«Ұлымнан айырылып қала жаздадым»: астаналық тұрғын дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне алғыс білдірді
Бір жасар сәбидің анасы Ақмарал Сапарбек елордалық дәрігерлер мен фельдшерлерге баласын аман алып қалғаны үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша баласының өміріне төнген қауіптен дәрігерлер арашалап қалды. Ақхалатты мамандардың жоғары кәсібилігі мен жылдамдығының арқасында бала аман қалды,деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан, NEGE. Бригада дәрігері Жанар Мұсылманбекованың айтуынша, хабарлама түскен бетте бригада көрсетілген мекенжайға дереу жетті. Бүлдіршіннің дене қызуы өте жоғары болыпты – шамамен 40 градус. Көп ұзамай фебрильді ұстамалар (судорога) басталған, бұл баланың жағдайын әр секунд сайын нашарлата түскен. Дәрігерлердің жылдам әрекетінің арқасында баланың дене қызуы төмендеп, құрысуы тоқтаған.
«Ауруханада қабылдау бөлімінің дәрігерлері кезексіз қабылдап, қажетті көмек көрсетті. Дене қызуы одан кейін көтерілмеді. Енді система алып, ингаляция жасаймыз. Біз аурухана ұжымына, дәрігерлерге, медбикелерге, тазалыққа жауапты мамандарға, аспаздарға және дистрибьюторға – бәріне алғыс білдіргіміз келеді. Медбикелер балалармен өзінің жақын адамы сияқты сөйлеседі. Сондықтан Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, қызметтеріңізге табыс тілейміз!» – деп жазды Ақмарал Сапарбек Facebook парақшасында.
Қабылдау бөлімінің дәрігері Гүлзат Жұмақұлованың айтуынша, бала 5 сәуір күні кешкі уақытта ауыр дәрежелі ЖРВИ диагнозымен түскен. Баланың бойынан құрысу белгілері байқалған.
«Жағдайдың ауырлығына байланысты, шұғыл қимылдауымыз керек болды. Науқас кезексіз қабылданды. Жедел жәрдем сәбиді шұғыл түрде жеткізді, біз оны тексеріп, дереу ауруханаға жатқыздық», – дейді дәрігер.
Қазір баланың жағдайы жақсы, толық жазылғанға дейін ауруханада ем қабылдайтын болады.