Теңге толқындары. 440 алам деген асу ма еді?
Биыл теңгенің долларға шаққандағы курсы 400-440 коридорында құбылып отыратын болады. Мұндай болжамды PwC Kazakhstan жүргізген екінші тоқсанның макроэкономикалық шолуына пікір білдірген экономистер айтып отыр.
Теңге бағамынан басқа мұнай бағасы, инфляция мен базалық ставкаға қатысты күтіліп отырған сценарийлер талқыланған. Сарапшылардың 83 пайызы экономика U-қисығы моделі бойынша қалыпқа келеді деп санайды. Өз атымыздан айтатын болсақ, бұл өте оптимистік болжам. Коронавирус пандемиясы ел экономикасына қаншалықты ауыр соққы бергенін дәл қазір бағалау мүмкін болмай тұр. Оның салдары пандемия аяқталғаннан соң тек 1-2 жылдан кейін шыға бастауы ықтимал.
«Соққының сипатын ескере отырып, мен әлемдік және Қазақстан экономикаларының баяу, бірақ жақсаруын күтемін, соның ішінде мен «U» сценарийін ең жақын деп санаймын» - дейді, пікір білдірген Ұлттық Банктің қаржылық тұрақтылық пен тәуекелдер департаменті басшысы Сәбит Хәкімжанов.
Сауалнамаға қатысқандардың барлығы дерлік биыл мұнай бағасы барреліне 50 доллардан аспайтындығына сенімді. ОПЕК+ келіссөздерінің нәтижесінде сәуір айынан бастап Қазақстанда шикізат өндірісі төмендеген. Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, мұнай өндірісі 84,5 млн тоннаға дейін құлайды. Ұзақ мерзімді болжам бойынша, әлемдегі мұнай өндіру көлемінің төмендеуі мұнай бағасын барреліне 50-55 доллар деңгейінде тұрақтатуы тиіс.
«Әлемдік экономиканың біртіндеп қалпына келуі және ОПЕК + келісімі бойынша мұнай өндіруді бақылау орта мерзімді перспективада мұнай бағасының 2018-2019 жылдар деңгейіне көтерілуіне ықпал етеді», - дейді, «Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Көшенов.
Теңге бағамының рубльге тәуелділігі күшеймесе азаймай отыр. Демек, ұлттық валютаның тағдыры көбіне рубльдің позицияларына байланысты болады. Сарапшылар алдағы 5 жылда рубльдің теңгеге шаққандағы бағамын орта есеппен 5,8-6,3 теңге дәлізінде көріп отыр. Демек 5 жыл ішінде ұлттық валютамыз 14 пайызға әлсіремек. Мұндай әлсіреу біздегі инфляцияның Ресейдегі инфляцияға қарағанда анағұрлым көптігімен байланысты. Сәуірде Қазақстандағы инфляция 6,8% болса, Ресейде 3,1 пайызды құраған. Алшақтық екі есеге дейін жетеді.
«Сыртқы саудамыздың басым бөлігі Ресеймен жүретіндіктен, осы жағдай теңгені рубль ықпалында ұстап отыр», - деп ескертеді, ISE экономика профессоры Қайрат Мыңбаев.
Базалық ставкаға қатысты болжамдар да бір жерден шығып отыр. Сарапшылар, биыл Ұлттық Банк базалық ставканы 9% деңгейінде ұстайды десе, алдағы бес жылдың ішінде ставканың орташа биігі 8% болады деген ойлар айтылды.