12 Маусым 14:12
...

Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасына қандай түзетулер енгізілді?

Ұлықбек Тұмашинов
Фото: Мәжіліс

Бүгін Мәжілісте Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасы бойынша Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ұлықбек Тұмашинов баяндама оқыды. 

Астана, NEGE. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасы банкін «толыққанды даму институты» етіп, азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлуді орталықтандыруға бағытталған нормалар көзделген.

«Тұрғын үймен қамту орталығы» жаңа электрондық мәліметтер базасын құру қөзделеді (ол тұрғын үйге мұқтаж, Отбасы Банкінде тіркелген азаматтар туралы мәліметтерді қамтитын болады).

Заң жобасында әскери қызметті атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша норма енгізілген.

Біріншіден, Отбасы банкі екінші деңгейдегі банктер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталып қалды.

Сондай-ақ, Отбасы Банкінің қызметін лицензиялау да сақталатын болады.

Екіншіден, Заң жобасына «сатып алу құқығынсыз» азаматтарға жалға берілген тұрғын үйлерді – енді «жекешелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізілді. Осы ұсыныс қолдау тапты.

Бүгінгі таңда сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғын үйлер – халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана берілетіні белгілі.

Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жеке меншік ретінде қалдық құнымен алуға мүмкіндік береді.

Мұндай жаңа жекешелендіру құқығын – барлық өңірлерде 51 мың халықтың әлеуметтік осал топтарының азаматтары пайдалана алады.

Үшіншіден, жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр. Ол қолдау тапты.

Бұл ұсыныс 1600 астам азаматтардың мәселесін шешуге бағытталған.

Төртіншіден, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 13-бабының 8-тармағына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрып жатқан үйлерді 11 санатқа «меншігіне өтеусіз алуға» қолданыстағы құқық сақталды.

Депутаттардың түзетуіне Үкіметтің оң қорытындысы бар.

Бесіншіден, асыраушысынан айырылған адамдардың мүдделерін қорғау мақсатында «жесірлер» санаты – жеке дербес санатқа бөлінді. Ол, халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне жаңа санат ретінде қосылды.

Бұл түзетуді депутаттар енгізіп, Үкімет қолдады.

Сондай-ақ, жекелеген нормаларды нақтылайтын және Заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізілді.

Парламент Мәжілісінің комитеттері Заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.

Заң жобасы бойынша 557 ұсыныс енгізілді.

Жұмыс тобының отыз екі отырысы, Комитеттің кеңейтілген отырыстары өткізілді.

Салыстырмалы кесте 245 позициядан тұрады, қабылданған 237 позиция.