Сырт көз: Нозима Ташпулатова, өзбек журналисі: «Өзбекстан ҰҚШҰ-ға қайта айналып соқпайды»

Ал көрші Өзбекстанда бұл мәселе туралы жазуға, айтуға тыйым салынғаны туралы ақпарат рас па? Бұл туралы осы елдегі әріптесіміз www.rost24.uz интернет сайтының тілшісі Нозима Ташпулатовадан сұрадық.
– Нозима, қандай ақпарат құралында жұмыс істейсіз?
– Дәл қазір өзім құрылтайшылардың бірі саналатын www.rost24.uz тәуелсіз интернет басылымына осы мәселеге орай материал дайындап отырған жайым бар.
– Қазақстандағы митинг жайында не жазып жатырсыздар?
– Әуелгіде, яғни митингінің алғашқы күндерінде бреак-жаңалықтар беріп отырдық. Себебі, біздің оқырмандар Қазақстандағы оқиға туралы білуге асықты. Негізінен қазақстандық орыстілді БАҚ-тағы материалдарды көшіріп бастық. Оның ішінде ҚазТАГ, «Орда», «Sputnik Қазақстан» сайттары біздің негізгі ақпарат көзімізге айналды. Ал екінші күннен бастап сараптамалық материалдар бере бастадық.
– «Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі журналистер мен блогерлерге Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздік жайында жазуға тыйым салды» дегенін оқыдық. Шынымен, солай ма?
– Бұл шындыққа жанаспайды. Біздің интернет сайтымыз – дәл қазір республикадағы сыни материалдар жариялайтын бірден-бір ақпарат құралы. Сол митинг басталған 4 қаңтар күні өзім орыс тіліндегі жаңалықтарды аударып жарияладым. Тіпті, бас редактор материалды қарап, редакциялаған жоқ. Себебі, оқырман сұранысына орай, алғашқылардың бірі болып жариялауға асықтық.
МҚҚ тарапынан тыйым салынды деп ойламаймын. Әйтпесе, біз бұл тақырыпта мүлдем жазбас едік қой. Сондай-ақ, материал жазуда еркін, тәуелсіз болмас та едік.
Өз басым ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ, оқырмандарға қызықты әрі маңызды деген мәліметтерді ұсындым. Ал тыйым салу жайындағы мәселені бір блогер жазған. Біз мұны республиканың 500-дей журналисі мен блогерінің басын қосып отырған «Кучли журналистлар» деген топта талқыға салдық. Ол жерде де ешкім тыйым жайында ескерткен жоқ. Алайда, ақпарат және қоғамдық коммуникация агенттігіндегілер «егер комментарийлерде ұлтаралық қақтығыс пен террорға алып келетін арандатушы сөздер болса, жауапқа тартылады» деді.
Бір айта кетерлігі, дәл сол тақырыптағы комментарийлерде әлгіндей пікірлердің көп екені байқалды.
Ш.Мирзиеев
– Жалпы, бұрынғы президент, марқұм Ислам Каримовтің кезінде цензура шектен тыс болғанын бәрі біледі. Қазір өзгеріс бар ма?
– Бұған дейін жай министрдің өзін сынап, материал жаза алмайтын едік. Ал қазір министр тұрмақ, премьер-министрді де, президенттің отбасы туралы да ашық жазамыз. Сөз бостандығы, пікір еркіндігі бұрынғы кезбен салыстырғанда әжептәуір ілгеріледі. Тіпті, әлеуметтік желіге шолу жасасаңыз, сыни комментарийлерден көз сүрінеді. Ешкім ешкімнің ізіне түсіп жатқан жоқ. Бастысы – айта алатын, жаза алатын деңгейге жеттік.
– Ал өзбек халқының біздегі толқу жайында пікірі қандай?
– Қазақстандағы бейбіт митинг жаппай тәртіпсіздікке айналғанда өзбек халқы сырттай бақылап, бауырлас ел үшін жанын шүберекке түйіп отырды. Бізді қазақ халқымен көп нәрсе байланыстыратыны белгілі. Біз – тек экономикалық жағынан ғана емес, одан да жақын, тығыз достық қарым-қатынастағы мемлекеттерміз. Көптеген өзбекстандық азаматтың Қазақстанда туыстары, достары бар. Одан бөлек, мұның артында сонда тұратын біздің мигранттардың өмірі, тағдыры тұр. Сондықтан да өз халқының жағдайына уайымдағандай уайымдады.
