1 Қыркүйек 18:23
...

Тоқаевтың жаңа бағыты экономиканы алға сүйрей ме?

Фото:

Президент осының алдында өз жолдауының Қазақстанға экономикалық көркею алып келетінін айтып қалған болатын. Жолдау жарияланды. Енді Nege.kz ондағы айтылған ұсыныстардың қайсысы бізге тиімді екенін саралап көреді.

Биылғы жолдаудың көбіне экономикалық нақты шараларға бағытталғанын сарапшылар да аңғарып отыр. Демек, жолдау нақты құжатқа айналып, ондағы әрбір іс-қимыл аясында нәтиже күтетін боламыз. Бірақ, бүгін берілген тапсырмалардың ең негізгілерін біз алдағы материалдарымызда саралаймыз. Біз экономистерден «Жолдаудың қай тұсы бізді экономикалық серпіліске жетелейді?» деп сұраған едік.

«Жолдау аясында айтылған салық жеңілдіктерін қысқарту мен бизнеске берілген несие проценттерін субсидиялау бойынша нақты екі тапсырма біздің экономикаға өте жағымды әсер етеді», – дейді EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.

«Бұл қадамдар қазіргі жағдайда тез өсуге мүмкіндік ашады. Демек, жылдам нәтиже алуға болады. Оларды экономиканың құлдырауынан кейінгі өсімді қамтамасыз етуге септігін тигізетін факторлар ретінде көремін».

Бүгін Мемлекет басшысы жолдауында «Әңгіме ұлттық табысты қайтадан әділ бөлу туралы болып отырғандықтан, елдің барлық азаматтары үшін бірдей салық саясаты жасалуы керек» деп айтып өткен еді.

 

Жолдаудағы ақпаратқа сенсек, бүгінгі күні 40-қа жуық түрлі салықтар мен төлемдер бар. Оларды басқару оңай емес. Осы орайда, үкіметке «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесе отырып, Салық кодексі мен тиісті заң актілерін қайта қарау тапсырылды.

«Мақсат – салық міндеттемелерін орындауды түбегейлі жеңілдету және салықтар мен төлемдер санын барынша азайту. Салық ставкаларын саралауды экономиканы әртараптандыру мен бюджетті толықтырудың қосымша тұтқасы ретінде қарастыру керек. Шағын және орта бизнесте, пандемиядан зардап шеккен секторларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге бөлшек сауда салығын төлеуге мүмкіндік беруді мүмкін деп санаймын».

«Президент толығымен мұнай дәуірі бітті. Енді өзіміздің экономикамызды әртараптандыратын, индустрияландыруды шын мәнінде жалғастыратын уақыт келді деген ой тастап отыр», – дейді GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық. Бұдан басқа тіпті бізде баламалы жол да жоқ.

«Демек, жолдау біздің дәл осы бағытта дамитынымызды айғақтайды. Өткен жылы да президент монополия жайлы қадап айтқан болатын, бірақ одан нәтиже бола қойған жоқ. Енді осы тұста бәсекеге қатысты агенттіктің қайта құрылып, мемлекет басшысының тікелей қарамағына өтуі біз үшін үлкен экономикалық жаңалық».

Жолдауда айтылған қысқа мерзімді тапсырмалар ең кемінде жаңа 2021 жылдың басынан бастап қана жүзеге аса бастайды. Осы уақыт аралығында үкіметтің барынша дайындық жүргізетін мүмкіндігі бар. Кейде президенттің нақты қойылған тапсырмасы мен үкіметттің соны жүзеге асырғандағы жұмысының мақсаттары мүлде сәйкес келмей жатады дейді сарапшылар. Бірақ бұл жолы олай болмайды деп сенеміз.  

Тегтер: