«ШАҢЫРАҚ» спорт мектебіндегі дау: Тексеріс НЕГЕ жүргізілмеді?

Қытайдың Ханчжоу қаласында Азия ойындары өтіп жатқанда Алматы қаласы «Шаңырақ» ықшамауданында орналасқан «Олимпиада резервінің Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметкерлері басшылықтың үстінен арыз-шағым түсірді.
Шағымның мазмұнына қысқаша тоқталсақ, мекеме басшылығы мұндағы қызметкерлердің еңбекақысын дұрыс төлемеген. 29 адам қол қойған өтініште «Бір ставканың айлығымен жүрдік, бірақ екі адамның жұмысын істейміз. Сылау, эмульсия, шөп жұлу, жатақхана кілемдерін жуамыз, жөндеу жұмыстарына көмектесеміз» делінген. Бұл дау неден туындады? Қызметкерлердің шағымы бойынша Туризм және спорт министрлігі неге үнсіз?
Мұны NEGE тілшісіне республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жаттықтырушылары мен еден жуушылары хабарласып, мән-жайды айтып берді.
Бақыт АЛПЫСБАЕВ, жаттықтырушы:
2019 жылдан бері нәтиже жоқ
– Бокстан жоғары дәрежелі жаттықтырушымын. 2018 жылы шәкіртім Дамир Тойбай 17-18 жастар аралығындағы Олимпиада ойындарына қатысып, 2-орын алды. Азия чемпионы болды, Әлем чемпионатында 2-орынға қол жеткізді.
Фото: sport-shanyraq.edu.kz
2021 жылы методист келіп, «арыз жазып, жұмыстан шыға тұрыңызшы, қаңтар айында қайтадан аламыз» деді. Бірақ қайтадан жұмысқа алмады. Бұлар тәжірибелі жаттықтырушыларды шығарып жібереді. Себебі, сыбайлас жемқорлық бар. Сөйтіп, категориясы жоқ, біліктілігі төмен жаттықтырушыларды алады.
Есесіне, 2019 жылдан бері нәтиже төмен. Үкіметтің бюджетін алып отырса да, ауыз толтырып айтатын көрсеткіш жоқ. Чемпион шығаруға күш салайық десек, жұмыс істетпейді.
Шілде айында Ержан деген жаттықтырушыны шығарып жіберді. Ол арыз жазғаннан кейін Астанадан тексеріс келген. Бірақ ештеңе тексермей, кетіп қалды. Өткенде ғана жаңадан тағайындалған министр Олимпиада қалашығына келген. Бірақ бұл жайдан хабары жоқ па, колледжге боксшылардың дайындығын көруге ғана ат басын бұрған екен.
Ержан БЕРДІҚҰЛОВ, жаттықтырушы:
Алты баланы жарысқа өз ақшама апардым
– Қаңтар айында Петропавлда жұмыс істеп жүргенде маған колледжден аға жаттықтырушы Базарбай Бабахан хабарласып: «Бізге сен сияқты жаттықтырушы керек. Барлық жағдайыңды жасаймыз. Келесің бе?», – деп шақырды. Содан көңіліме қонған соң, жыл басында келдім де жұмысқа кірісіп кеттім.
Бірақ мұндағы жұмыс істеу тәртібі ұнамады. Қалған жаттықтырушылар келеді де, жатады, құр телефон қарап отырады. Аға жаттықтырушы Базарбай Бабахан мүлдем жұмыста болмайды. Маған тапсырма беріп қойып жүреді. «Жарайды, уақыты жоқ шығар» дедім. Бір ай, екі айдан кейін келеді де, балаларды жарысқа алып кетеді. «Мен жарысқа барайын» десем, жібермейді. «Неге?» десем, «ақша жоқ» деді. «Сонда сіздерге ақша табылады да, бізге жоқ па? Балаларға айтып қойғанмын, тіпті болмаса өз ақшама алып барамын!» дедім. «Жоқ, олай да апармайсың!» деп қарсы шықты. Ақыры соңында «сені жұмыстан шығарамын» деп дүрсе қоя берді. «Не үшін шығарасыз? Балаларды дайындап, жарысқа апарамын дегенім үшін бе?» десем, «Менің айтқаным заң болу керек. Тыңдамайсың ба, жұмыстан шығарамын» деп жауап берді.
