21 Қаңтар 16:10
...

Мемлекет тағы ұтылды. Jusan bank биылдан бастап НЕГЕ белсенді болуы керек?

Жусан
Фото: Фото: Nege.kz

Қазақстан бойынша мемлекет алдындағы қарызы ең көп қаржы институты – Jusan Bank. Оның балансында мемлекеттің 1 триллион теңге ақшасы жатыр. 2024 жылдың 9 айындағы жағдай бойынша банктің үлестірілмеген кірісі 500 миллиард теңгеден асқан болатын.

Аудиттелмеген деректерге сенсек, Jusan Bank 2024 жылдың қорытындысы бойынша 156,7 миллиард теңге таза кіріс алды. 2023 жылғы таза пайдасы 133,2 миллиард теңге болған. Бір жылдың ішінде табыстың өсуі проценттік кіріс пен шетел валютасы операцияларынан келді. Комиссиялық кірісі көп өскен жоқ.

Жусан
Фото: "Jusan Bank" АҚ 2024 жылғы аудиттелмеген есептілігі

2023 жылғы және оның алдындағы жылдардың кірісі бар, солардан Jusan Bank былтыр «Самұрық-Қазына» қорынан алған 100 миллиард теңге қарызды мерзімінен бұрын қайтарған болатын. Биыл да банк берешектерін қайтаруды жалғастыруы тиіс. Бірақ, «кімге қайтарады?» деген сұрақ бар.

Алдымен Jusan Bank кімге қарыз екенін анықтап алайық. Оның ең үлкен қарызы кезіндегі «Цесна банктен» «мұра» болып қалған. 2018 жылы «Цесна банк» тығырыққа тірелді. Оның ауыл шаруашылығы саласына берген кредиттері қайтпай, банк дефолтқа жақындап қалған еді. Сол кезде іске мемлекет араласып, 2018-2019 жылдар аралығында «Проблемалық несиелер қоры» Цесна банкінің 1,05 триллион теңге болатын проблемалық кредит портфелін сатып алған.

Жусан
Фото: Nege.kz

Банктің қаржылық есептілігінде субординацияланған қарызының соңғы көрсеткіші 114 миллиард теңге деп көрсетілген. Бұл – Jusan-ға «АТФ банкінен» «мұра» ретінде келген борыш. Есептілікте жатқандықтан, Jusan дәл осы 114 миллиард теңге қарызды биыл қайтара бастауы мүмкін. Қарызды бірден жаба салуға да қауқары жетіп тұр.

Мына сұраққа банк те, құзырлы органдар да жауап таба алмай қиналуы мүмкін: «Проблемалық несиелер қоры» тарапынан көрсетілген көмек «Цесна банкке» қайтуы тиіс пе? Шартта қалай жазылған? Әлде бұл көмек «списаниеге» кетіп, ол бойынша ешкім жауап бермей ме?

Мемлекеттің «Цесна банкті» құтқаруға берген 1 триллион теңге көмегі оның ізін басқан Jusan банктің қағаздағы балансында, дәлірек айтсақ, қаржылық есептілігінде жоқ.

Бұл мәміленің егжей-тегжейі құпия сақталатындықтан, банк қарызды қайтара ма, қайтару графигі бар ма деген ақпаратқа қол жеткізу де мүмкін емес.

Өзінің балансында жатпағандықтан, де-юре қарыз емес болғандықтан, «Jusan bank» те «Цесна банк» қарызын қайтаруға асықпайтыны түсінікті. Мемлекет осы жолы тағы ұтылған сияқты...