11 Наурыз 17:54

4 жыл күткен Олимпиада өтпей қалуы мүмкін

Фото:

Осы аптада Еуропа футбол қауымдастығы одағы (УЕФА) Еуропа чемпионаты 2020 матчтарына қатысатын елдер билігінен коронавирустың таралуына қарамастан турнирді белгіленген мерзімде өткізуге жағдай жасауды сұрады.

Алматы, NEGE. Қауымдастықтың алдын-ала қамданғанына қарап осы жылғы шараның маңызды екенін аңғаруға болады. Тіптен санға да баса назар аударыпты. 60 жылдық мерейтой құрметіне орай ұйымдастырылып жатқан чемпионат Еуропаның 12 қаласында 12 маусым мен 12 шілде аралығында өтеді. Алдын-ала жоспар бойынша Санкт-Петербург, Лондон, Мюнхен, Баку, Рим, Бухарест, Дублин, Копенгаген, Бильбао, Глазго, Будапешт пен Амстердам ойыншылар мен жанкүйерді күтіп алуға сақадай сай тұр. 

Тура 3 айдан кейін басталатын чемпионат XXXII-жазғы олимпиада ойындарының болу-болмауын айқындайтындай. Сол уақытқа дейін коронавирус шуы басылып, емі табылса құба-құп. Олай болмаған жағдайда жеті жыл дайындалған Токиоға обал болғалы тұр. Обал болмай қайтсін сол үшін 12,6 млрд доллар қаржы құйды.

Жапондықтардың тым тиянақты, іске кіріссе жоспардың үддесінен шықпай қоймайтынын былайғы жұрт жақсы біледі. Өзгелер шығынды ақтай алмай, қарызға белшесінен батып қалғанда, жапоның пайда табамыз деп тәуекел жасаған-ды.

Болмаса соңғы 15 жылда Олимпиада өткізген бірде-бір елдің көсегесі көгермегенін бұлар білмейді емес, біледі. Біле тұра бюджетті азайтқан жоқ. Лондон секілді (16,3 млрд АҚШ доллары) рекордтық қаржы жұмсамаса да, содан сәл ғана аз ақша бөлді. Әйтеуір, жапон халқы бір қатерді сезгендей ара-тұра наразылық митингін ұйымдастыруда. 

2024 және 2028 жылдары олимпиада өткізетін Париж (7,6 млрд) бен Лос-Анджелес (6,9 млрд) әлемдегі саяси һәм экономикалық бұрылыстарға болжам жасаса керек «әзірге осы ғана» деп тыныш отыр. 

Егер коронавирус бой бермесе олимпиада ойындары мерзімінен кейінге шегерілуі мүмкін дейді сарапшылар. Бейресми, нақтыланбаған бір дерек жазғы олимпиада ойындары 2022 жылға қалдырылуы мүмкін. XXXII-жазғы олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің мүшесі Харуюки Такахаси осындай мағынады сұхбат беріпті. Бір жағы халық наразылығын да ескерсе керек. Коронавирусқа дейін өткен жылдың жаз мезгілінде жапондықтар аталған ойынның өтуіне наразы болған. Ол енді жеке, бөлек, үлкен тақырып... Бүгінгі күннің әңгімесе олимпиаданың өту, өтпеу жайы.

Бірақ, соңғы шешімді халықаралық олимпиада комитеті қабылдайды.

Адамзаттың болашағы мен бизнес безбенге түскен сында ХОК кімге бүйрегін бұрар екен?

Бір ғана трансляцияның өзі қыруар қаржыға айналатынын біреу білсе, біреу білмес. 

2 айда жарты жаһанды жаулаған вирустың тағы 3 айда не қылық шығарары белгісіз. Белгілісі індеттің емі табылмай Токиоға көп туристің табаны тимейді.

Енді қолдан келері әліптің артын бағу ғана...

Тегтер: