USD
USD
USD

Ұлттық музейде тарихи карталар көрмесі ашылды

Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде «Қазақ даласы тарихи карталарда: кеңістік пен аумақ құрылымдары» деп аталатын көрме ашылды.

Ұлттық музейде тарихи карталар көрмесі ашылды
Фото: NEGE.kz

Көрмеге XVI ғасыр мен 1939 жыл аралығында еуропалық, америкалық, ресейлік картографтар құрастырған тарихи 26 карта қойылған. Бұл тарихи жәдігерлер ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан ҚАРИННІҢ жеке коллекциясынан ұсынылып отыр.

Құжаттарда қазіргі Қазақтан Республикасының құрамына кіретін аймақтар көрсетілген. Бұл көрмеден қалың көпшілік ортағасырлық кезеңнен бастап XX ғасырдың басына дейінгі кезеңдегі қазақ халқының мемлекеттік аумақтылығының сабақтастығы айқын көрінетін тарихи мәліметтермен таныса алады.

Қазақстанның қазіргі тұтас аумағы картография тарихында алғаш рет XII ғасырда Әл-Идристің «Суарт ал-ард» – Жер суреті еңбегінде таңбаланған екен. Орта ғасырлардағы еуропалық картографтар Қазақ хандығын тарихи-мәдени қауымдастықтағы дербес субъект ретінде таңбаланған алғашқы ғалымдар саналады. Ерте ортағасырлық карталарда қазақ тайпаларының орналасуы және «Қазақ Даласы» («Қазақтардың ордасы», «Қазақ ордасы», «Қазақия» немесе «Хассакия») деген атау алған Азияның түкпіріндегі кеңістіктің құрылымы туралы жалпылама, жартылай аңыз мәліметтер берілген. Ал кейіннен Қазақ хандығының негізіне айналған тайпалар мен рулардың қоныстанған аймақтарының картографиялық негізі қалыптасты.

Бұл аса құнды әрі көне жәдігерлер – қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы үзілмегенінің айқын дәлелі.

Көрме бес бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Атластар дәуірі». Бұл бөлімге XVI-XVII ғасырларда жасалған 7 карта бар. Оның авторлары – ағылшын, италия, нидерланды және неміс картографтары. Мәселен, ағылшын Энтони Дженкинсонның 1562 жылғы «Ресей (Московия) және Тартария» картасы, 1596-1597 жылдары италияндық Джованни Антонион Магинидің «Азия» картасы бар. Бұлардың барлығы да бірегей әрі ерекше тарихи-мәдени құндылыққа ие.

Екінші бөлім «Жаңа заман картографиясындағы Қазақ даласы» деп аталады. Мұнда да шетелдік ғалымдар құрастырған 5 карта бар. Айталық, Джон Керри Ресей империясының картасын жасағанда қазақтардың 1799 жылғы этникалық аумағын да жақсы таныстырады. Сондай-ақ Клювер Филиптің «Скифия және Тартария» картасы, Самюэль Данның «Тибет, қалмақтар мен өзбектердің елдері кірген тәуелсіз Тартария» картасы, «№1 Орынбор жорығының және №2 Сібір губерниясының карталарына қосымша» еңбектері де ерекше құнды.

Үшінші бөлім – «Еуропалық картографияның шарықтау кезеңіндегі Қазақ даласы». Атауы айтып тұрғандай, бұл кезеңде Орталық Азияға деген геосаяси қызығушылық артқан. Бұл бөлімде 4 карта бар. Бұлардың ішіндегі ең салмақтысы – Джон Мартин Рапкиннің «Тәуелсіз Тартария» картасы. Карта шамамен 1846-1851 жылдары басылып шыққан болуы мүмкін. Сондай-ақ Аустрия-Венгрия империясында 1859 жылы неміс тілінде басылып шыққан «Иран және Тұран» картасының да мәні зор.

Отаршылық кезеңін қамтитын төртінші бөлімде («XIX ғ. Әскери топографтарының жұмысындағы Қазақ даласы») 8 карта ұсынылған. Бұл карталарды Ресей империясы Бас штабының Қазақ даласын зерттеген офицерлері дайындаған.

«Кеңес дәуірінің саяси картографиясы» деп аталатын бесінші бөлімде «Қазақ КСР. 1939 ж» тарихи картасы ерекшеленіп тұр. Мұнда екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы Қазақ КСР-інің әкімшілік құрылымын көруге болады.

Көрменің ашылуына қоғам қайраткерлері, тарихшылар, студенттер келіп, аса құнды картографиялық еңбектермен егжей-тегжейлі танысты.

Көрменің мақсаты – Қазақ мемлекеттігінің әкімшілік-аумақтық негізін дәлелдейтін құнды карталарды қалың көпшілікке таныстыру және оны мәдени-ақпараттық айналымға енгізу.        

Қазір оқып жатыр

Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК-тен шығу туралы шешім қабылдады

Мұнай

Үйқамақта болуы тиіс Олеся Кексель Алматы әуежайында не істеп жүр?

.

Жамбыл облысында экс-депутаттың партиядан шығарылуына қатысты іс қайта қаралады

Дамир Ташкараев

АМӨЗ-дегі экологиялық жанжал және Атырау тұрғындарының денсаулығы: деректер не дейді?

.