордан

Екіншіден, психологиялық білім аясында, тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз – адамның жеке тұлғасындағы, ішкі жан-дүниесіндегі, өмірді қабылдауындағы, өмір сүру барысындағы өмірлік стратегиясындағы психикалық ерекшеліктерінің сыртқа көрініс табуы дер едім. Өз үйінде қысым көріп жүрген адамды оның сыртқы іс-әрекетінен, адамдармен араласуынан, мінез-құлқындағы өзгерістерден байқауға болады. Мысалы, бұрынғы көпшіл адам бүгін күні шамадан тыс ұяң адамға айналған. Тағы сол сияқты ішкі психикалық күйлердің сыртқы көріністерінің байқалуы:

– Әйел адамның өзінің жарының алдында әрбіріс-әрекеті туралы есеп беріп, оның рұқсатынсыз ешбір қимыл жасай алмауы;

– Туыстарымен араласуының азаюы;

– Іс-әрекеттерінде шектеулердің болуы;

– Өзі туралы беретін бағаның төмендеуі, әңгіме барысында өзін кіналап сөйлеуі;

– Жұмысқа, сабаққа кешігуінің жиілеуі;

– Тұмшаланып киінуі – мерзімге, ауа-райына қарамай киіну, күннен қорғанатын көзілдірік киюі;

– Отбасындағы озбырлықтың негізгі себептері қандай?

– Оның себебі осы деп айта салатындай нақты жауап жоқ шығар деп ойлаймын. Себебі, әрбір адам өзінің өмірлік тәжірибесімен, психологиялық бейнесі-болмысымен, моральдық-психологиялық және тәрбиелік тұрғыда өзінше ерекше ғой.Алайда, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кең тараған факторларының бірі – физикалық және моральдық күш қолдануды норма деп есептеу.

Мысалы, көптеген зерттеулердің нәтижесінде бала күнінде зомбылық көріп өскен бала үлкейгенде сол іс-әрекетті негізі іс-әрекеттің моделі ретінде қабылдайды. Психолог ғалымдардың айтуынша,бала күнінен жақындарының ықыласы жеткіліксіз болған, ата-анасының махаббатын толық ала алмаған, сол кемшіліктерін толықтыруға құштарлығы, ынтықтығы бар адамдар үйде әлімжеттік көрсетуге жақын болады.

Бұл айтылған құбылыстар әрине адам психикасының тұңғиығында тереңде жатады.

– Жақында ғана Президент Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатындаТұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын деп айтты. Бірнеше айдан бері Мәжіліс депутаттары заң жобасын әзірлеп жатыр. Сіздің ойыңызша отбасындағы озбырлықты заңдық тұрғыда қылмыс ретінде қарастырып, жазаны барынша қатайту керек пе?

– Әрине, қатайту керек. Ата заңымызға сәйкес неке және отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында. Себебі, бұлар ел болудың іргетасты басты құндылықтары. Сондықтан, заң аясында мемлекет тарапынан барынша қорғалуы тиіс. Аталған құндылықтық қатынастардың құқықтық негіздері арнайы Кодекстермен реттеледі. Жасалған құқық бұзушылықтың деңгейіне, ауырлығына қарай тиісті жауапкершіліктер болуы керек және жазаның қатаңдығы сезілуі тиіс. Ең дұрысы – мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу.

– Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысуы тиіс деген мәселе көтеріліп жатыр. Осындай өзгерістерге деген көзқарасыңыз?

– Бұл мәселе көп жағдайда орынды. Себебі, әлімжеттіктің құрбаны болып жатқан көбінде қыз балалар, әйелдер. Бұл психологиялық тұрғыдан да дұрыс болар. Бірақ, тергеудің толық және объективті болуын да естен шығармаған дұрыс. Сондықтан, әрбір жағдайға байланысты тергеуші арнайы тағайындалғаны жөн.

зорлық
Фото: ғаламтордан

– Неге біздің қоғамда үйдегі әлімжеттік қалыпты құбылысқа айналып кетті? Әлде бұрын бұл мәліметтер жасырын болды ма?

– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл құбылыс көбеймесе азайып жатқаны шамалы. Себептері көп. Экономикалық, психологиялықжәне т.б. Қоғам бір орнында тұрмайды ғой. Сол себепті қоғамдық қатынастар да барған сайын күрделене түсуде. Ол дегеніміз өмір сүру қиын болып бара жатыр деген сөз емес. Қатынастардың қай деңгейі болса да жаңа көзқарастар мен жаңа тәсілдерді қолдана алуымыз керек деген сөз. Психологиялық тұрғыдан көмек беруге дайын болуымыз қажет. Осы жұмысты кәсіби жағынан дамыту өзекті басымдықтардың бірі болып отыр.

– Өкінішке қарай, бізде көп жағдайда әйелдер өзіне қиянат жасаған агрессормен, абьюзерменқарым-қатынасты жалғастырады. Дағдарыс орталықтарына түскен әйелдер кейде арызын қайтарып алып күйеуіне қайта қосылып жатады. Бұның себептері неде екен?

– Американдық ғалым Л.Уолкер тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетудің циклдік айналымын анықтаған. Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз келесідей 4 кезеңнен тұратын бітпейтін циклдік айналым екен: пайда болуы, өршуі, зомбылық инциденті және татуласу мен тыныштық кезеңі. Осы циклдік айналымнан әлімжеттіктің құрбаны болып отырған әйел адамның шығып кетуі психологиялық тұрғыдан да, практика жүзінде де өте ауыр.

Біріншіден, қорқыныш. Зорлық-зомбылық үйренген дәрменсіздікті тудырады – «выученная беспомощность». Зорлық көрсетушінің алдында әйел өзін қауқарсыз, дәрменсіз, қорғансыз сезінеді. Екіншіден, кінә. Барлық болып жатқан жағдайда әйел тек өзін кінәлайды. Зорлықшылдың айтқанының жөні бар деп есептеп, өзін «жөндеуге» тырысады. Үшіншіден, үміт. Циклдің татуласу мен тыныштық кезеңінде агрессор өлгендегі сөзін айтып, кешірім сұрап, түзелетіндігі туралы берген уәдесіне сеніп, үміт артады да, сол бәз-баяғы қатынастарға қайтып келеді.

Бірақ, зорлық-зомбылық көрсету – қылмыс! Сондықтан, әйел адамдар бұл құбылыстың цикл екендігін дер кезінде түсінгені құба құп болар еді.

– Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар үшін мемлекеттік, халықаралық деңгейде қандай қорғау шаралары қарастырылған? Елімізде осындай қиын жағдайға түскен кез келген адамға (ерлер, әйелдер, балалар) қандай көмек көрсетіледі?

– Әрине, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен тұлғаларға көмек көрсететін арнайы мамандандырылған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Олар консультативті-психологиялық және заңгерлік көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетуұйымдастырылады. Оларға толық қауіпсіздік пен анонимділігін қамтамасыз етіледі. Балалары бар әйелдер мамандандырылған дағдарыс орталығында бір айдан жарты жылға дейін бола алады.

– Қазақстанда зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту және психологиялық қолдауға қатысты жүйелі бағдарламалар бар ма?

– Бұл жөнінде Үкімет тарапынан бүгінгі күні кешенді жоспар дайындалуда. Жоғарыда айтылғандай дағдарыс орталықтары да жүйелі жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге, республикаамызда отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 АМАНАТ» Бірыңғай Мемлекеттік байланыс орталығы жұмыс істейді.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін тағы не істеуге болады?

– Халық арасында, кез келген жас аралығында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Ол жолда цифрлық технологияны пайдалануға да, дәстүрлі әдістерді қолдануға да бола береді. Көбінде білместіктен зорлық-зомбылық құрбанына айналып жатады адамдар. Біз 2023 жылы қараша айында Алматы қаласында «Практикалық психология және психотерапия институтын» ашқан болатынбыз. Институтта кәсіби маман-психологтар командасы жұмыс істейді.

Институттың негізгі мақсаттары гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, құқықтық қолданбалы психология, клиникалық психология, психотерапия және психологиялық кеңес беру салаларында, психологиялық және басқа да қызметпен айналысатын ұйымдарды басқару саласында, оның ішінде практикалық психологиялық дағдыларды меңгеру, кәсіби және тұлғалық өсу, сонымен қатар практикалық психология мен психотерапияның заманауи үлгілерін, қазақстандық кәсіби қауымдастықтардағы психологиялық ұйымдарды басқару үлгілерін тарату, халықтың мүдделері мен қажеттіліктерін қанағаттандыратын қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын қосымша кәсіби бағдарламалар (мамандарды даярлау, тағылымдамадан өту, біліктілігін арттыру және қайта даярлау) бойынша қызметтерді көрсету болып табылады.

– Отбасындағы конфликтіні болдырмас үшін мамандар қызметіне жүгінген маңызды дейсіз ғой?

– Өте маңызды. Үйде ұрыс-керіс болмауы үшін, зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін әр адам өзімен жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі заманда өзіңді дамытып, саналы болу, сауатты болу, жұбайыңмен, балаңмен дұрыс қарым-қатынас құруды үйрену өте өзекті. Отбасындағы конфликтіні, әлімжеттіктіболдырмау үшін білікті психолог мамандардың қызметіне жүгіну де аса маңызды. Қайталап айтам, зорлық-зомбылық болды, енді не істеймін деп отырғанша, оның алдын алып отырған абзал.

Сұқбаттасқан – Меруерт Төленова.