19 Қыркүйек 04:17
...

Қостанай облысында жасөспірімдер алаяқтармен жұмыс істеген

Полиция
Фото: Полиция

Қостанай облысында алаяқтарға жұмыс істеген жастар әшкереленді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. Полицейлер интернет-алаяқтарға көмектесіп жүрген 16 жасөспірімді ұстады. Олардың бірі — Лисаков қаласының 18 жастағы тұрғыны, жаңа SIM-карталардың жеткізушісі болып шықты. Кейін осы нөмірлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған аккаунттар ашуға пайдаланылған. Тінту барысында оның үйінен 21 телефон, түрлі операторлардың 48 SIM-картасы және модем тәркіленді. Мұның бәрі қазақстандықтарды алдау үшін қылмыстық схемаларда қолданылған.

Алматы, Астана, Ақтөбе, Қостанай және Семей қалаларының тұрғындары зардап шеккен бес қылмыстық іс бойынша келтірілген шығын 80 миллион теңгеден асты. Азаматтар нөмірлердің жалған тұлғаларға тіркелгенін білмесе де, ақша аударып отырған. Тергеу барысында полиция 17–20 жас аралығындағы тағы 15 жасөспірімнің осындай заңсыз әрекеттерге тартылғанын анықтады.

Кәмелетке толмағандардың қылмысқа қатысқаны үшін тек өздері ғана емес, ата-аналары да қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады. Құқық қорғаушылар жастардың қылмыстық схемаларға тартылуына жол бермеу үшін білім басқармасымен бірлескен профилактикалық іс-шараларды бастады. Сонымен қатар полиция Қылмыстық кодекске енгізілген соңғы түзетулерді еске салды. Мәселен, енді алаяқтарға жеке деректерін немесе SIM-карталарын беретін дропперлерге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.