USD
USD
USD

Бюджетті қуанта бермек. «Altyn Bank» салығы өссе де, пайдасы НЕГЕ артпады?

Қытай мен қазақ капиталынан құралған «Altyn Bank» акционерлік қоғамының 2025 жылғы нәтижесі банк секторының жалпы трендінен мүлде ерекше болып шықты. Сектордағы, әсіресе, ірі ойыншылар таза кірісін арттырса, Altyn Bank-тің таза пайдасы мүлде өзгермеген. НЕГЕ?

.
Фото: Nege.kz

Астана, NEGE. 2025 жылы банктің таза пайдасы 40 миллиард теңгені көрсетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 39,1 миллиард теңге болғанын ескерсек, өсімнің 2,3 пайызды ғана құрап, тым аз болғанын байқаймыз. Дәл осы кезде Altyn Bank активтері 1,33 триллион теңгеге жетіп, банк балансы бір жылда 33 пайызға өскен.

Altyn
Фото: Altyn Bank АҚ 2025 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: PWC

Бұл банк үшін жаман нәтиже емес. Керісінше, нарықтағы позициясының нығайғанын көрсетеді. Бірақ 2025 жылы қаржы секторының бірнеше компаниясында активтердің артып, ал пайданың стагнацияға ұшырау диагнозы пайда болды. Тура осы дертке Altyn Bank те шалдығып отыр. Ол активін үштен бірге өсіріп, несиені көбірек беріп, клиенттерден көбірек ақша тарта отырып, таза пайдасын НЕГЕ айтарлықтай арттыра алмады?

Былтыр өтімділікке қажет қаржыландыру біршама қымбаттады. Себебі базалық ставка жоғары болды. Соның салдарынан қаржы ұйымдарының проценттік шығындары өсіп кеткен. Мысалы, Altyn Bank-тің пайыздық табысы 2025 жылы 136,6 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2024 жылғы 107,3 миллиард теңгемен салыстырғанда жақсы өсім. Бірақ банктің пайыздық шығыстары да күрт артқан. 2024 жылы пайыздық шығыс 50,9 миллиард теңге болса, 2025 жылы ол 79,1 миллиард теңгеге жетті. Яғни пайыздық табыс 27 пайызға өссе, пайыздық шығыс 55 пайызға өскен. Басқаша айтқанда, банк көбірек табыс тапқанымен, сол ақшаны табу үшін шығын да көп болған.

Altyn
Фото: Nege.kz

Дәл осы фактор таза пайыздық маржаны тежеп отыр. Нәтижесінде таза пайыздық кіріс небәрі 57,3 миллиард теңге болды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 56,3 миллиард теңге еді. Айырмашылық көп емес. Былтыр Altyn Bank-тің несие портфелі де айтарлықтай ұлғайды. Клиенттерге берілген жалпы займ көлемі 744,8 миллиард теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 544,1 миллиард теңге болған. Сонда өсім шамамен 37 пайызды құрап отыр.

Altyn Bank портфелінің негізгі бөлігі – жеке тұлғаларға берілген несиелер. Жеке тұлғаларға берілген займдар 637,3 миллиард теңге болды. Бұл – жалпы кредит портфелінің шамамен 86 пайызы. Онда биыл жағдай қиындайды. Себебі кепілсіз несиелерден келген табысқа корпоративтік табыс салығының ставкасы 25%-ға жетіп отыр.

Не болса да, былтыр Altyn Bank капиталын ұлғайта алды. 2025 жылдың соңында меншікті капитал 165,4 миллиард теңгені құраған. Оның негізгі бөлігін 159,3 миллиард теңгеге жеткен үлестірілмеген кіріс құрайды.

2024 жылғы 39 миллиард теңгелік кірістен банк былтыр 15 миллиард теңге дивиденд төледі. Биыл дивиденд 18 миллиард теңгеден кем түспейді деп болжануда.

Қытайдың «China Citic Bank» алпауыты – 50,1%, «Shuangwei Investment» компаниясы – 9,9%, Тимур мен Динара Құлыбаевтарға қарасты «Halyk» тобы 40% акцияға иелік ететіндіктен, Қытай тарапына 10 миллиард теңгеден асатын банктен түскен пайда дивиденд ретінде аударыла алады.

Қазір оқып жатыр

Қарулы күштерді және әскери мекемелерді түбегейлі реформалау керек – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев

Калифорния тұрғындары Temu маркетплейсін сотқа берді

Temu

Бұралқы иттерге қатысты заң Президентке жолданды

Ит

Ақсудан соң Алматыда не болмақ?

.