30 Қыркүйек 12:15

Қызыл жусан. Ким мен Есеновтің ойы НЕГЕ бір жерден шықпай қалуы мүмкін?

Есенов
Фото: Фото: Nege.kz

Kaspi.kz алпауытының акционері, олигарх Вячеслав Кимнің «First Heartland Jusan Bank» акционерлік қоғамының қожайыны Ғалымжан Есеновтен «Жусанның» қомақты үлесін алғысы келетіні туралы Bloomberg жазған болатын. NEGE дереккөзінің айтуынша, Ғалымжан Есенов Кимге «Jusan» тобындағы үлесін бергеннен гөрі оның алдындағы қарызын ақшалай толық қайтару мүмкіндігін де ойластыра бастады.

Кезінде Ұлыбритания мен АҚШ юрисдикциясына өтіп кеткен «Жусан банкті» қайтарып алу үшін Ғалымжан Есенов Назарбаев пен Мәсімовтің командасына 121 миллион доллар төледі деген ақпарат бар. Бұл шамамен 50 миллиард теңге. Мәміле бейресми жасалғандықтан, еш реестрде ондай құжат жоқ. Біз тек екінші тараптың «Жусан» тобына қатысты қандай да бір талаптар мен құқықтардан бас тартқанын білеміз. Бірақ оны тегін жасамағаны түсінікті.

Bloomberg жазуынша, сол қысылтаяң сәтте Ғалымжан Есеновке қажет ақшаны тауып беруге олигрх Вячеслав Ким көмектескен. Енді Ким қарыздың өтеуі ретінде Jusan тобынан үлес сұрап отыр. Осы кезде екі маңызды сұрақ туындайды. Біріншісі – Ғалымжан Есенов Вячеслав Кимнің ұсынысынан бас тарта ала ма? 121 миллион доллардың өтеуі ретінде «First Heartland Jusan Bank» АҚ үлесін беруге келіссе, Кимге «Жусан» тобының қанша пайыз акциясы берілуі керек?

Есенов
Фото: Nege.kz

Есеновтің ұсыныстан бас тарту-тартпауы оның әу баста Киммен қалай келіскеніне байланысты. Қарыз акция арқылы қайтады деген уәде болса, онда жақын арада Jusan акционерлерінің қатары толығытыны сөзсіз. Бұл жерде маңыздысы, «Жусанның» қанша тұратынын анықтап алу.

«First Heartland Jusan Bank» тобының нарықтағы капитализациясы 200 миллиард теңгеден (420 миллион доллар) асады. Бұл – банк конгламераты акцияларының жиынтық құны. Бірақ осы жерде банктің реалды құнын акциялар бағасымен емес, жеке капиталы, яғни активтер мен міндеттемелер арасындағы айырмашылық арқылы есептеген жөн.

отчет
Фото: "First Heartland Jusan Bank" АҚ 2024 жылдың қаңтар-маусым айлары бойынша есептілігі

Қазіргі таңда «First Heartland Jusan Bank» капиталы 836 миллиард теңге шамамсында. Осы соманы негізге алсақ, онда 50 миллиард теңге қарыз берген Вячеслав Ким банктің 16-17 пайыз үлесіне қол жеткізе алады. «Кимнің ең негізгі активі – Kaspi.kz. Ол ішкі каннибализмді тоқтату үшін «Жусан банкке» акционер болғысы келіп отыр», – дейді дереккөз.

Кимнің ойынша, Jusan «Каспиге» бәсекелес болмауы тиіс. «Жусанға» нарықтан «Каспи» бағытынан бөлек жол тауып беріп, жыл сайын дивиденд әкеліп отыратын тұрақты қаржылық ұйымға айналдыруды көздейді.

Алайда Ғалымжан Есеновтың жоспары басқа еді. Ол «Жусанды» «Каспи» сияқты технологиялық ойыншыға айналдырып, бәсекеге түскісі келген. Кимнің қарызын ақшалай қайтаруға да мүмкіндік таба алады.

«First Heartland Jusan Bank» 2023 жылы 152 миллиард теңге таза пайда алды. Алайда мемлекет алдында үлкен қарызы бар. Қазір Jusan тобына банктен бөлек, First Heartland Capital, Jusan Development, Jusan Garant, ОУСА Юг, Jusan Инкассация, Jusan Property, First Heartland Jusan Invest пен Қырғызстандағы «Оптима Банкі» кіреді.