«Қолыңнан келсе, шығара бер» дедім де, 6 баланы Ташкент қаласындағы жарысқа өз ақшама апардым. 6 баланың бәрі де 1-орын алды. Содан келсем, басшылық та, аға жаттықтырушы да құттықтамайды. Керісінше, түртпектей бастады. Жаныңды салып жұмыс істегің келсе, аяғыңнан шалады. Ізіме түсіп «жұмыста жоқ, кешікті» деп үстімнен өтірік арыз түсірді. Сосын өтірік арыз жазғаны үшін олардың үстінен шағымданып ем, комиссия мені кінәлі етіп шығарды. Шілде айында жұмыстан шығып кеттім.
Тексерістен кейін кадр бөлімінің маманы заңсыз құжат дайындағаны үшін кінәлі екенін мойындап, орнын босатты. Оның орнына жаңадан келген маман құжаттардың былық екенін директорға айтып, жоғары жаққа шағым түсіретінін жеткізген. Оны да «жұмыстан шығарамын» деп қорқытса да, кадр бөлімінің маманы арыз жазады. Міне, содан кейін оны еден жуушылар, аула тазалаушылар, сантехниктер қолдап, 60 адам қол қояды. Осындай былық-шылықтан кейін директор Медет Торғаев та қызметінен кетіп үлгерген. Қазір директордың міндетін атқарушы Айбар Алғожаев пен орынбасары Серік Сүлейменов екеуі қол қойғанның бәріне қысым көрсетіп, қудалап жатыр. Әрқайсысына түсініктеме жазғызған. Кадр бөлімі маманының бөлмесіне баса-көктеп кіріп, «жұмысты дұрыс істемедің» деп құжаттарды жинап алып кеткен. Оны кадр бөлімінен заңгер қызметіне ауыстырып, арыз жазғаны үшін сұрақтың астына алады. Тіпті, еден жуушы Бағдагүлдің үйіне адам жіберіп, қысым жасаған. Қысқасы, жоғары жақтан келеді де, тексермей кетіп қалады. Министрдің құлағына жетпейтін сияқты.
Соңғы 4-5 жылда көрсеткіш жоқ. Себебі, жаттықтырушыларда ешқандай жанашырлық жоқ. Аға жаттықтырушы Базарбай Бабаханның өзі балаларға жаттығу жасатудың орнына дүйсенбіден апта соңына дейін футбол ойнатып қояды. Бұларда – чемпион шығарамын деген мақсат жоқ. Мақсаты – бюджеттен бөлінген ақшаны ұрлап, қалтаға салу. Басшылықпен өзара сыбайлас. Бір жылға бөлінген ақшаға өтірік құжат жасап, өз орнымен жұмсамайды. Тіпті, балаларды дажарысқа көп апармайды.
Ал тамағына келсем, құнарсыз, сапасыз. Қарны ашқаннан жаттығу кезінде құлап қалған балалар бар. Кешкісін тамаққа тоймаған соң дүкеннен сатып алып жейді.
Жемқорлыққа тағы бір дәлел – 2017 жылдан спорт жөніндегі орынбасары, 2022 жылдың сәуірінен директор қызметіне тағайындалған Медет Торғаев балаларды мектепке қабылдар кезде спортқа бейімі, икемі барларды емес, ақша бергендерді алып, қыркүйекте жұмыстан кетті.
Гүлжан, кадр бөлімінің маманы:
Басында мені бәрі қолдады
– Бұл арыз-шағымға бірнеше адам қол қойды. Қазір қысым жасап, түсініктеме жаздырып алған соң, біразы шындықты айтудан бас тартуда. Қызметкерлердің бәрін жиып алып, қорқытып-үркітіп қойды. Жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Жан-жақтан қысым көп.
Өзім 5 шілдеде кадр бөліміне орналастым. Ол кезде 300 мыңның үстінде жалақы алдым. Кейін былығын әшкере еткен соң, көптің сұранысы бойынша жұмыстан шығарылмай, заңгердің қызметіне ауыстырды. Қыркүйек айында 93 мың теңге төледі. Алғашқы 2 айда жалақымды істеген жұмысыма сай алдым. Атқарушы директор келгелі осындай жағдай. Басында қызметкерлердің бәрі мені қолдаған. Енді басшылық оларды маған қарсы қылып қойды.
Бағдагүл, еден жуушы:
Еден жуушыларға құрылыс жұмыстарын істетеді
– 2018 жылы жұмысқа еден жуушы ретінде қабылдандым. Бес жыл болды. Әу баста сағат 2-ден 5-ке дейін, сосын аптасына бір күн кезекші боласың деген. Айлығы – 52 мың. «Қосымша тағы бір жұмыс тауып аламын ғой» деп кіріп кеттім. Содан Медет Торғаев директор болып келген соң бізді жұмысқа жегу басталды. Оқу корпусын жуатын еден жуушыларға қабырға қырғызып, құрылыс, жөндеу жұмыстарын жасатты. Зейнет жасына кеп қалған әйелдер жандары қалмай зыр жүгіріп, 10 метр биіктіктегі сатыға шығып, кәдімгі құрылысшы болып кетті.
Жаз болса, шөп жұламыз. Айналаны сырлаймыз. Әйтеуір, бос жүргізбейді. «Біз еден жуғанымыз үшін ғана ақша аламыз. Мына жұмысқа төленбейді ғой» дегенімде, «Бұл қоғамдық жұмыс. Жазда бала болмайды» деді. Жазда балалар болмағанмен, бүкіл қызметкер отырады. Жаттығу міндетті түрде өтеді.
Содан еден жуушылар ашынып, арыз жазды. Оның үстіне жалақы аз. Бүкіл мектепте еден жуатындар 150 мың теңге алады екен, ал бізге 93 мың теңге береді. Оған қоса мен келгенге дейін 0,25 ставка деген бар екен. Оның өзін заңды жақсы білетін бір еден жуушы жүгіріп жүріп, қосқызып берген. Бірақ жұмыстан шыққан адамның ставкасын басшылық өздері алып алатын болды. Қазір басшылық арыз жазған еден жуушылар, сантехниктер, аула тазалаушыларды біртіндеп шақырып, түсініктеме алып, уәжін тыңдаған болыпты.
Фото: sport-shanyraq.edu.kz
***
Бұдан кейін NEGE тілшісі республикалық мектеп-колледжінің директоры міндетін атқаруды бір айдан бері қолға алған Айбар КӨМЕКҰЛЫНА хабарласып, пікірін білмек болған. Алайда, ол қызметкерлердің арыз-шағымын біле тұра «мұндай әңгіме болып жатқан жоқ» деп кесіп айтты. Іле-шала «Мен жаңадан келген адаммын. Бір айдан бері ғана отырмын. Мұның бәрі бұрын болған мәселе шығар...» деп өз сөзіне қарсы шыққандай болды. Десек те, дәл қазір қызметкерлерді бөлмесіне біртіндеп шақырып, «жаздым, жаңылдым» деген сарында түсініктеме жазғызып алып жатқан кім екен?
Бұл мектеп-интернат-колледжіне Астанадан арнайы келген мамандардың тісі неге батпайды? Тексеріс неге дұрыс жүргізілмейді? Бұл мәселе жайында Туризм және спорт министрлігіне хабарласып едік, баспасөз хатшысының ауысуына байланысты жауап ала алмадық. Бірақ ресми сауал жолданады.
«Спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесі «Алматы қаласының «Шаңырақ» ҚР Үкіметінің 2007 жылғы шілдедегі «дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» Қаулысына сәйкес ашылған. Ал 2012 жылы Үкімет қаулысымен «олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» республикалық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Мұнда балалар мен жасөспірімдер спорттың 14 спорт түрі бойынша тәрбиеленеді. Олар – еркін күрес, әйелдер күресі, бокс, әйелдер боксы, садақ ату, жүзу, грек-рим күресі, семсерлесу, таэквандо, байдарка мен каноэде есу, стол теннисі, биатлон, ауыр атлетика, футбол.
Соңғы 3 жылдың бюджетіне келсек, 2021 жылы 1 312 264, 2022 жылы 1 518 207, 2023 жылы 1 622 559 теңге бөлінген.