16 Желтоқсан 09:03
...

Тар жол, тайғақ кешу: Тәуелсіздікке тұғыр болған 16 желтоқсан шеруіне шолу

16 желтоқсан
Фото: masa.media.ru

16 желтоқсан – Қазақстан тарихындағы ең қасиетті әрі тағдырлы күн. Бұл – тәуелсіздік жарияланған әрі сол жолда құрбан болғандарды еске алу күні. Тәуелсіздікке тұғыр болған тарихқа Nege.kz редакциясы шолу материалын әзірледі.

1991 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Алайда бұл тарихи шешімнің түбінде бес жыл бұрын, 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда басталған қанды оқиғаның ізі жатыр.

ӨТКЕНГЕ ШОЛУ

1986 жылдың 16 желтоқсанында Мәскеудің шешімімен Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Дінмұхамед Қонаев қызметінен алынып, оның орнына республика халқы мүлде танымайтын, Қазақстанда бұрын-соңды тұрмаған Геннадий Колбин тағайындалды. Бұл шешім қазақ қоғамында, әсіресе жастар арасында үлкен наразылық туғызды. Өйткені бұл – жергілікті халықтың пікірімен санаспай, ел тағдырын сырттан шешудің айқын көрінісі еді.

Сол күні-ақ Алматыдағы жоғары оқу орындарының студенттері бұл әділетсіздікке үнсіз қалмауды жөн көрді. Ал  17 желтоқсанда таңертең Брежнев атындағы алаңға, қазіргі Республика алаңына, бірнеше жүз студент шығып, кейін олардың саны 20 мыңға дейін жетті. Алаңға шыққандар ешқандай қару ұстамады, бейбіт түрде өз талаптарын айтты. Негізгі талап – Қазақстанды өз елінің азаматы басқаруы тиіс деген ой болды. Түрлі ашық деректерге сүйенсек, шеруге шыққан жастардың жалпы саны 20 мыңнан 40 мың адамға дейін жеткен. Олардың басым көпшілігі – студент жастар, жұмысшы жастар, ауылдан келген қазақ жастары еді.

Бейбіт басталған шеру биліктің күш қолдануымен аяқталды. Алаңға әскер, милиция және арнайы жасақтар шығарылып, жастарды күшпен тарату басталды. Су шашқыш машиналар, резеңке таяқтар, иттер қолданылды. Қыстың қақаған аязында жастарды қаладан тыс жерлерге апарып, ұрып-соғып, қамауға алды. Бұл оқиға бірнеше күнге созылып, Алматыны ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларын да қамтыды.

Желтоқсан оқиғасынан кейін жаппай қуғын-сүргін басталды. Мыңдаған адам ұсталып, жүздегені сотталды, көптеген жас қудалауға ұшырады. Ерлікпен көзге түскен Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова сынды жастар Желтоқсан құрбандарына айналды.

Ресми дерек бойынша 8500-ге жуық адам ұсталып, мыңнан астам адам жарақат алды, жүздеген студент оқудан шығарылды. Ресми деректер әртүрлі мекемелер тарапынан беріліп, олардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар болды. Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) мәліметі бойынша 2336 адам ұсталған, ал КГБ дерегінде бұл сан 2212 адам деп көрсетілген. Прокуратура дерегі бойынша 2401 адам жауапқа тартылған. Сонымен қатар, 300-ден астам адам жоғары оқу орындарынан шығарылып, 319 адам жұмысынан босатылған.

Ал қаза тапқандар саны әлі күнге дейін нақты айтылмай келеді. Кеңес билігі тек 2 адамның ғана көз жұмғанын мойындаса, тәуелсіз зерттеулер мен куәгерлер ондаған, тіпті жүзден астам адамның қаза тапқанын алға тартады.

Әртүрлі ашық дереккөздер бойынша, жарақат алғандардың саны 763 адамнан 1137 адамға дейін, ал комиссия бағалауынша 1,7 мыңнан астам адам дене жарақатын алған.

Бұл оқиға Кеңес Одағындағы ұлттық саясаттың әділетсіздігін ашық көрсеткен алғашқы ірі қарсылықтардың бірі болды. Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының ұлттық санасын оятып, еркіндікке деген ұмтылысын күшейтті. Көптеген тарихшылар бұл оқиғаны Кеңес Одағының ыдырауына алып келген үрдістердің бастауы деп бағалайды. Себебі дәл осыдан кейін басқа республикаларда да орталық билікке қарсы наразылықтар күшейе түсті.

ЕГЕМЕНДІККЕ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

1990 жыл – Қазақстанның егемендікке бет бұрған жылы болды. 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданып, республика өз аумағының тұтастығын, билік дербестігін жариялады. Бұл құжат болашақ тәуелсіз мемлекеттің құқықтық негізін қалады.

Осы кезеңде президенттік басқару жүйесі енгізіліп, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР президенті болып сайланды. 

Қанды қырғыннан бес жыл өткен соң, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіз мемлекет екенін жариялады. Бұл – Желтоқсанда алаңға шыққан жастардың арманы ақталған күн еді. Тәуелсіздік декларациясы қабылданып, Қазақстан өз тағдырын өзі шешетін дербес елге айналды. Сол себепті 16 желтоқсан қазақ халқы үшін қос мағынаға ие күнге айналды: бірі – азаттықтың жарияланған күні, екіншісі – сол азаттық жолында құрбан болғандарды еске алу күні.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – сол Желтоқсан оқиғасында жасқанбай алаңға шыққан жастардың ерлігі мен қайсарлығының нәтижесі. Бұл күн бізге тәуелсіздіктің оңай келмегенін, оның артында қаншама көз жасы мен құрбандық тұрғанын еске салады.

16 желтоқсан – тек мереке емес, бұл – тарих, бұл – тағдыр, бұл – ұлттың рухын танытатын қасиетті күн.

ЖАҢА МЕМЛЕКЕТ, ЖАҢА БАҒЫТ

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін ауыр сынақтармен қатар жүрді. Экономикалық дағдарыс, әлеуметтік қиындықтар, өндірістің тоқырауы – мұның бәрі жас мемлекетке ауыр жүк болды. Соған қарамастан Қазақстан нарықтық экономикаға көшіп, жекешелендіру, инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу бағытында батыл қадамдар жасады.

Нәтижесінде ел экономикасы тұрақтанып, жүздеген жаңа кәсіпорындар іске қосылды, миллиондаған жұмыс орындары ашылды. Қазақстан халықаралық ұйымдарға мүше болып, сыртқы саясатта бейбітшілік пен келісім қағидатын ұстанды.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихи шешімдерінің бірі – әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы болды. Семей ядролық полигоны жабылып, Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының біріне айналды.

Ел БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ЕАЭО, Ислам ынтымақтастығы ұйымы секілді халықаралық құрылымдарда белсенді рөл атқарып, әлемдік деңгейде сенімді серіктес ретінде танылды.

Бүгінде Қазақстан – егемендігі берік, халықаралық аренада өзіндік орны бар мемлекет. Бұл жетістік – Желтоқсан жастарының қайсар рухының, халықтың бірлігінің және тәуелсіздік жолындағы табанды еңбектің жемісі.

16 желтоқсан – өткенді еске алып қана қоймай, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін күн.