3 Қыркүйек 17:13
...

Шикізаттың жоғалған 1 пайызы: Мұнай саласы НЕГЕ қазақыланбай келеді?

Фото:

30 жыл бойы жасырылып келген проблеманы Мемлекет басшысы жолдауда еске салды. Пайдалы қазбадан түскен табыстың 1 пайызын шетелдік инвесторлар отандық маман дайындауға жұмсауы тиіс болатын. Бірақ қыруар ақша желге ұшып келген.

Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 2019 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың маман дайындау бойынша ақшалай міндеттемелері 9,9 миллард теңгеге жеткен деп жазады KazService.

Тіпті бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы тоқталуға мәжбүр болды.

«Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе, шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты. Тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр», – деді биылғы жолдау барысында Мемлекет басшысы.

«Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын»

«Ол қыруар қаржыға біз қаншама маман дайындап алар едік. Аталған жұмыс осы уақытқа дейін іске аспаған», – дейді Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.

«Мысалы қытайлықтар қайтеді? Олар бізден тапқан ақшаны Қытайдың университеттеріне салады. Сосын сол жаққа адамдарды оқытуға жібереді. Біздегі білім саласы мүлде дамып жатқан жоқ».

«Тіпті оқып келген маман кейін өз біліктілігін жоғалтып алады. Себебі, жұмыс ауыстырады. Әрі білімге бөлінген қаржыны әкімдіктер өз пайдасына шешуге тырысады. Осы уақытқа дейін қаржының қалай жұмсалғанын қадағалаған ешкім болмады»

Мысалы, CNPC-Ақтөбемұнайгаз 2019 жылдың соңында ғылым мен дайындауға 3,8 миллиард теңге беруі тиіс еді. Осы қаражаттан отандық ғылыми-зерттеу институты бар жоғы 100 миллион теңге алған. Ал қалған қаржы CNPC-мен байланысы бар, жең ұшынан жалғасқан компанияларға аударылып кеткен.  

Атап айтқанда «CNLC International» 1 миллиард теңге, Кели – 738 миллион, «СНПС-Шыңжаң» – 518 миллион, «Восток нефть» – 498 миллион, «Эсфонтан» – 278 миллион теңге алған. Олардың маман дайындауға еш қатысы жоқ.

«Біз әлі күнге дейін сырттан жұмысшылар қабылдауды тоқтатқан жоқпыз. 30 жыл ішінде бөлініп келе жатқан қаржыға маман дайындағанда, сырттан жұмысшы қажет болмас еді», – деп жалғастырады Рашид Жақсылықов. Оның сөзінше, қазір мұнай-сервис компаниялары одағы төртінші және үшінші санаттағы жұмысшыларды шетелден алып келуге тиым салу бойынша ұсыныс көтерген. Оның орнына өз азаматтарымызды жұмысқа тарту бойынша талап қойылып отыр.

Қазір күшінде тұрған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте пайдалы қазбаларды игеріп отырған компаниялар өз мамандарын оқытуға берілген қаржыны игермесе, ол ақша кез-келген адамды оқытуға бағытталуы керек. Осы бағытта Энергетика министрлігі қатаң талап қоя алса, онда біздегі көптеген азаматтарды, әсіресе, болашақ маман дайындайтын ұстаздарды шетелде оқытып алуға болады.

«Қазір қандай шетелдік маман жұмыс істеп жатыр, солардың қызметі, мамандығы бойынша ақпарат жинап, тура сондай маманды өз ішімізден дайындау керек. Қаржы тек қана білім беруге жұмсалуы керек. Екіншіден, бізде сол маманды дайындайтын оқу орындарындағы мұгалімдерді шетелге дайындыққа жіберу керек. Сонда сыртқа қаржыны тек мұғалім дайындауға жұмсаймыз. Ал жалпы мамандар өз елімізде оқытылып, біздің білім саласына қаржы келеді», – деп түйіндейді Рашид Жақсылықов.

Одақ басшысының айтуынша, мәселе осы аптада Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевпен бірге арнайы талқыға салынған. Және жақын арада жаңадан жұмыс тобы құрылып, шаруа нақты қолға алынбақ. Басты мақсат – мұнай саласын қазақыландыру. Бұған дейін бұл жұмыстың жүйесіз істеліп келгені жасырын емес.

Тегтер: