Утильдің «черный кассасы». «Жасыл даму» НЕГЕ Үкіметтің әмиянына айналып кетті?

«Жасыл даму» акционерлік қоғамы 2024 жылы утильсбордан жинаған 306 миллиард теңгені қайта жаратарын білмей, инвестициямен айналыса бастаған. Үкімет басы бос ақшаны өзінің облигацияларын сатып алатын инвестор ретінде пайдалануға көшті. Банктер де утильсбордың қызығын көріп рахаттануда.
Ал былтыр «Жасыл даму» өзінің утилизация және экологиялық негізгі бағытына небәрі 3,5 миллиард теңге бағыттаған. Утильсбордан жинаған ақшасы мен өзінің сол қаржыны жинаудағы мақсатына жұмсалған сома арасындағы айырмашылық 100 есеге жеткен.

2024 жылы утильсбор ақшасы қалай жұмсалғанын қарайық. 85 миллиард теңге Төтенше жағдай министрлігіне өрт сөндіруші, басқа да құтқарушы техника алуға, 17 миллиард теңге жол салатын арнайы техника алуға, 15 миллиард теңге автобус сатып алуға бағытталған. Олардың көлік утилизациясы, қоқысты өңдеу, экология бағыттарына қатысы қанша? Мұндай жаңару ТЖМ-нің, жергілікті әкімдіктердің өз бюджетінде неге қарастырылмайды?
- Тақырыпқа орай: Утильалымға қатысты петиция бойынша шешім қабылданды
Ең қажетті және мақсатты бағыт – тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға бар-жоғы 3,5 миллиард теңге бөлінген. Утильсбор өзінің бастапқы мақсатынан мүлде ауытқып, Үкіметтің жетпей жатқан тесіктерді қаржыландыра салатын ыңғайлы әмияны саналып кеткенін осыдан анық көруге болады.

«Жасыл даму» АҚ экологиялық жұмыстың операторы емес, кезекті инвестициялық компанияға айналып бара жатыр. Былтыр 306 миллиард теңге жинаса, өз қызметіне 122 миллиард теңге жұмсады. Есептелген 41 миллиард теңге салықты алып тастағанда, қалғанын облигациялар мен банк депозиттеріне салып, РЕПО мен овернайтпен ойнап, қазынашылық қызметке кәдімгідей бел шеше кірісіп кеткен.
- Тақырыпқа орай: Утильалымға қатысты петиция бойынша шешім қабылданды
Ең алдымен, Қаржы министрлігі компанияға өз облигацияларын биржа арқылы сатып, қарыз алу мәселесін шешіп алды. Утильсбор ақшасына 114 миллиард теңгеге облигациялар алынды. Банктерге депозит ретінде 120 миллиард теңге салынған. Қазір банктер үшін «Жасыл даму» майлы клиент болып отыр. Осы арқылы компания банк пайызынан-ақ 36 миллиард теңге тапқан.
«Жасыл даму» компаниясының әкімшілік шығындары 2,4 миллиард теңгеге жеткені де біршама сұрақ туғызады. Ол негізгі функциясын дұрыс атқара алмай отырғандықтан ондай шығындар тиімсіз деп саналуы тиіс.
Утильсбордың қазіргі күйін депутаттар сырттан сынағанымен, Мәжілістің де, Сенаттың да тісі батпады. Жалпы көп жағдайда, қоғамдық бақылау мәселесіне келгенде Парламенттің бос фикция екендігін мойындайтын уақыт келді.
Оның айқын себебі, «Жасыл даму» өзінің қызметі, шығындары мен тиімділігі турасында ешкімнің алдында ашық есеп берген жоқ. Бір депутат қана «Жасыл дамуды» сипай қамшылап сынады, сонымен іс бітті.