26 Қыркүйек 14:40

Досым Зікірия, аудармашы: Мәдениеттен қаржы аяған ұлттың болашағы жоқ

Досым Зікірия
Фото: Қазақ даласының әрі тарихшысы, әрі аудармашысы, «Есік» музей-қорығы директорының орынбасары Досым Зікірия аударма саласына қалай келгендігі туралы баяндап берді

Қалың көпшілік күнделікті тамашалап жүрген Туркияның телехикаялары мен фильмдерін және кітаптарын қазақ тіліне аударып жүрген Досым Зікірияны тілшіміз әңгімеге тартты.

– Сізді көпшілік тарихшы ретінде танығанымен, аудармашы ретінде біле бермейді. Сұхбатымызды осыдан бастасақ. Аудармамен айналасып жүргеніңізге қанша уақыт болды? Бұл салаға қалай келдіңіз? 

Иә, дұрыс айтасыз. Менің негізгі мамандығым – тарихшы-шығыстанушы. Енді мені тарихшы ретінде біреу тани қойды деу қисынға келмейді. Себебі, тарихтың шыңырауына қауға салып, небір ғажап дүниелерді алып шығып, онымен көпшілікті сусындатып жүрген еліміздегі мықты-мықты тарихшылар арасынан суырылып шығу оңай емес. Әзірге қою шаңның арасында, бұйырған бірер дүниені зерттеп жүрген жайымыз бар.

Ал енді аудармамен айналысып жүргелі біраз жылдың қарасы болды. Аударма саласына мені алып келген университтегі студенттік кездер десем қателесе қоймаспын. Біздің буын Тәуелсіздіктен кейін енді ғана тәй-тәй басқан өтпелі кезеңде, яғни 1995-2000 жылдар аралығында жоғары білім игердік. Осы кезде қазақ тіліндегі оқулықтар, әсіресе, дүниежүзі тарихы бойынша оқуылақтар жоққа тән еді. Алайда, талап қатал болғандықтан, әр берген тапсырманы, реферат, курстық жұмыстар, студенттің өзіндік жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындау үшін бос уақыттың бәрінде кітапханада отыратынбыз. Әрі ол отырыс тым ұзаққа созылатын. Неге? Себебі, өзіміз ауылдан кеше келген, орыс тіліне шорқақ баламыз. Жаңа айтқанымыздай материалдардың бәрі орыс тілінде. Ол материалдарды қазақша сөйлету үшін бір жағымда кітаптар, екінші жағымда түрлі сөздіктер үйіліп тұратын. Оған қоса, өзіміз оқыған шығыс, батыс тілдерінен де көбіне қазақ тіліне аударма жасайтынбыз. Сөйте жүріп, бірте-бірте аудармаға да төселіп алдық. Бұл, әрине, әуесқой аударма болатын.

Кейін келе тағдыр соқпағы мені «Қазақстан» ұлттық арнасына апарды. Жақын таныстар хабарласып, түрік тілінен қазақ тіліне деректі фильмдер аударатын аудармашы іздеп жатыр деген мәлімет жеткізді. Таудан тастан қайтпайтын, орда бұзар отыздың шағы, дереу жетіп бардым. Әлгі деректі фильм түркиялық «ТРТ Белгелесел» арнасы түсірген «Азия ағартушылары» атты фильм екен. Әлі есімде, маған сынақ үшін берілген бөлімі әл-Фараби болатын. Аударма сапасы ұнаса керек, содан бастап Ұлттық арнадағы аудармашылық жолым басталды.

Одан бері де талай телехикая, балалар фильмдерін аудардық, аударып та келеміз. Одан басқа да «Астана», «31 арна», «КТК», «ОРТ» сынды арналарда да түрік тілінен біраз телехикаялар аударыппын. 2020 жылдан бастап Астана қаласындағы «Фолиант» баспасының тапсырысы бойынша түріктің белгілі жазушыларының романдарын, балалар кітаптарын аудара бастадым. Міне, менің кәсіби аудармаға келудегі жолым осындай.

Досым аға
Фото: жеке мұрағатынан

Түрік тілін университет қабырғасында меңгергенсіз бе?

– Түрік тілін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тарих факультеті шығыстану бөлімінде оқып жүргенде үйрендім. Әуел баста қиын болғанымен, түрік тіліндегі шығармаларды көп оқи келе, машықтанып алдым.

 Қазір не аударып жүрсіз? 

Жоғарыда айтып өткен деректі фильмдер мен телехикаялар, мультфильмдерді айтпағанда, «Фолиант» баспасының тапсырысымен осы күнге дейін 4 роман, 4 балалар кітабын аударыппын. Балалар кітабы толықтай жарық көрсе, романдардан Орхан Памуктың «Жаңа өмір», Ахмет Үміттің «Ыстамбұл естеліктері» жарық көрді. Ал енді биыл Хүсейін Нихал Атсыздың «Көк бөрілердің өлімі» немесе «Абадандардың ажалы» романы мен Ескендір Паланың «Бабылда өлім. Ыстамбұлда махаббат» атты романдары таяуда жарық көріп қалатын шығар деп отырмыз. Жоғарыда атаған Атсыздың романы біздің аудармамыздан орыс тіліне аударылып жатыр, таяуда екі тілде бірдей жарық көрмек. Аудармада мынаны аударсам деген қалау болғанмен, қалауың қабыл бола бермейтіні бар. Мысалы, маған салса Орхан Памукты аудармас едім. Ол адамға ішін алдырмайтын, тіл табысуға өте қиын жазушы. Ал енді Ахмет Үміт пен Нихал Атсыздың романдарын рахаттанып отырып аудардым, яғни, олармен тіл табыса алдым. Менің қолайыма тарихи шығармалар жағады. Ондай шығармаларға келгенде өзімді судағы балықтай сезінемін.

аудармашы аға
Фото: жеке мұрағатынан

Бір мәтінді аударуға қанша уақытыңыз кетеді? Іс барысында қандай қиындықтар туындайды?

– Бір мәтінді аударуға мұнша уақыт кетеді деп кесіп айта алмаймын. Мүмкін басқа әріптестерімнің алдарына қойған белгілі бір уақыт мөлшері бар шығар. Менде ондай жоқ. Аударма жасаған кезде маған керегі – көңіл-күй мен тыныштық. Жазуға отырғанда «әкелерің жазу жазып жатыр» деп балаларды шулатпай, бір бөлмеге қамап тастай алмаймыз. Құрқылтайдың ұясындай үйде ондайға мүмкіндік те жоқ. Дегенмен, аударып отырған шығарма көңіліме жағып, автормен тіл табыса алсам, жұмыс та жүріп береді. Шығарманың ішіне еніп, өзгеше күйге түскенде уақыттың қалай сырғып өткенін білмей қаласың. Ондай кезде әлгі шығарма сырласыңдай болып рахат сезімге бөленесің. Мысалы, жоғарыда айтқан Ахмет Үміт пен Нихал Атсыздың шығармаларын аудару барысында еш қиындық туындаған жоқ. Нәтижесінде шамамен 500 беттік романдар әрқайсысы 75 күн шамасында аяқталды. Аударма саласында қиындықтың үлкені – уақыт. Бұрындары аудармашылар бір роман аударғанда бір көліктің құнын алған. Бүгінде ондай қаламақы төлейтіндер жоқ. Сондықтан аударма мен үшін көбіне негізгі жұмыстан тыс уақытта айналысатын қосымша жұмыс. Ондайда уақыттың қат болары екі бастан белгілі. Сонымен қатар қиындықтар қатарына жүйкеге түсер салмақ пен денсаулыққа етер әсерін де айту керек шығар.

XX ғасыр мен бүгінгінің аудармаларында қандай айырмашылықтар бар? Қазіргі аудармашыларға көңіліңіз тола ма?

Екінші дүниежүзілік соғыс­ кезінде ағылшын үкіметі Уинс­тон Черчилге мемлекет­ бюд­жетін қалыптастырып жат­қа­нын, осы орайда мәдениет қыз­мет­керлерінің жалақыларын төмен­дет­пекші екенін айтқанда Черчилль­: «Онда біз не үшін соғысып жүр­міз?», – деген екен. Әдебиет – мәде­ниет­ті қа­лып­­­тастырушы басты сала­лардың бірі. Ал мәдениеттен қар­жы аяған ұлттың болашағы жоқ. Ал өзінің мәдени мәйегіне қан­ба­ған ұрпақтан ертең ел тізгі­нін дұрыс ұстайтын тұлға шық­пай­ды.

Біз бала кезімізде әлемдік клас­­­сиканы қазақ тілінде оқыдық. Мы­­салы, ауыл баласы Даниэл Дефо, Уолтер Скот, Александр Дюма, Сервантес және басқа да әлем­дік­­ классиктерді түпнұсқадан оқи­­ ала ма? Жоқ. Баланы былай қо­йып, үлкендердің өзі оқи ал­май­­ды. Орыс тіліндегісінің өзіне екі­нің бірінің тісі батпайды. Сон­дай әлемдік жауһарлардан ауыл адамдарының хабардар болуы, сол қазынаға кенелуі, әрине, аударманың, онда да көркем, жоғары деңгейдегі аударманың арқа­сы еді. Ол дүниелерді аудар­ған­ ағаларымыз да арамыздан­ кет­ті.­ Ендігі жерде кезек біздің тол­қын­ға келді. Бүгінгі аудар­­машылар­ қо­сынының бір артық­шылығы – бәрі дерлік тікелей түпнұсқадан аударады. Аудармада делдал тіл болмауға тиіс. Себебі әр аудармашы сол өзі аударып отырған орта­ға, ұлтқа бейімдеп, ол аз десе­ңіз, өзі нәр алған ортаның түсі­н­ігімен аударады. Ал ол үшін­ші бір тілге аударылғанда өңі қалай өзгеретінін бағамдап отыр­ған боларсыз?

Қандай да бір ұлттың әде­биеті, әсіресе, бүгінгі жаһандану жағ­дайында сыртқы үдерістерден тыс қала алмайды. Ол әлем халық­та­рының әдебиеттерімен ықпал­да­са, бәсекелесе отырып дамиды. Бүгін­гі таңдағы әлемнің алдыңғы қатар­лы әдебиетінің көбі осы үрдіс­тен өтті. Тіпті қазақ ауыз әдебиетінің өзіне мұсылмандық шығыстың, парсы әлемінің ықпалы болғанын кез келген әдебиетші дәлелдеп бере алады. Дегенмен жоғарыда да айтып өттім, біз қазір Кеңес одағы кезіндегі Қазақстан емеспіз. Ол кезеңге қарағанда, шетел тілін ғана емес, ділін де меңгерген жастарымыз көптеп шығып жатыр. Аудармашыға керекті ең басты қасиет – осы.

Ендеше, соларды неге пайдаланбасқа? Ал оларды пайдаланғанда да сөлін сығып алып, қабығын лақтырып тастайтын жемістей етіп емес, қанат байлап, шабыт беретіндей, әрі қарай да рақаттанып жұмыс істейтіндей болуы керек. Себебі аударма оңай жұмыс емес. Бү­гін­гі нарықтық заманда басқа елді­ қайдам, біздің елде аудар­ма­ арқылы табыс табу мүм­кін емес. Дей тұрғанмен, алғаш­қы соқпақтар бар. Көптеген аудар­машы мұны кәсіп қыла бас­тады. Дегенмен кәсіптен пайда табам деп, сапа жағын ұмытып кетпеу керек. Аудармашының, онда да түпнұсқадан аударатын­ аудар­ма­шы­ның еңбегі бағалансын десек, мем­лекет ақша бөлмей-ақ қойсын, аудар­машы еңбегін бағалайтын нақты заң шығарып, аударылатын елдің тіліне және саласына орай аударма құнын, аудар­ма жұмысындағы бет санының таңбасын белгілеп берсе, құба-құп. Тіпті жекеменшік компанияларға әлем­дік­­ інжу-маржандарды аударғаны үшін салықтық жеңілдіктер қарас­тыр­са да артық болмас еді. Жыл са­йын­ сапалы аударма өнім­дерін өндірген жекеменшік бас­па­ иелеріне арнайы гранттар та­ғайындаса жөн болар еді. Себебі қазір аударма­ беруші компаниялар, әсіресе, ау­сор­сингтік компаниялар бет санын­ да, бағаны да өз ыңғайына қарай қойып алады. «Келіспесең, басқасы бар» деген ұстаным. Мұның ар жағында көбіне сапасыз өнім жатады. Соған қарамастан өз еңбегін ешкімге бұлдамай, ке­рі­­­сінше, нарық заманына ың­ғай­ла­­нып жатқан аудармашылар да бар. Соның бір мысалы, бел­гілі ау­­дар­машы, журналист – Шынар Әбілда. Ол жақында ғана өзі­нің­­­ біраз жылғы аударма ой-тол­ғау­­­ларының негізінде «Әлемді өз­­­герткің келсе, әйелді сүй» атты жи­­­нағын шығарды. Оқырман та­­ра­­пынан сұраныс бар. Жаңылмасам қазір, Шынардың тағы бір кітабы жарық көргелі жатыр.

Сосын белгілі ақын, аудармашы Саят Қамшыгер башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана!», «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» кітаптарын қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығарды. Бұл кітаптар сұранысқа ие болып, оқырман тарапынан ыстық ықыласқа бөленді. «Тастамашы, ана!» кітабы 9 рет қайта басылып, 50 000 тиражбен таралды. Әзірге еліміздегі ешбір аудармашының маңдайына жазылмаған бақыт бұл!

Саят Қамшыгер оған қоса якут жазушысы Нина Дьячковскаяның «Жоғалғандардың жан сыры» кітабын да аударды. Бұл кітап та жақсы оқылды. Жиырма қырғыз ақынының өлеңдерін аударып, «Қазіргі қырғыз поэзиясы» атты антология шығарды. Сонымен қатар, 30 татар жазушысының бір-бір әңгімесін ана тілімізге аударып, «Жаныңның бір бөлшегі» деген жинақ етіп шығарды. Бұл жинақтың 16 қазанда Қазан қаласында тұсаукесері өтпекші. Саят әріптесім қазір сол жаққа баруға дайындалып жүр.

Яғни, қазір аударма арқылы абыройлы болуға да, халықаралық деңгейде танылуға да болады. Тек аудар­машыларға да нарықты зерт­­т­­еу, нарық сұранысына орай жұмыс істеу керек сияқты. Сонда ешкімге жалынышты болмайды.

Досым аға
Фото: жеке мұрағатынан

Толығымен аударма ісімен айналысқыңыз келмей ме?

Жоқ. Мен өзім екі майданда да жұмыс істей бергенді жөн көремін. Екеуі де жаныма жақын. Тарих пен аударма ісі мен үшін егіз сала. Негізгі жұмысым тарих саласы болғандықтан, тарихты тастай алмаймын. Дейтұрғанмен, тағдыр жолы қандай сый дайындап тұрғанын біз білмейміз. Әзірге осы екі саладан басқа жерде өзімді көріп тұрған жоқпын.