Түркістандық ғалымдар Тайваньнан тарихи құнды мәліметтер тапты
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институты мен Қазақстан Орталық мемлекеттік архивінің бір топ қызметкері «Орталық Азияның тарихи географиясы» ғылыми бағдарламасы мен «Архив-2025» мемлекеттік жобасы аясында Тайваньға іссапармен барған болатын.
Түркістан, NEGE. Тайбей қаласындағы Гугун Ұлттық сарай музейі мен өзге де архивтерде жұмыс істеген ғалымдар қазақ тарихында қалатын құнды мәліметтерді тапты.
Ғылыми іссапардың мақсаты – Тайваньның ұлттық музей және архив қорларынан қазақ тарихына қатысты тарихи деректер мен құжаттарды іздестіру, анықтау және электронды көшірмесін алу. Сондықтан да іссапарға барған топ мүшелерінің қатарында шағатай, көне қытай, қытай және ағылшын, араб жазуындағы қадым қазақ тілдерін жетік білген ғалымдар болды.Зерттеушілеріміз барған Тайбейде 5-6 балдық жер сілкінісі жиі орын алды. Ғалымдар оған қарамастан, талмай еңбектеніп, еліміз үшін маңызды ғылыми ақпараттармен оралды. Олар Тайваньның ұлттық музей және архив қорларынан XVII-XIX ғасырлардағы қазақ даласының саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени тарихы туралы, яғни Қазақ хандығы мен Цин империясының қарым-қатынасы, Қазақ елі шекарасының қалыптасуы, шекарадағы ру-тайпалардың қоныстануы мен әр кезеңдегі көші-қон тарихына қатысты бірегей материалдар мен құжаттарды тауып, электронды көшірмесін әкелді.
Ғалымдар Тайвань Сыртқы істер министрлігінің архивінен жұмыстарын бастады. 1861 жылы құрылған Цин әулетінің Цунли Ямень кеңсесі (Сыртқы істер кеңсесі) кезінен бастау алатын Тайвань Сыртқы істер министрлігінің архивтерінде көптеген құнды тарихи құжат сақталған. Мұнда келісімшарттар мен ережелерді қамтыған 3000-нан астам архив ісі, 615 шекаралық және жергілікті жерлердің карталары, 180 000 томнан астам басқа да құжат бар.
Аталған архивтен ұзақ уақыт бойы «қатаң құпия» мөрі басылған құжаттар ғылыми айналымға түспей, кейіннен Тайвань Сыртқы істер министрлігі тарихи құжаттар архивін цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын Гугун музейіне тапсырған қорларынан араб әрпімен көне қазақ тілінде жазылған аса құнды бес құжат табылды. Олар:
1) Қытай мен Ресей арасындағы мұсылмандардың сауда және азаматтық істері туралы хаттамасы;
2) Қытай мен Ресей арасындағы Тарбағатайдағы орыс көпестерінің сауда аймақтары туралы шарт;
3) Қытай мен Ресей арасындағы қазақтардың юрисдикциясы туралы шарт;
4) Қытай мен Ресей арасындағы Шәуешекті беру туралы келісім;
5) Қытай мен Ресей арасындағы Шәуешекте шекаралық тақталарды орнату туралы конвенция.
Бұл құжаттардың барлығы да XIX ғасырдың 80-90 жылдарындағы Шәуешек келісіміне байланысты қазақтарға тікелей қатысты.
Тайвань архивінен табылған осы құжат мазмұнынан сол кезеңдегі бөлініске түскен қазақ жерлерін мекен еткен қазақтармен екі үлкен империяның да санасқанын көруге болады. Құжаттың тілі қазіргі қазақ тілінен біраз ерекшелігі бар. Сондықтан оны «көне қазақ тілі» деп атауды жөн көрген. Өйткені Абылай хан кезеңінен XX ғасырдың басына дейінгі қазақ құжаттары осы тілмен жазылып, дәстүрлі шағатай тілінен де ерекшеленіп, қазақ тілінің өзіндік фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктері басым болды. Сонымен қатар, қолданылған парсы-араб кірме сөздері негізінен жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда, бұл құжаттың қазақ тарихы мен қазақ жазба тілінің тарихында алатын орны ерекше.Ғалымдар зерттеуінің нәтижесі болған бұл дүниелер қазақтың төл тарихын тани түсуге мүмкіндік берген – аса құнды еңбек деп танылуда.
Айта кетейік, жақында ғана Еуразия ғылыми-зерттеу институты мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты Халықаралық конференциясы өткен болатын. Тайвань архивінен табылған құжат – осы жиынға қатысқан ғалымдарымыздың жетістігі.
Тағы бір атап өтер жәйт, Тайваньға зерттеушілер тобын бастаған проф.доктор Нұрлан Кенжеахметовке Сенат шешімімен университетіміздің «Құрметті профессор» атағы берілді.