– Екі күн бұрын ғана Өзбекстан Қазақстанмен арадағы жерүсті шекараны жапты. Бұл тек коронавирус індетімен ғана байланысты ма?
– Меніңше, ол ғана емес. Яғни, коронавирустың өршуімен ғана байланысты емес. Мұның астарында мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі бар. Қазақстандық билік пен БАҚ бейбіт түрде митингіге шыққандардың арасында террорлық топтардың мүшесі бар екенін жазды да, айтты да. Әрине, заңнан қашып, елден кеткісі келетін адам әуе жолы және теміржолмен емес, бақылауы аз жерүсті көлігімен жүруі мүмкін және бұл қауіпсіз. Оның үстіне соңғы күндері коронавирус та қайта өршіп кеткені рас. Кеше ғана арнайы мамандандырылған аурухана бас дәрігері ауруханаларда орын жоқтығын айтып, үндеу жасады.
А.Лукашенко. Фото: ВВС
– Өзбекстан президенті Шавкат Мирзяев Беларусь президенті Александр Лукашенкоға ашуланды. Оған ҰҚШҰ-ның кезектен тыс саммитінде Лукашенконың: «Қазақстандағы жағдайдан, әсіресе, Өзбекстан сабақ алу керек. Бұл оқиғаға сыртқы ғана емес, ішкі факторлар әсер етті», – дегені себеп. Оның осылай айтуына уәж бар ма? Бұл жөнінде өзбек ақпарат құралдары не жазды?
– Шын мәнінде, Лукашенкоға бәріміз ашулымыз. Себебі, ол ҰҚШҰ-ның 10 қаңтарда өткен кезектен тыс отырысында өз пікірін саяси тұрғыдан дұрыс жеткізе алмады. Бұл тұрғыда еліміздің ақпарат құралдары мәселені жан-жақты жазды. Ал біз редакция ұстанымына сүйеніп, ҰҚШҰ-ға қарсы екенімізді білдірдік.
Өзбекстан президенті Ш.Мирзияев 13 қаңтарда өткен Өзбекстанның Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Лукашенконың мәлімдемесін негізсіз деп санады.
«Осы жақында кейбір мемлекет басшыларының тарапынан «Өзбекстан Қазақстанда болған оқиғадан сабақ алуы керек» деген жаңсақ мәлімдеме жасалды. Біз елдегі, аймақтағы жағдайды қауіпсіздік тұрғысынан ыждаһатты түрде бақылап отырмыз. Яғни, мемлекетіміз кез келген болуы мүмкін қауіп-қатерді адекватты түрде реттейтін күшке де, мүмкіндікке де, әлеуетке де ие», – деді. Мирзяевтің Лукашкеноның сөзіне берген нақты жауабы осы.
Бұл жерде Лукашенконың айтпағы мынау еді. Ол өз пікірінде «1999 және 2012 жылы, яғни екі рет кіріп, екі рет шыққан ҰҚШҰ-ға ресми Ташкенттің қайта кіретін уақыты келді» деп мәлімдеді. Оның емеурініне қарасақ, тек мемлекет ҰҚШҰ-ға мүше болса ғана қауіпсіздігі беки түседі екен. Тіпті, мүшелікке енсек, ұйым кешегі Қазақстанның басына түскендей ауыр жағдайдан, террористер лаңынан қорғайды-мыс.
– Шын мәнінде, Өзбекстан бұл ұйымға неге екі рет кіріп шықты? Тіпті, Ислам Каримов президент болып тұрған кезде тиімділігіне күмән келтірген Еуразиялық экономикалық одақпен де ат құйрығын кесісіп еді. Ал Мирзяевтің осы екі ұйымға қайта кіруі мүмкін бе?
– Таяуда ғана Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов «Өзбекстан ҰҚШҰ-ға қайта айналып соқпайды» деп мәлімдеді. Ол мұны 2021 жылдың соңында Кабулға жасаған сапарынан кейін айтты. Оның айтуынша, республикада әскери құрылыс реформасы жемісті жүріп жатыр, өзбек армиясында әскери-техникалық база нығайып келеді.
Фото: ВВС
«Сондықтан қауіп-қатерге қарсы тек әскери күш қана қарсы тұра алмайды. Көп жағдайда дипломатияның өзі кез келген «қоңырауға» қарсы тиімді әрекет», – деп тәптіштеп жеткізді.
Министр Өзбекстанның Қорғаныс доктринасы мен сыртқы саяси қызметі әскери блокқа басқа мемлекеттердің қатысуын құптамайтынын айтты. Ол бұл құжаттар марқұм президент Ислам Каримовтың кезінде бекітілгенін және бұл шешім Өзбекстанның бейтарап екенін көрсеткенін де қаперге салды. Ал сарапшылардың айтуынша, Шавкат Мирзияев бұл ұйымның ішкі сырын жете түсінеді. Олар «Президент ұйымға мүше болудың керегі бар ма, жоқ па?» деген мәселені блоктағылардың мүддесі тұрғысынан емес, Ресеймен екіжақты қатынасына байланысты бағалайды.
Өзбектерде «Егер біз сіздермен бірге болмасақ, бұл сіздерге қарсымыз дегенді білдірмейді» деген тәмсіл бар. Сондықтан біз елдермен тікелей әріптестік орнатсақ, ҰҚШҰ-ның керегі қаншалықты?» деген пікірде.
Яғни, ҰҚШҰ-мен жағдай осылай болса, ал Еуразиялық экономикалық одақ арқылы биполярлы қатынасты байқауға болады. Бізде оны қолдайтын, қарсылық танытатын да адамдар бар.
Иә, Өзбекстан Одақтағы бақылаушы мәртебесіне ие ел. Бұл – республиканың толыққанды кіруін аяқтайтын аралық баспалдақ. Халықаралық сарапшылар Өзбекстан мемлекетінің Еуразиялық экономикалық одаққа толықтай кіретін уақыты биыл, яғни 2022 жылы екенін жоққа шығармаса, еліміздің эксперттік тобының айналасында экономикалық одаққа кірудің пайдасы мен зияны туралы пікірталас әлі өрбіп жатыр.
Алайда, Өзбекстанның экономикалық одақпен өзара іс-қимылы тек экономикалық мақсатқа негізделетінін айта кеткен жөн. Жалпы алғанда, экономикалық ұйымға кірудің салдары екі тұрғыдан талдануы керек. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан зерттеулердің көпшілігі қысқа мерзімді мүшеліктің оң және теріс жақтарын анықтауға бағытталады.
Бірақ мемлекет үшін ең маңызды аспект – ұйымға мүше болу ұзақ мерзімді перспектива бойынша экономикаға қалай әсер ететінін талдау және анықтау. Экономистер айтқандай, қысқа мерзімде кейбір өнімдердің бағасы көтеріледі, ал кейбір өнімдердің бағасы төмендейді. Дегенмен, ұзақ мерзімді перспективаны талдау өте қиын.
Дүниежүзілік экономика және дипломатия университетінің профессоры Нишонбай Сирожиддиновтің айтуынша, он-он бес жылдан кейін Өзбекстанның сыртқы сауда байланысы қандай болатынын нақты білмейміз.
Қазір ЕАЭО бізбен салыстырмалы түрде еркін сауда қатынасын орнатты. Бірақ бұл қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Бес жылдан кейін Өзбекстанда ұйымға қарағанда, сыртқы саудада еркін тарифтерге деген сұраныс артуы мүмкін. Осы тұрғыдан келгенде ЕАЭО-ға мүше болу пайда әкелмейді.
Көбісі бұл ұйымға мүше болу мигранттарға тиімді екенін айтады. Иә, бұл қысқа мерзімде оң нәтиже береді. Дегенмен, жалпы Өзбекстанның дамуына тигізер әсері белгісіз күйінде қалып отыр. Сондықтан еліміздің ұйымдағы бақылаушы мәртебесі – бүгінгі күннің оңтайлы шешімі.
– Сұхбатыңызға рахмет!