1 Қыркүйек 18:37
...

Цифрлы Қытай: цифрлы юань айналымға шықты

Фото:
Қытайдың ірі мемлекеттік банктерінің бірі – China Construction Bank (CCB) сенбі күні ресми қосымшасында юаньның цифрлы әмиянын іске қосты. Әзірге цифрлы юань елдің бірнеше өңірінде тест режимінде сыналуда.


Юаньның цифрлы әмиянымен төлем жасауға, ақша аударуға, картаны толтыруға болады. Қытайдың Халық банкі цифрлы юань іс жүзінде жаңа криптовалюта болатынын мәлімдеді. Коммерциялық криптовалютадан айырмашылығы оны шығару орталықтандырылып, қатаң бақылауға алынады және онымен тіпті интернетсіз де есеп айырысу қызметін жақсартуға күш салмақ.

Төлем шектеуі мен ақша сомасына қарай цифрлы әмиянның төрт деңгейі бар. Ең аз сома 10 мың юань, ал ең жоғарғы шегі – 500 мың юань.

Банк әр әмиянға клиенттің аты-жөні, құпиясөзі, мобильді телефонының нөмірі, электронды поштасының адресі, банк картасының нөмірі секілді маңызды мәліметтер жинақталған сәйкестендіру нөмірін тағайындайды. Дегенмен цифрлы әмиян бірнеше сағат қана істепті. Артынша «қызмет ресми түрде қосылмады» деген уәж айтылған. Алайда бұл жаңа жүйенің жақында түпкілікті іске қосылатынына еш күмән жоқ. Себебі Қытай цифрлы валютаға көшуді бірнеше жылдан бері жоспарлап, осы бағытта тыңғылықты жұмыс істеуде.

Криптовалюта кімді кіріптар етеді?

Соңғы кездері ресми Бейжің криптовалютаға, блокчейн технологиясына деген көзқарасын 180 градусқа өзгертті. Бұған дейін елде тыйым салынған технология туралы Си Цзиньпинь жылы пікір айтқалы бері, елдің орталық ақпарат құралдары жаппай жаңа технологияның пайдасын насихаттауға көшті.

Бұл жердегі ең маңызды екі мәселе бар. Біріншіден, аталған жаңалық Қытайдың алдағы уақытта қолма-қол қағаз ақшамен біржола қоштасуға бел байлағанын байқатады. Екіншіден, цифрлы валютаның төрт санатты есепшотын енгізу арқылы Бейжің азаматтарының цифрлы ақшасына, елдегі ақша айналымына  бақылау орнатуға талпынады.

Блокчейн технологиясы іс жүзінде сенімді қорғалған электронды бухгалтер кітабының қызметін атқарады. Шифрлау алгоритмі ондағы жазбаны өзгертуге немесе қолдан жасауға еш мүмкіндік бермейді. Блокчейндегі қаржы операциялары бәріне ашық және ешкім өзгерте алмайды. Яғни технологияны қаржы саласында қолдану арқылы кімнің қанша ақшасы барын және оны қайда және қалай жұмсағанын біліп отыруға болады. Демек теориялық тұрғыда блокчейн технологиясының көмегімен салықтан жалтару, көлеңкелі экономика, заңсыз ақша аудару сияқты түйткілдерден құтылуға болады. Технологияның дәл осы мүмкіндіктері Қытай билігінің оған деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен секілді.

Криптоюань дәстүрлі доллар үшін НЕГЕ қауіпті?

Криптоюань кәдімгі қағаз баламасы секілді құқыққа және басымдыққа ие болады. Цифрлы юань иелеріне валютаның өтімділігіне толық кепілдік беріледі. Адамзат тарихында қағазды алғаш ойлап тапқан Қытай енді қағаз ақшадан бас тартып, криптовалютасын шығарған тұңғыш елге айналуы мүмкін.

Бұл жаңалықтың Қытайдың басты қарсыласы – АҚШ-қа ұнамасы айдан анық. Себебі жаңа өзгеріс әлемдік қаржы жүйесінде қалыптасып қалған дәстүрді, тепе-теңдікті бұзады. Ал қаржы таразысының бір басын АҚШ-тың көк қағазы басып отырғанын бәріміз білеміз. Қытай билігі де криптовалюта көмегімен әлемдік қаржы нарығының алпауыты – доллар мен америкалық Федералды қор жүйесіне соққы беруді көздейтінін жасырмайды. Әрине жаһандық деңгейде болмаса да, Қытайдың ішкі нарығында және кейбір елдермен алыс-берісте доллармен есеп айырысу көлемінің күрт құлдырары сөзсіз. 

Цифрлы валютаның сиқырлы түрмесі

Әзірге Қытай билігі ұлттық криптовалютаны жекелеген аймақтарда тексеріп жатыр, бірақ 2022 жылы Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада кезінде цифрлы юань жалпыұлттық деңгейдегі сынақтан өтеді деген жоспар бар.

Қытайда қағаз ақшаның айналымнан шығып қалатын күні алыс емес дегенді белді сарапшылар да айта бастады. Олардың кейбірін алаңдататын тағы бір жайт бар. Дәстүрлі ақшаның орнын басатын мемлекеттік криптовалюта әлеуметтік несие жүйесімен бірге қарапайым азаматтарды түпкілікті мемлекетке бағынышты, тәуелді етіп қоюы әбден мүмкін. Іс жүзінде мемлекет жаңа технология көмегімен барлық азаматының мойнына цифрлы қарғыбау тағып қойып, әр адамды қаржы жағынан қысымға ала алады.

Тағдырдың тәлкегі деген осы болар, блокчейн технологиясы о баста мемлекеттен тәуелсіз және ешкім иелік ете алмайтын валюта жасау туралы концепцияның негізінде пайда болған еді. Ал Қытай жаңа технологияны да мемлекеттің классикалық басқару үлгісінің мүддесіне жегудің жолын тапқан секілді.    

Тегтер: