«Талантты бүлдіршінді таныту үшін оның табиғатын тану керек» – Хамит Шаңғалиев
Елімізде талантты балаларды таныту жолында тер төгіп жүрген музыка мамандары саусақпен ғана санарлық десек, соның бірі – Хамит Шаңғалиев. Әуенге бала жастан әуес болып өскен қыр баласы бүгінгі таңда жұдырықтай жеткіншектерді әлемдік байқауларда бағын сынатпаққа ән-жырға баулып жүр. Тілшіміз белгілі композитормен тілдесіп, таланттың пырағын тізгіндеген балалар шығармашылығы жөнінде пікірін білді.
– Хамит мырза, сіз әсілінде алған мамандығыңыз бойынша музыка пәнінің мұғалімі екенсіз. Бұл сала бойынша қызмет атқардыңыз ба?
– Жоқ, мен шәкірт тәрбиелемедім. Себебі мектеп қабырғасынан бастап, әнші-композитор болуды қаладым. Осы мақсатпен жоғары оқу орынына құжаттарымды тапсырғанда, композиторлыққа тек музыка мектебін бітіргендер ғана қабылданатынын айтты. Енді не істеймін деп абдырап тұрғанымда білікті ұстаздардың бірі музыка пәнінінің мұғалімі болатын мамандықты таңдауға кеңес берді. Сөйтіп, ауылға қайта оралғым келмегендіктен, педагогикалық институттың музыка пәні мұғалімі бөліміне құжат тапсырдым. Дегенмен, бір кісідей музыканың-қыр сырын үйрендім әрі бұл таңдауым талантты балалардың шығармашылығын шыңдау жолында айтарлықтай септігін тигізді.
– Ал сазгерлікке қалай келдіңіз?
– Жеті жасымда әкем кішкентай аккордеон сыйға тартты. Соның әр клавиштерін басқан сайын түрлі дыбыстар шығып, ол аспап мені қызықтыра түсті. Уақыт өте келе өз жанымнан шағын әуен жаза бастадым. Өрісте мал бағып жүргенде де санамда түрлі сазды әуендер шығып, оны дыбыстап айтып жүруді әдеке айналдырдым. Міне, менің алғашқы сазгерлік өнерім осылай бастау алды.
Екінші курс оқып жүргенімде бірге оқитын үш бала бірігіп, «Жас қыран» атты топ құрдық. Содан нәпақа табу мақсатында тойға шығып, өнер көрсете бастадық. Сөйтіп жүріп өзімізге қажет аспаптарды түгендей түстім. Қолда біраз дүние құрала бастаған соң әуен жазу мақсатымен уақытымның басым бөлігін студияда өткізетін болдым. Одан соң жұрт көзіне түсе бастағанда Жас қанат» бауқауына қатысып, бағымызды сынадық. Ол жобадан екінші орынды еншілеген соң, «Азия дауысы» халықаралық байқауына қатысуға жолдама алдық. Ол шарадан бірінші орынды еншіледік.
– «Жас қыран» неге тарап кетті?
– Иә, біз 2007 жылы жан-жаққа тарқастық. Бүгінгі таңда менен өзге екі солистің бірі – Астана Балет театрында, екіншісі – Қазақмыс компаниясында жұмыс жасайды. Бізде әкімшілік ұйымдастыру жағы болмады, ол кезде тіпті продюсер деген ұғым да жоқ еді.
– «Музыка жан жарасын емейді» деп жатады, осы тұрғыдан алғанда сіздің санаңызда депрессия деген ұғым жоқ шығар?
– Мысалы, дәл қазіргі таңда мен балетті туындыларға арнап музыка жазу үстіндемін. Ондағы көңіл-күйді білдіру үшін өзің жүректі тербейтін сәтті бастан өткеруің керек. «Жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жетеді» дейді ғой. Сондықтан күліп отырып – аянышты, толғанып отырып – көңілді шығарма жазу мүмкін емес тәрізді. Анығында музыка эмоциядан туындайды. Кейде тіпті тек қана тыныштықты қалайтын кездер болады.
– Ал ашынған адамнан тұщымды туынды шығады дегенге қалай қарайсыз?
–Тұрмыстағы екі жағдай да әсерін береді, бірақ нәтижесі әртүрлі болмақ. Неге десеңіз, тек тапсырыспен ғана әуен жазатын маман болса, онда той-томалақ атаулыға ән жазып, хит қуып кетеді. Ондай туындылардың өміршеңдігі болмасы анық. Ал таланттың қарыны тоқ болса, ол сазды әуенді шарықатаған шабытына орай жазады. Әлбетте, ондай туындылардың сапалы болары анық. Мәселен, Қарақат Башановаға арнаған Forever атты әнім әкеге деген ішкі тебіренісімнен туындағандықтан жүректерге жетті деп ойлаймын.
– «Балалар Еуровидениесі» байқауында Қарақат сияқты үлкен сахнаға баптаған Ержан Максим де екінші орынды еншілеп, ел үмітін ақтады. Балалардың талғамын табу қиындық тудырмай ма?
– Әрине, оңай емес. Себебі екі бүлдіршіннің де табиғаты, мінезі екі түрлі. Мысалы, Ержан ерке өскен бала болса, Қарақат томаға тұйық қыз дегендей. Сондықтан олардың алдымен талғамын табу қажет болды. Себебі, әннің табиғаты орындаушының мінезімен үйлескенде ғана тамаша туынды шығады. Мен осы жағына жіті мән бердім. Сондай-ақ, сол балалар Еуровидениесіне қатысып қайтқан тағы бір бүлдіршінге арнап ән жазып бердім. Бірақ оның бет-жүзін еш көрмедім, сөйлеспедім, тек музыкалық продюсерінің өтінішін орындау ғана мақсатым болды. Өкінішке орай, ол бала жеңіс түғырынан көріне алмады. Сондықтан таланты ұштауда оның табиғатын тану үлкен рөл атқарады деп пайымдаймын.
– Қазіргі таңда тағы қандай жас таланттармен жұмыс жасап жатырсыз?
– Қазіргі таңда «Қазақстан дауысы» байқауының музыкалық продюсерлігін атқарып жүрмін. Бұл жолы маған балалар емес, жастар жағын іріктеу тапсырылды.
– Жалпы жас жеткіншектерді шығармашылыққа баулу жолында атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?
– Енді түрлі конкурстар ұйымдастырылып жатыр ғой. «Алуан алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, әрқайсысы өз шама-шарқына қарай өнерін ортаға салады. Мысалы, бұрынғы әртістердің әнін сазгер, оның сөзін ақын жазса, қазіргі жастар бір өзі бірнеше маманның рөлін атқарады. Қалаберді продюсердің рөлін де өзі алып жүреді. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі жастардың талантын мойындамасқа лаж жоқ. Мұны енді бір жағынан ақпараттық-технологияның жетістігі деп білген де жөн.
– Мұның да артықшылығы мен кемшілігі барын жоққа шығармайтын боларсыз?
– Артықшылығы – жас таланттарымыз заманауи музыкамен қатар ілесіп келеді. Ал кемшілігі – әндері қалай тез танымал болса, солай жедел түрде тыңдарман жадынан шығып қалады. Туындыларының мән-мағынасы да саяз келеді.
– Біздің елде балаларға арнап ән жазатын композиторлар некен саяқ қана. Не себепті?
– Мойындауымыз керек, қазіргі музыканттардың дені баладан гөрі, ересектер шығармашылығына жіті мән береді. Себебі ол табыс әкеледі. Ал баласына сапалы ән жаздыртып, сапалы аранжировака жасатуды кез-келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Сондықтан балаларға арнап ән жазатын музыка мамандарының қатары сейіліп кеткен секілді. Оның үстіне қазіргі ересектердің дені «әнші боламын» деген баласына үрке қарайды. Біз осы түсініктен арылмағанбыз. Сондықтан балалар орындайтын әнге деген сұраныс та аз. Осы ретте бала жастан бетімді қақпай, өнеріме қолдаушылық білдірген ата-анама әлі күнге дейін алғыс білдіремін.
– Кейбір жиын-тойда ересектерге арналған әндерді айтып жүрген бүлдіршіндерді көргенде ішіміз қылп ете қалатыны бар. Өзіңіз мұндай жайттарға қалай қарайсыз?
– Өйткені біздің елдегі мәдениет саласында цензура жоқ. Кім не айтып, не қойып жатыр, сүзгіден өткізіп жатқан ешкім жоқ. Мысалы, жуырда елімізге көршілес елден Филипп Киркоров келді. Сахнаға киіп шыққан киімінен бастап, әр жасаған қылығына дейін көрер көзге ерсі. Қазақтың киелі сахнасында неге қайдағы көгілдірдер көлбең қағып, ойына келгенін істеп жүр. Менің осыған зығырданым қайнады. Мұны көрген жастар қалыпты жағдай деп қабылдап, оны ертең қайталамасына кім кепілдік береді?! Балалардың ересектерге арналған әнге салып, ашық киініп, өз жасына сай келмейтін дүниелерге құмарта бастауы осындай дүниелерді көргеннен туындайды. Одан қалса күніге TikTok-пен инстаграм желілерінен небір бейнежазбаларды тамашалайтыны тағы бар. Осы ретте жас ұрпақ тәрбиесі үшін ақпарат айдынын да сүзгіден өткізіп, қадағалайтын кез жеткен тірізді. Мысалы, мен Қытайға барғанда таңданысымда шек болмады. Бір ән телеарнаға шығу үшін үш ай бойы сүзгіден өтеді екен. Онда орындаушының салған әні, оның сөзі мен мазмұны, киген киімі, барлығы дерлік зерделенеді. Сол сияқты түрік халқы да үлкен кештер мен жиын-тойда өздерінің ұлттық фольклорлық жырларын орындайды екен. Папса тыңдайтын жастары жоқ дей алмаймын, бар. Бірақ біздің жастар сияқты басыбайлы беріліп кетпеген. Ал бізде бейәдеп сөздерден тұратын әндер қаншама. Оны тыңдап жүрген балалар қандай тәлім алып жатыр, елеп-екшелеп жатқан жан баласы жоқ. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық болмысымызды жоғалтып бара жатқан секілдіміз.
– Мысалы, кезінде Шона Смаханұлы мен Әбиірбек Тінәлінің «Анамның тілі – аяулы үні» атты әні талай бүлдіршіннің тілін ана тілінде сындыруға ұйытқы болды. Осындай тамаша туындылар жазатын ақын-сазгерлердің сейіліп кеткеніне не себеп деп ойлайсыз?
– Бала тілін сындыруға арналған түрлі әндер жазылып-ақ жатыр. Бірақ оларға деген насихат аз. Жалпақ жұртқа жетпей жатқаны да содан. Күнделікті естімеген соң бала оған қайдан еліте қойсын. Өзім де Отан, Ана, Әке, Бала тақырыбында түрлі әндер жазу үстіндемін. Бірақ ондай әндерге арнайы шаралар мен әкімшілік концерттерге ғана сұрау салады. Бір өкініштісі салмақты әндер сахнада бір рет орындалған соң қалыс қалады.
– Біраз ән додаларының музыкалық продюсері болғаныңыз белгілі. Алда композиторлар арасында конкурс ұйымдастыру ойыңызда жоқ па?
– Реалити-шоу жанрында бір жобаны жарыққа шығару ойымда болған. Бірақ оны жасау қыруар қаражатты талап етеді. Сондықтан жоспарымның орындалуы алдағы уақыттың еншісінде.
– Білетіндер талантты балаға қандайда бір жаста көмейіне күш түсірмеу мақсатыныда ән салуға тыйым салу керектігін айтады. Осы жөнінде түсіндіре кетесіз бе?
– Негізі бұл сауалға вокалистер тұщымды жауап береді деп ойлаймын. Десе де музыка саласының маманы болғандықтан, білгенімді бөлісе кетейін. Кез келген жасөспірім өтпелі кезеңді өткереді, осы кезде оның дауысына салмақ салмаған абзал. Есту қабілеті сақталғанмен, дауысының тембрі өзгеріп кетуі мүмкін. Дыбыс жинағына күш түссе табиғи саф дауыс өзгеріп, немесе мүлде жоғалып кетуі ықтимал. Осы жағына абай болған жөн.