19 Қыркүйек 15:40
...

Сот орындаушылары қалай рэкетке айналды?

Фото:

Мемлекеттік ақпараттық базалардың тас-қамал қорғаны ебін тапқан адамға оңай ашылады екен. Бір адам емес, бақандай 35 агенттік кіріп, құпия мәліметтерді пайдаланып, күреп ақша тауып келген. Тарқатып айтсақ, Бас прокуратора мынадай сұмдық жайттың бетін ашып отыр. Коллекторлар мен жекеменшік сот орындаушылары біріге отырып, заңсыз схема құрған. Борышкерлер үшін нағыз рэкетке айналған.

«Соңғы кездері азаматтардан шағым-арызы көбейіп кетті. Сондықтан прокуратура органдары жекеменшік сот орындаушыларының қызметіне тексеру жүргізді. Сондай-ақ коллекторлардың да қызметіне сараптама жасалды», – дейді прокуратураның баспасөз қызметі.

Осы тексеру, сараптау кезінде «қызық» схемаға анықталған. Коллектор агенттіктері жекеменшік сот орындаушыларымен бірігіп, қарызды өтеттірудің заңсыз тәсілдерін пайдаланған.

Мемлекеттік ақпараттық базаға заңсыз кірудің айласын да тапқан. Қалай дейсіз бе? Қадағалау органдарының мәліметінше, коллекторлар үлестес тұлғаларға жеке сот орындаушылардың лицензиясын әперіп отырған.

Шынтуайтына келгенде, сот орындаушыларының базасы – мемлекеттік ақпараттық жүйе. Ол жерде жеке сот орындаушылары барлық атқару әрекеттерін жасайды. «Онда тараптардың жеке мәліметтері сақталады. Өзгелерге кіруге тыйым салынған», – дейді Бас прокуратура өкілі.

Тыйымға қарамастан, үлестес тұлғалар арқылы олар жекеменшік сот орындаушылардың ақпараттық базасына кіріп, құқықтық тетіктерге шексіз қол жеткізген. Яғни, осы органның автоматтандырылған  ақпараттық жүйесін пайдаланып, азаматтардың мүлкін «тұтқындап», кейде сатуға шығарған. Елден шығуға тыйым салған. Банктік шоттарын бұғаттаған. Айта берсе, бұл тізім ұзаққа созылады. Мұның бәрі – заңға томпақ әрекеттер.

Бір ғана Алматы қаласында коллекторлар электронды қолтаңба кілттерін пайдаланып, сот орындаушылар базасына 200 мың мәрте кірген. Ол жерде борышкерлердің деректерін жинаған.

Заңсыз әрекеттерге барғандардың саны да аз емес. Алматы қаласында 35 коллектор агенттігі осы тәсілді қолданыпты. Арсыз сот орындаушылары ай сайын 250-300 мың теңге сыйақы алып отырған. Тексеру қорытындысы бойынша, Бас прокуратураның пәрменімен Жеке сот орындаушылардың Республикалық палатасынан 18 сот орындаушысы шығарылған. Екеуі лицензиясынан айырылды. Жүйе әкімгері ақпараттық базаға кіру жолын жапқан.

Қалай ойлайсыз, рэкетке айналған сот орындаушылары үшін жаза тым жеңіл емес пе?

Тегтер: