Тоқаевтың АҚШ-қа сапары: Зеленский, БҰҰ мінберіндегі мәлімдеме және 5,2 млрд доллар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан біраз уақыт бұрын Қытайға жұмыс сапарымен барып, құны 15 млрд доллар болатын 70 келісімге қол жеткізді. Ал АҚШ-қа сапары қандай нәтиже береді? Мемлекет басшысының осы сапарының маңызын тарқатып көрейік.
Қазақстан қай бағытқа бет алды?
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 21-23 қыркүйек аралығында АҚШ-қа ресми жұмыс сапары жемісті аяқталды деуге әбден болады. Сапар маңызды кездесулермен, келіссөздерге, елдегі түрлі саладағы тәуекелді шешімдерге толы болды.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай былай деп жазды:
«Жалпы, сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттермен, премьер-министрлермен, министрлермен, халықаралық ұйымдардың және компаниялардың жетекшілерімен 20-дан астам кездесуі өтті. Жүздесулерде қарастырылған мәселелер ауыл шаруашылығы, білім беру, спорт, инвестициядан бастап жасанды интеллектіге дейінгі көптеген бағытты қамтыды».
АҚШ-қа сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық бизнес өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Нәтижесінде энергетика, транспорт, логистика, IT және агроөнеркәсіп салаларында жалпы құны шамамен 5,2 миллиард долларға жуық 11 меморандум мен келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге және экспорт әлеуетін арттыруға бағытталған.
Энергетика саласындағы басымдық сапардың басты тақырыптарының бірі болды. Мұнай, газ, уран және басқа да стратегиялық маңызды минералдарды өндіру мен экспорттау салаларында америкалық ірі компаниялармен серіктестік нығайды. Транспорт және логистика саласында Транс-Каспий халықаралық көлік дәлізі мен теміржол инфрақұрылымын дамытуға қатысты жобаларға басымдық берілді.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы ең ауқымды келісімдердің бірі – Wabtec компаниясымен жасалған шарт. Құжат бойынша, алдағы 10 жыл ішінде Wabtec Қазақстан темір жолы үшін 300 локомотив жинақтау жиынтығын жеткізеді. Бұл келісімнің жалпы құны – 4,2 миллиард доллар.
Қазақстанның жетекші әуе тасымалдаушылары Air Astana мен SCAT өз флотының негізін Boeing ұшақтарымен құрап отыр. Бұл серіктестік азаматтық авиацияның дамуында маңызды рөл атқарып келеді. АҚШ-тағы сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту жоспарын атап өтті.
«Біз Boeing-пен ынтымақтастығымызды кеңейту үшін жұмыс істеп жатырмыз және алдағы жылдары қосымша жаңа ұшақтар аламыз деп үміттенеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл бағыттағы әріптестік Қазақстанның авиациялық инфрақұрылымын жаңғыртуға және халықаралық әуе хабы ретіндегі әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Трамп, Тоқаев және Макрон
Мемлекет басшысы сапар аясында БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысып, жалпы пікірсайыста сөз сөйледі. Өзінің баяндамасында ол жаһандық қауіпсіздік, қаржылық тұрақтылық, климаттық өзгерістер және бейбітшілікті сақтау мәселелеріне тоқталды. Тоқаевтың сөзі әлемдік қауымдастық тарапынан оң қабылданып, Қазақстанның халықаралық бастамаларға ашықтығын айшықтады.
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен сөйлесті. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Америка Құрама арасындағы екі жақты ынтымақтастықтың басым бағыттарына ерекше назар аударылды. Дональд Трамп экономика және сауда саласындағы ықпалдастықты арттырудың маңызды екенін атап өтіп, халықаралық жағдайды пысықтады. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Украина Президенті Владимир Зеленскиймен, Черногория Президенті Яков Милатовичпен және Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесті.

Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантиноны қабылдап, отандық футболдың деңгейін көтеру үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Жалпы алғанда Қазақстан басшысы Қ.Тоқаев үшін АҚШ сапары жемісті болды. Қазақ президентің шетел лидерлері жылы қабақпен қабылдады, кездесулер нәтижесіне тараптардығ көңілі толды.
Нұрболат НЫШАНБАЙ, саясаттанушы
Қазақстан халықаралық деңгейдегі дипломатиялық хабқа айнала бастады

«Мемлекет басшысының БҰҰ-ның 80 жылдығына орай жасаған ресми сапары бизнес өкілдерімен кездесулер және бірқатар саяси келіссөздермен ерекшеленді. Сапарды дипломатиялық тұрғыда Президенттің Бас Ассамблея мінберінен сөйлеп, Қазақстанның сыртқы саяси бағытын таныстыруы, бейбітшілікке шақырып, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау жөніндегі ұсыныстары қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде конструктивті бастама болды. Екіншіден, бұл сапар Орталық Азиядағы түрлі күш орталықтары арасында тепе-теңдік орнатуға бағытталған стратегиялық қадам ретінде де маңызға ие.
Президенттің БҰҰ-дағы мессенджі Израиль мен Палестина арасындағы тұрақтылықты гуманитарлық тұрғыдан қарастырып, «бір аймақта – екі мемлекет» қағидатын қолдау болды. Бұл ұстаным бірқатар батыс көшбасшылары мен саяси қайраткерлер тарапынан қолдау тапты. Мәселен, Франция, Ұлыбритания сияқты елдер Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде ресми түрде мойындады. Қазақстан ресми түрде мұндай қадамға бармағанымен, екі мемлекет моделін ашық қолдайтынын білдірді. Президенттің бұл ұстанымын Қазақстанның орта держава ретіндегі саяси бағыты мен халықаралық мәселелерге қатысты теңгерімді көзқарасын айқын көрсетуі деп ойлаймын», – дейді саясаттанушы.
Ал БҰҰ-ның қазіргі беделі туралы саясаттанушы бүй дейді: «Әрине, мұндай ресми сапарлар мемлекеттің ішкі саясатына да ықпал етеді. Жақында Президент өз Жолдауында БҰҰ қызметінің маңызы мен оны реформалау қажеттілігіне тоқталды. Бұған қоса, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Алматыға сапары және аймақтық кеңсенің ашылуы – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі дипломатиялық хабқа айнала бастауының көрінісі. Бұл – еліміздің тек Орталық Азияда емес, бүкіл Еуразия кеңістігінде саяси диалог алаңы ретінде қалыптасуы жолындағы маңызды қадам.
Осы ретте Президенттің Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесуі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Қазақстан соғысты тоқтатып, экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге бағытталған бастамаларға дайын екенін көрсетті. Зеленскийдің Қазақстанда келіссөз жүргізуге әзірлігі туралы ақпарат, еліміздің жаһандық дипломатияда дербес әрі бейтарап аймақ ретінде мойындала бастағанының дәлелі», – деп сөзін қорытындылады сарапшы.
Саясаттанушылар Қазақстанның АҚШ-пен ынтымақтастығының жаңа кезеңге көтерілгенін және алдағы жылдары бұл бағыттағы байланыстар одан әрі тереңдей түсетінін болжап отыр. Президенттің АҚШ-қа ресми сапары – Қазақстанның әлемдік аренадағы саяси және экономикалық ықпалын кеңейтудің айқын көрінісі. Мемлекет басшысының кезекті сапары Қазақстанның халықаралық серіктестіктерін нығайтып қана қоймай, ел экономикасының жаңғыртылуына да тың серпін береді сенеміз.