Тимур Елеусізов: Экотурист – 50 доллар, кәдімгі турист 100 доллар табыс әкеледі
Десе де, экологтар арасында бұл бағдарламаның орындалуында қатысты түрлі пікір бар. NEGE-ге берген сұхбатында эколог Тимур Елеусізов еліміздегі экологиялық түйткілдерді тарқатып айтып берді.
– Сұхбатымызды «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасынан бастайық. Бұл жоба 2025-ға дейін жүзеге асырылуы тиіс. Оның аяқталуына небәрі екі жыл қалды. Нәтижесі туралы не айтар едіңіз? Көңіліңіз тола ма?
– Шынын айтсам, көңілім қалып отыр. Бүтін бір бағдарлама жазылып, жұмыс жоспары жасалып, министрлік пен жергілікті атқару органдарының не істеу керек екені, әр қадамы нақты көрсетілді. Бірақ соңғы кездері бұл жоспарды орындау іс жүзінде мүмкін емес екенін байқап отырмыз. Өйткені, оны жүзеге асыруға бюрократияда, заңнамада және бюджетті бөлуде көп түйткіл бар.
Жасыл экономика аясында бізде не істелінді? Бір сөзбен айтқанда, жел және күн стансаларын орнату керек. Кешенді түрде алып қарасақ, жасыл экономика әлі де жақсарта түсуді талап етеді.
Президенттің жолдауында айтылған 2 миллиард ағаш отырғызу мәселесіне қатысты да сауал көп.
– Бұл жобаға бюджеттен 1 413 126,354 млн теңге бөлу көзделген еді. Сонда, мұнша қаржы желге ұшқаны ма?
– Шын мәнінде, бұл қаржы – тиын ғана. Десе де, бөлінген қаражаттың көп бөлігі тиімсіз жұмсалды. Бұл – Қазақстанның барлық өңірлеріне қатысты. Жасыл экономика түрлі салаларды қамтиды. Жасыл энергетика дегеніміз – ресурстық қуат. Сонымен қатар, бізде ауаға шығарылатын зиянды газдар азайтылуы керек. Дейтұрғанмен, байытумен, өңдеумен, өндірумен айналысатын компаниялардың баяғы әдетінше жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Үш жылдың ішінде ешкім нақты шаралар жасамаған.
Қолымызда бардың өзі – кеңес дәуірінің жұрнағы. ЖЭС-тердің жабдықтарын алып қарасақ, олар оңтайлы әрі тиімді пайдаланылып жатқан жоқ. Мұның өзі – «Жасыл экономика» қағидаттарын бұзу.
Жасыл экономиканың өзі, ең алдымен, экономиканың, айналамыздағы ресурстарды үнемдеудің қағидаттарына сүйенеді. Қалпына келетін энергетика дегеніміз – осы. Бізде бәрі қатысты түрде. Есеп бергенде, олар белгілі бір пайыздарға қол жеткізеді. Бірақ нәтиже көзге көрінбейді. Сондықтан «Жасыл Қазақстан» тұжырымдамасы аясында атқарылған жұмыстарға үлкен экологиялық аудит жүргізген жөн.
– Жобаға келсек, ниет дұрыс. Оны іске асыру үшін не жетіспей тұр? Не кедергі? Қаржының аздығы ма, экологтардың немесе жақсы менеджерлердің жоқтығы ма?
– Әрине, бағдарлама тәп-тәуір. Бірақ бар гәп оның орындалуында болып тұр. Жасыл экономикаға қайталама ресурстарды өңдеу де жатады. Бізде өңдеумен айналысатын шағын компанияларға субсидия берумен айналысқан ірі компания болды. Қазір бір жарым жылдан бері жасыл экономика саласына қаржы беру тоқтатылды. Қоқысты азайтып, экологияны жақсартуға үлес қосатын бизнес қолдаусыз қалды. Қазір бұл мекемелер банкротқа ұшырады. Шағын компаниялардың дамуына мүмкіндік бермеді.
Нәтижесінде, несие жоқ, балама көздер жоқ. Экология мәз емес. Ештеңе істелінбеді. Жасылдандыруға келсек, бұл жерде тіс жармауды ұйғардым.
– Соңғы кездері жасыл экономика туралы көп айтылып жүр. Қазақстанда бірнеше жобалар жүзеге асты. Десе де, энергетиктер жел және күн энергиясын пайдалану көздерінің кемшіліктері көп деседі. Бұған не дер едіңіз?
– Мен мұны экономика тұрғысынан түсіндіріп өтейін. Қайта қалпына келетін энергетика дәстүрлі энергетикаға қарағанда едеуір қымбат. Көмір немесе газ жаққанмен салыстырғанда. Мәселен, көмір стансалар «жасыл» стансалардың айырмашылығын жауып отыр. Олар бір киловатты екі жүз теңге сатса, халық үш жүзден алады. ЖЭС-тер айырмасын жабады.
Жел «диірмендері» мен күн панельдері өте қымбат тұрады. Бір жел стансасының өзін-өзі ақтауына 25 жыл кетеді. Жел стансасы деген не? Жел тұрмаса, жұмыс істемей қалады. 100 пайыз көлемді бермейді. 25 жылда салынған инвестицияны ғана ақтайды. Пайдалану кезінде қаншама шығыны бар. Шығындары өте жоғары.
Қазақстан үшін бұл энергия көздері өте қымбат болып тұр. Біздегі арзан тарифтер шығынды тез өтеуге мүмкіндік бермейді.
– Сонда, бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – атом энергиясы ма? АЭС салуға қалай қарайсыз?
– Өз басым, жасыл энергетиканы қолдаймын. Атом стансасына тоқталсақ, он жылдан кейін бізге керек те болуы мүмкін. АЭС салуға қатысты көп сауал бар. Оны кім салмақ? Қай жерге салынбақ? Қандай ақшаға? Халық үшін қаншалықты қауіпсіз?
Меніңше, бұл – антиутопиялық жоба. Еуропа елдерінің дені атом энергетикасынан бас тартып жатыр. Бізде уранды байытудың қазақтандық жүйесі де жоқ. Біз шикізатымызды Ресейге жібереміз. Сондықтан, бұл – даулы мәселе.
– Қазақстан туризмді дамытуда экотуризмге баса назар аударып отыр. Бұл сала қалай дамып жатыр? Экотуризмнің болашағы бар ма? Табиғатты сақтай отырып, одан пайда таба аламыз ба?
– Бұл мәселе әлі толық зерделенбеген. Бір экотурист бір күнде Қазақстанға 50 доллар табыс әкеледі. Ал кәдімгі турист 100 доллар қалдырады. Экотуризм деген не? Оның не екені заңнамада айқын көрсетілмеген. Сондықтан экотуристі анықтау қиын.
Ерекше қорғалған аумақтарды экотуристердің ластап жатқанын көріп отырмыз. Бізде қала сырта шыққанның бәрі экотурист деп аталып жүр. Бұл – бір күндік қана тур.
– Алматы – еліміздің ең ауасы лас қалаларының бірі. Қала ЖЭС-терін газға көшіру мәселені түбегейлі шеше ала ма?
– Турасын айтсақ, жоқ. Әрі-кетсе, он пайызға азайтуы мүмкін. ЖЭС-терден шыққан түтіннің желмен ұшатын бағыты – Қапшағай мен Қаскелең жақ. Қалаға бармайды. Құрылысты салған кезде, бұл арнайы ескерілген көрінеді.
Жеңілдігі бар автокөліктерді несиелеп келген қаражатты енді қоғамдық көліктерді субсидиялауға жұмсамақ. Меніңше, бұл экологияны сақтауға бағытталған соңғы отыз жылдағы ең дұрыс шешім болды. Ескі автопарктан құтылу керек. Асфалттың шаңын сорып отыру ләзім.
Қаланың жасыл қорын да жаңарту қажет.
– Аралдан бір жола айырылғанымыз анық. Енді экологтар Каспийдің, Балқаштың және Жайық пен Іле секілді өзендердің мәселесі туралы дабыл қағып жатыр. Кейде Қазақстан өлі шөлге айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл мәселелерді қалай шешуге болады?
– Соңғы кездері өзендеріміздің суы кемерінен түсіп барады. Көршілес елдерден келетін өзен суларының деңгейі азайып барады. Бұдан он жыл бұрын қалпына келтіруге болар еді. Енді тым кеш. Қолымыздан келетіні – суды барынша үнемдеу.
Біз аграрлық сектордың мәселелерін қайта қарастырғанымыз жөн. Көп суды егістікте жоғалтып жатырмыз. Қазақстанда мақта, күріш өсірудің қажеті жоқ. Экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Оның үстіне, өнім қажеттілігімізді өтемейді. Онсыз да бәрін сырттан әкеліп жатыр. Мақта өсіргенмен, оны өңдейтін орын да жоқ.
Қазақстанның су көздерінің мәселесі өте күрделі. Өйткені, біз өзендердің 90 пайызы көрші елдерден келеді. Соларға тәуелдіміз.
– Әңгімеңізге рахмет!