«Жағдайы жақсы болса, ән айтып несі бар?!» – Танымал өнерпаздар фонограммаға тыйымды қалай қабылдады?

Бұған дейін Парламент мінберінде қаралып келген әншілердің мәселесіне нүкте қойылды. Яғни, бұдан былай фонограммамен ән айтуға ресми түрде тыйым салынды. Бұған жол берген мәдени шараны ұйымдастырушылар да жауаптан құтылмайды, 3,5 млн теңгеден астам айыппұл арқалайды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов: «Бұл жаппай тыйым салу емес, тек 200 адамнан жоғары сыйымдылығы бар мәдени бұқаралық іс-шараларды қамтиды. Оның ішінде бейімделмеген, арнайы-құрал-жабдықтармен жабдықталмаған алаңдар болса, ол жерде фонограммаға рұқсат етіледі», – деп түсіндірді. Ал кей депутаттар бұл нағыз әнші мен әуесқой әншіні ажыратуға жол ашады десе, ендібіреулер тыңдарман талғамын кеңейтеді деп сендірді. Ал ел алдында жүрген әншілердің өзі не дер екен? Жанын салып жанды дауыста шырқайтындардың алар ақысын арттыруға дайын отырған жайы бар ма? Тілшіміз анықтап көрді.
Саят МЕДЕУОВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
Қазақстанда түзетуге тиіс одан да басқа мәселелер жетеді

– Халыққа дұрыс дүние беру үшін алдымен жаман әнмен күресу керек. Фонограмманың жайын содан кейін жөнге салса да болады. Сонда тыңдарман талғамы да өседі. Мықты әнші болсын, ортақол әнші болсын, халыққа тұщымды туынды тарту етуге тиіс. Әйтпесе, Қазақстанда түзетуге тиіс одан да басқа мәселелер жетеді.
Арзанқол кино мен әннен бастап, тикток, инстаграмдағы дүниелерді сүзгіден өткізу керек. Мысалы, Нұрғали Нүсіпжанов пен Мақпал Жүнісованың әндерін фонограммадан тыңдадың не, жанды дауыста тыңдадың не, айырмасы жоқ. Фонограммаға тыйым салды екен деп, көп әнші сахнадан кетіп қалады дегенге өз басым сенбеймін. Ертең біреу бастысы «живой» айтып тұрмын деп боқауыз әнге салып тұруы мүмкін ғой. Сөз түзелген кезде ғана тыңдаушы түзелмей ме?!
Ғазизхан ШЕКЕРБЕК, әнші-композитор:
Баяғыда қолға алу керек еді

– Бұл өте дұрыс қабылданған заң болды. Мен қолдаймын. Осы дүниені баяғыда қолға алу керек еді. Дегенмен, өз басым жанды дауыста әнге салады екенмін деп гонорарымды өсіру ойымда жоқ.
Мойындаймын, алғаш ән айтып шыққан жылы фонограммаға сүйенгенім рас. Одан кейін той-томалақ, концерттік жиындар болсын, аппараттың қандай екеніне де қарамастан жанды дауыста ән салуға дағдыландым. Сондықтан бұл заңның қабылдануы мен үшін жаңалық емес.
Концерт ұйымдастырушылардың заңға қайшы әрекеті байқалса, айыппұл төлейтіні айтылыпты. Оны да қоштаймын. Себебі бұлай тәртіпке келтірмесе болмайды.
Сәкен ҚАЛЫМОВ, ҚР Өнер қайраткері, әнші:
Тыңдарман надан емес

– Осы жаңалықты естігелі шексіз қуанып отырмын. Себебі бұл менің ұзақ жылдан бері тілеп жүрген арманым еді. Егер осы заң қолданысқа енетін болса, сахнада таза әншілер ғана қалады. Яғни, кәсіби өнер иелеріне сұраныс артады. Көшенің әндері үлкен сахнаның төріне шығып кетіп еді, бұдан былай тыңдарман да концерт атаулыға таңдап, талғап баратын болады.
Енді осы заңның орындалып жатқан-жатпағанын қадағалайтын орган болса, шіркін! Ал алар ақыға келер болсақ, аузын фонограмманың астында қимылдатып жүргеніне миллиондап гонорар сұрайтын арзсыздар бар. Өз басым жанды дауыста айтсам да, ондай ақыны өлсем де сұрамаймын. Оған арым да, ұятым да жібермейді. Халықтың жағдайымен санасын жандар бағасын өсірмейді.
Өткен жылы Шәмші ағамыздың рухына бағышталған кеш бердік. Қалдыбек Құрманәлі қатысатын отыз әншінің бәрі фонограммамен айтатынын жеткізді. Ал менің келген халықты алдағым келмеді. Бала-шағасының аузынан жырып, пәлен мыңға билет алып келді, мен неге көпті фонограммамен алдап шығарып салуым керек?! Сондықтан ұйымдастырушылар қаласын, қаламасын жанды дауыста айтып шықтым. Мен үнемі концертке қатыссам да, тойға барсам да жанды дауыста ән айтамын. Оған халық куә. Тыңдарманды надан санағым келмейді. Бұл – менің киелі сахнаға деген құрметім.
Алма АМАНЖОЛОВА, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші:
Әнге бай болғанымен, малға кедей әншілер де жетеді

– Бұл жаңалықты өзіңізден естіп отырмын. Бірақ баяғыдан жанды дауыста ән айтып үйренгендіктен, мұндай ақпардан үркетін емес, бізге – бәрібір. Егер ашық аспан аясында шырқағанға техникалық құрылғылардың жағдайы жететін болса, онда жанды дауыста өнер көрсеткенге не жетсін. Бірақ көбінесе олардың сапасы сын көтермей жатады ғой, нәтижесінде дауысың дұрыс шықпай қалады. Осындай сәттерде фонограмманың көмегі болары анық.
Мысалы, біз Алатау дәстүрлі өнер театры жыл он екі ай бойы далада концерт береміз. Сонда ауа райына байланысты ентігіп, қақаған суықтан тамағың қарлығып қалатын сәт болады. Ал алдыңда тұрған тыңдарман оны түсінбегендіктен, әншіні нашар екен деп түйіндейді. Сондықтан қабылданған заңға сәйкес, концерттік техникалардың сапасын арттырған жөн болар. Олай болмаған жағдайда ауа райы мен техниканың сапасыздығына байланысты фонограммаға жол беру жағын да қарастырса. Кейбір телевизиялық жобаларда дыбыс режиссерінің өзі фонограммамен ән айтуыңды өтінеді. Осы жағы да ескерілер ме екен?
Дегенмен, қабылданған заңның кәсіби әнші мен әуесқой әншінің ара-жігін ажыратуда септігі тиері анық. Сондай-ақ пайдасы мен қатар кемшін түсетін жағы да бар сияқты, себебі дүркіреп тұрған завод-фабриканың жоқтығынан әнін алдын-ала жаздырып алып, нәпақасын тауып жүрген жандар бар. Енді олардың жағдайы қалай болмақ?! Жейтін нанынан айырылған соң жаман жолға түсіп кетпесіне кім кепілдік береді. Әнге бай болғанымен, малға кедей әншілер де жетеді. Осыған қарағанда, үкіметтің фонограммадан басқа айналысатын мәселесі жоқ па деген ой келеді. Ауылдағы ағайынның жағдайы жақсы болса, қалаға ағылып, арба сүйреп, такси жүргізіп, әнші болып несі бар?! Әнші де халықтың бір бөлшегі.