Сенат қоғамдық резонанс тудырған заңды мақұлдады
Парламент депуттарыының біразы еліміздің су басқан аймақтарына аттанғандықтан осы аптадағы Мәжілістің жалпы отырысы кейінге шегерілді. Ал Сенаттың жалпы отырысы палата спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен уақытында өтіп, онда ел күтіп отырған, қоғам дүрлігіп отырған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту жөніндегі заңды мақұлдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жолдады.
Палата отырысында алдымен еліміздің бірнеше облысындағы төтенше жағдайға байланысты Сенат депутаттарының өңірлерде атқарған жұмысы қорытындыланды.
Ал соңғы уақытта атышулы «Бишімбаев ісімен» қатар аталып, елдің талқылауында жүрген ана мен бала құқығына, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін күшейтуге қатысты қосымша нормалар енгізілетін заңдарды Сенат екі оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл Заңдардың негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.
Бұл жөнінде палата отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнайы заңдар әзірленді. Осылайша, әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіліп отыр. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді», – деді.
Осы қоғам күткен қос заңда өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған ережелер қарастырылған. Заң нормалары арқылы тиісті уәкілетті органдардың өкілеттіктері айқындалып, отбасын қолдау орталықтары және «111» байланыс орталығы сияқты ұйымдардың құзыреттері де заңнамалық деңгейде белгіленбек.
«Мақұлданған заңдарға сәйкес енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Өз кезегінде сот қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның тәртібіне қатысты ерекше талаптар белгілей алады. Сондай-ақ буллинг, кибербуллинг балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Алдағы уақытта бұл заңдар әйелдер мен балалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз», – деді Палата спикері.
Енді енгізілген өзгерістерге қысқаша тоқталсақ, сенатор Жанна Асанованың айтуынша, бұл заңдарды қабылдауға Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын іске асыру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасаған.
«Жалпы алғанда, заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге және әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған», – деді сенатор палатаның жалпы отырысында.
Енді бұдан былай Қылмыстық кодекс бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасаған адамға еш жеңіл жаза қарастырылмайды. Яғни педофильдер мен жасы кәмелетке толмаған адамдарды өлтіргендер бұдан былай өмір бойына сотталады.
Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша, сондай-ақ кодекстің 108-1 (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) және 109-1 (ұрып-соғу) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар татуласқаннан кейін қайталап жасалған жағдайларда тараптардың татуласуына жол берілмейді. Сонымен қатар денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру жасағаны үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алынып тасталады және бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленбек. Жас баланы өлтіргені үшін (99-бап), жас балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін (121-бап) Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
ваБұдан өзге, 16 жасқа толмаған тұлғаларға сексуалдық сипаттағы тиісу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету сынды жағдайларда да қатаңдатылған қылмыстық жауапкершілік енгізілмек.«Бұл өзгерістердің мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін күшейту, оның ішінде балаларға қатысты жасалған құқықбұзушылықтар үшін жазалау шараларын қатаңдату», – дейді депутат Ж.Асанова.
Ал әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң ата-ана құқығынан айыруды көздемейді. Құжат ережелері ең алдымен қорғау және қауіпсіздік мақсатында жұмыс істемек.
«Мемлекет басшысы заңға қол қойып, күшіне енген жағдайда құжат жаппай ата-ана құқығынан айыруға әкеледі дегенге сенудің ешқандай негізі жоқ. Бұл – менің жеке пікірім. Бұл – қате және теріс түсіну. Заңда мұндай нормалар жоқ. Ол әйелдерді қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады», – деді бұл жөнінде Сенат спикері М.Әшімбаев.
Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана.