19 Қаңтар 12:22

Сырт көз: Қырғыз журналисі Қазақстандағы «төңкеріске» қатысты пікір білдірді

Фото:
Қазақстанда қымбатшылыққа қарсы өткен митингінің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқаны белгілі. Ел президенті

Қ.Тоқаев ҰҚШҰ-ға мүше елдерден көмек сұрады. Мұны кейбір мемлекет құп көрсе, енді бірі «ел қауіпсіздігіне нұқсан тиді» деп есептеді. Бұған қатысты Қырғыз депутаттары мен журналистері не дейді?

Қырғыз журналисі Жұлдыз Бекбаева Nege.kz порталына сұхбат берді.

– Жұлдыз, Қазақстанда бастапқыда қымбатшылыққа қарсы митинг ретінде, кейін жаппай тәртіпсіздікке ұласқан көтеріліс жайында Қырғызстан ақпарат құралдары ашық жазды ма? Ақпаратты қайдан алдыңыздар? Білуімізше, Өзбекстан билігі журналистер мен блогерлерге Қазақстандағы жағдай туралы жазуға, айтуға тыйым салыпты. Сіздерде ше?   

– Біз Қазақстанда болған оқиғаны үзбей жаздық. Себебі, ол жақта біздің қаншама азаматымыз бар. Олар көбінесе Алматыдағы базарларда сауда жасаумен айналысады. Сондықтан бұл жерде бірінші отандастардың қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлдік.

Біз көтерілістің бірінші күнінен-ақ ақпарат алуға тырыстық. Әуелгіде шерушілер тез тарап, бәрі орнына келетін шығар деп ойладық. Екінші, үшінші тәулікте оқиға шиеленісіп кеткен соң Қазақстандағы жағдайды мұқият бақылап отырдық.

Біз осындағы өзіміздің мигранттармен байланысып, оқиғаның мән-жайынан хабардар болдық. Одан кейін елшілік пен Сыртқы істер министрлігінен ақпарат алуға тырыстық. Бастапқыда интернет бар кезде мәлімет алмастық, сосын өшіріп тастаған соң тым-тырыс болып қалды. Оған дейін де, қазір де жазылып жатыр. Бізде сөз бостандығы, ой еркіндігі бар ғой.

Қырғызстандағы төңкеріс. 2010 жыл. Фото: BBC

– Сіздерде де наразылық шерулер мен көтерілістер жиі болып тұрады. Интернетті өшіріп тастай ма?

– Жоқ, әрине. Бізде интернет үнемі болатын. Бәлкім, баяу істеп қалған кездер болған шығар. Бірақ интернет бойынша ешқандай мәселе туындамапты, жұмысымызды да кедергісіз істеп, ақпаратты дер кезінде таратамыз.

– Қазақстанда болған қымбатшылыққа қарсы наразылық митингінің жаппай тәртіпсіздікке ұласып кеткені туралы қырғыз халқының пікірі қандай? Бір сөзбен айтқанда, реакциясы қалай болды? 

– Әрине, біз қатты уайымдадық. Мұндай көтерілістің түр-түрін бір емес, бірнеше рет бастан өткіздік. Сондықтан қазақтар үшін Қырғызстан халқының жаны ауырды, қатты уайымдады. 

Қазақстан президенті Қ.Тоқаев ҰҚШҰ-ға мүше елдерден көмек сұрап, нәтижесінде бітімшершілік әскері келді. Осы шешім туралы Жоғарғы кеңестің кейбір депутаттары сыни пікір айтып, «Тоқаев өз халқын «террористер» деп атады» деді. Осы жөнінде айтсаңыз...

– Иә, бізде сын айтушылар көп болды. Яғни, ҰҚШҰ-ға мүше елдерінен көмек сұрайтындай негіз жоқ деп есептеді. Мәселен, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында ұлтаралық қақтығыс болған кезде біз де ҰҚШҰ-ға мүше елдерден көмек сұрадық. Алайда, бұл сұрақ қарастырылып жатқанда билік жағдайды өзі реттеуге тырысты. Сондықтан саясаткерлер Тоқаевтың бұл шешімі мен әрекетін сынға алды. Бұл митинг кезінде билік тарапынан жасалған қатаң қысым делінді.

Жоғарғы кеңесте ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әскері туралы талқыланып жатқанда, біздің белсенділер Ақ үйдің алдына шығып, депутаттарды ҰҚШҰ-ның бауырлас мемлекет – Қазақстанға әскер жіберу шешіміне қарсы дауыс беруін талап етті.

Себебі, «Бұл – елдің ішкі мәселесі. Қазақстан әскерсіз, өзі шешуі керек» деді. Бірақ ҰҚК төрағасы Қамшыбек Ташиев Қырғызстаннан баратын әскери күштер тек стратегиялық нысанды ғана күзететінін, бейбіт тұрғындарға қысым жасамайтынын жеткізді. 

Алматыдағы ҰҚШҰ әскері. Фото:  Informburo.kz

Сосын бастапқы кезде «90 мың теңге ұсынды. Сол үшін митингіге қатысуға келдім» деген музыкант Викрам Рузахунов іле-шала пікірін өзгертті. Ол отанына оралғаннан кейін неге олай айтқанын түсіндірді ме

– Қазақстанның телеарнасынан оның осы айтқан мәлімдемесі бейнежазба арқылы тарады. Ол онда әлгінде сіз айтқандай, өзін 90 мың теңгеге жалдағанын айтты. Бірақ, оған ешкім сенген жоқ.

Себебі, Викрам Рузахунов – Қырғызстанда ғана емес, көршілес елдерге де танымал талантты джаз-музыкант. Ол бірнеше вокалды инструменттер тобын басқарады. Халықаралық джаз фестивалін ұйымдастырып, жетекшілік етеді. Ол – талантты пианист. Небәрі 200 долларға бола митингіге барды дегенге кім сенеді? Ол 200 долларды сахнаға бірнеше минутқа шығып-ақ таба алады.

Оның 1 сағатқа сахнаға шығуы шамамен 1 мың доллардан басталады. Сондықтан оның 90 мың теңгеге бола митингіге барғанына жан адам сенбеді. Тіпті, оның музыкант әріптестері мен қоғамдық ұйымдар Бішкектегі Қазақстан елшілігінің алдында наразылық танытып, босатылуын талап етті. Сондай-ақ, Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі де оперативті түрде жұмыс істеп, айналасы жарты, бір сағаттың ішінде ресми мәлімет берді.

Викрам 16 желтоқсан күні ұшаққа алдын ала билет алған, ал 2 қаңтар күні анасы және туыстары әуежайдан шығарып салады. Ол Алматыға концерттік бағдарламаға қатысуға кеткен. Викрам пианист ретінде Қазақстанда өтетін мәдени шараларға жиі барады.

Бір сөзбен айтқанда, оны солай айтуға, жауап беруге мәжбүрледі. Бұл оның түрінен білініп тұрды. Сол себептен де біздің қоғам жылдам әрекетке көшті. Одан бөлек Қырғызстан ҰҚК басшысы Қамшыбек Ташиев те елшілік алдындағы наразылық танытушыларға келіп, музыканттың босатылуына белсенді түрде кірісетінін айтты.

ҰҚК, СІМ және қоғамдық ұйымдардың ауызбірлікте жұмыс істеуінің арқасында оны бір тәулік ішінде босатты. Бірақ Викрамның елге қандай күйде келгенін көрсеңіз ғой. Ұрып тастаған, бет-аузы көгерген. Оның елге аман-есен оралғанына қуандық. Себебі, Қазақстан күштік құрылымдарының ұсталғандарды аямай ұрып-соғып, мойындататыны туралы бұған дейін де естіген едік.

Викрам Рузахунов. Фото: ВВС

Осы мәселенің аясында Қазақстандағы, соның ішінде Алматы және Алматы облысында тұрып, жұмыс істейтін біздің басқа азаматтардың қандай күйде екенін көз алдымызға елестеттік. Сонда қалғандарды қатты уайымдадық. Қазақстанда интернет қосылғаннан кейін дереу отандастарға хабарласып, жағдайын білдік. Олардың айтуынша, күштік құрылымдар бөлімшелерге апарып, себепсіз тексеріп, жауап алған. Бір қуаныштысы, ондағы көптеген отандастардың көбі жаңа жылдың алдында мерекелік демалысқа байланысты елге қайтқан екен.

Музыкант Викрам Рузахуновтың берген сұхбатында онымен бірге бірнеше қырғыз азаматының болғаны айтылды. Сондықтан біз СІМ мен күштік құрылымдардан басқа да Қырғызстан азаматтарының Викрам сияқты тұзаққа түсіп қалмауын сұрап, тезірек әрекет етуін талап еттік.     

Оның үстіне қаншама адам із-түзсіз жоғалып кетті деген мәлімет бар.

– Әрине, біздің қорқыныш осы кезде үдей түсті. Әлі күнге Қазақстан билігі қайтыс болғандардың нақты санын айтқан жоқ. Тек қаза тапқан күштік құрылымдарда жұмыс істейтін әскери қызметкерлердің, полицейлердің саны ғана мәлім болды. Бірақ көз жұмған, ұсталған бейбіт тұрғындар жайында нақты ресми мәлімет жоқтың қасы.

2011 жылы Жаңаөзенде оқиғаның қалай басталып, қалай өрбігенін бәріміз білеміз. Тіпті, күштік құрылымдардың қалай әрекет еткені де елдің есінде. Осыдан кейін мына оқиға кезінде де Қазақстан халқы ғана емес, біздің азаматтарды да қандай жағдай күтіп тұрғанын іштей сезіндік.

Оның үстіне бірнеше көтерілісті бастан өткізген тәжірибеміз бар. Десек те, бізде сөз бостандығы бар, біздің билік пен күштік құрылымдар зардап шеккендер мен құрбан болғандардың (әскерилерді де, бейбіт тұрындарды да) санын әрдайым айтып отыратын. Ал Қазақстан билігі соңғы уақытқа дейін митингке қатысушы бейбіт тұрғындар туралы неге ауыз ашқан жоқ? Мұның өзі қорқыныш ұялатты.

Митинг өткелі екі апта өтсе де, нақты мәліметті неге жасырып отырды? Демек, бір ойлағаны бар деген сөз. Ресми дерек кеше, бүгін ғана айтылып жатыр. Егер соңғы күнге дейін айтпай отырса, цирфды қолдан жасап, неше рет өзгертуі де мүмкін ғой.

Фото: AFP

– «Қазақ-қырғыз бір туған» деген сөз бар. Біздің елдегі жағдайға байланысты қырғыз бауырлардың қолдау білдіріп жатқанын білеміз. Тіпті, ән арнап, рухымызды көтергеніне риза болдық.

– Бауырлас халық ретінде Қазақстанға бейбіт, сабыр, тыныштық тілейміз. Бейбіт өмірге тезірек оралса екен дейміз.

Иә, Қазақстан халқы бұл қиындықты әлі-ақ еңсереді деп сенемін. Қырғыз халқы моралдық тұрғыдан барынша қолдау көрсетіп жатыр. Біздің елшілік әуежайда қалып қойған Қазақстан азаматтарына көмек беру жағын ұйымдастырды. Оларға жатын орын, тамақ беріп, Бішкекке жетуін ұшақ арқылы ұйымдастырып, әрі қарай көлікке отырғызып жіберді. Ал осындай қысылтаяң шақта ел тұрғындары қаншама азаматты үйінде тұрғызып, ас-сумен қамтамасыз етті.  Олар әлеуметтік желіге хабарлама беріп, ауызбірлікпен жылдам таратып жіберді. Бұл – көрсетілген көмектің бір бөлігі ғана.

Бізге Алматыдан нан жіберуімізді сұрап, хабарласқандар көп болыпты. Өзімнің ағам осы істің басы-қасында жүріп, нан жіберу жағын ұйымдастырды. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты азаматтардан ПТР-тестті талап етуді уақытша алып тастады.  

 Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: