13 Тамыз 14:08

Пандемия, паника және... плюрализм

Фото:

Әлеуметтік қашықтықпен қатар, әлеуметтік ашықтық керек!

Президент Қ.Тоқаев қоғамда «антиваксерлік» топтар мен тұлғалар бар екенін ашық мойындағанын естідік. Содан кейін билік тарапынан осы қозғалысқа қарсы бастамалар қолға алынып жатқан сияқты.

Өзім антиваксер емеспін. COVID-тің бар екенін және оған қарсы бүкіл әлем қолға алып жатқан санитарлық шараларды мойындаймын һәм қабылдаймын. Екі рет вакцина салдырдым, әлеуметтік қашықтықты сақтауға тырысамын, маска тағып жүрем, ас пен той-томалаққа бармауға тырысамын.

Бірақ мына сауал мені де мазалайды: көпшілік неге осы күнге дейін бүкіл өркениетті дүние мойындаған COVID пен оған қарсы вакциналар мен тыйым-талаптарды конспирологиялық қауіп тұрғысынан қабылдап, «адамзатқа қарсы жасаланып жатқан астыртын әрекет» деп бағалап отыр?

Меніңше, оның төрт себебі бар.

Біріншіден, бізде жалпы билікке деген сенім жоқ. Сондықтан да оның әрбір шешіміне, соның ішінде, COVID-ке қатысты іс-шараларына о бастан қалыптасып қалған күдікпен қарайды. Жылдар бойы сірескен ол сеңнің көбесін сөгудің өзі оңай емес.

Сондықтан «ақпараттық саясатты түзесек, бәрі дұрысталады» деу – ағаттық, алдымен билік өзін түзеп алуы тиіс!

Мәселен, пандемия кезінде бюджеттен жұмсалып жатқан қыруар қаржының есебі қайда? Неге ол туралы мәлімет ашық түрде, онлайн режимде беріліп тұрмайды? Қай министрлікке, қай облысқа, қалаға, ауданға, ауылдық округке, қанша ақша, қандай мақсатқа беріліп жатыр? Кезінде президент ресейлік БАҚ-қа берген сұқбатында: «COVID-пен күреске жалпы алғанда 13 миллиард доллар, яғни ЖІӨ-нің 8 процентін жұмсау қарастырылған», – деп мәлемдеген болатын. Сол қаржының есебі қайда? Оны сұрап жатқан партиялар мен депутаттар бар ма?

ҚР Парламенті.

Антиваксерлік феноменнің бір қауіпті тұсы бар. Қарап отырсам, қоғам шынымен де екіге қақ жарылды. Екі топ арасында мәміле болады деп сенудің өзі қиын боп барады. Бір-бірін түтіп, жеп қоюға дайын секілді. Құдды бір «бәрін құрту, жою керек» деп ұрғандаған радикалды оппозиция мен қатып-семіп қалған өкімет секілді.

Екіншіден, тыйымның да тыйымы бар. Осыдан біраз уақыт бұрын, «адамның жеке өміріне бас сұғуға болмайды» деген заңдық талап енгізіп, шенеуніктердің шетелдегі жасырын шоттары мен мүлкі туралы жазу үшін олардан жазбаша рұқсат алу керек деп, жемқорлық туралы жазып жүрген журналистердің аузына бір сәтте құм құйып тастады емес пе? Осы жолғы ақпараттық тыйымдар да сол қисық жолға түсіп кетпей ме?

Анонимдермен күрес дұрыс болар, оның үстіне, біраз сарапшы айтып жатқандай, олар шетелдік, соның ішінде, ресейлік, ресурстарды пайдаланып жатыр екен. Ал егер де ертең ол жасырын ат жамылған сайттар мен мессенджер топтары антиқазақ мінез танытса ше? Саяси либерализм деп жүріп, Тәуелсіздігімізден айрылып қалмаймыз ба?

Мәселенің тағы бір, демократиялық, адам құқын қорғау тұрғысынан алғанда маңызды жайы бар. Анонимдермен күрес сөз бостандығына қалай әсер етеді? Осы күрес аясында, қолына тиісті құралдар мен технологиялық мүмкіндіктер тиген билік, күштік құрылымдар антиваксерлерді желеу етіп, саяси оппозициямен есеп айырысумен айналысып кетпей ме? Адам құқығы мен ол құқықты шектеу арасында не жатыр? Иә, қоғамға зиян келтіретін ақпараттық арандатумен күресу керек, бірақ «шаш аламын деп, бас алып» қоймаймыз ба?

Үшіншіден, биліктің антиCOVIDтік стратегиясы мен тактикасында бірізділік, табандылық жоқ.

Неге о бастан билік Еуроодақ елдері әлі де мойындамаған ресейлік вакцинаға жабысып қалды? Неге оның тиісті сынақ мерзімі аяқталмай, елге жаппай салдыра бастады? Әлем мойындаған вакциналарды алдырмай,  мәселені соншалықты саясиландыру қажет пе еді? Егер де сол кезден қазақстандықтар қалаған вакцинаны салдыра алғанда, бәлкім, антиваксерлердің саны соншалықты көп болмас па еді?

Неге тыйымдардың өзінде қисын жоқ? Адамдар иін тіресіп жүретін барахолкалар ашық та, оқу орындары, театрлар неге жабық?

Той мен астарды өткізуге шектеудің өзі де профанация болып отыр емес пе? Әйтпесе, мейрамханының артқы есігінен кіргізіп, дәретхана арқылы төрге озған жүздеген адамға дастархан жайылып жатқанын естіп те, көріп те жүрміз. Осы көзбояушылық кімге керек? Вирус қана емес, жемқорлық та мутацияға ұшыраған сияқты, әйтпесе, тиісті парасын алып, сол ас пен тойларға көзжұмбайлықпен қарап отырған мемлекеттік органдардың өзі емес пе?

«Тойдан қашқан қазақтар».

Ас иесінен сұрасаң: «Ас бермесем ұят, әруақ та риза болмайды, жұрт та түсінбейді, елдің бетіне ертең қалай қараймын?», – деп олар ақталады.

Бәлкім, қазаққа осы пандемия кезінде жалпыұлттық бір келісім керек шығар, яғни ас пен тойға уақытша мораторий жариялап, ел боп, бірауыздан бір шешімге келу керек болар? Ешкім ешкімді «ас бермедің» деп жазғырмасын, оның бұл шешіміне түсіністікпен қарасын. Бәлкім, сонда жағдай түзелер, COVID-ті жұқтыру қарқыны азаяр? Сіз қалай ойлайсыз, қымбатты оқырман?

Айтпақшы, өткен жиында президент «COVID-ке қарсы күрестің стратегиясын түбегейлі қайта қарау керек» деген талап қойған сияқты еді. Ол құжат неге әлі дайын емес? «Ақсақ қой түстен кейін маңырайдының» кері болмай ма? Құжат әзірленіп жатса, қоғам неге бейхабар? Жобаны жұртшылықпен, мамандармен бірлесе отырып талқылау керек емес пе?!

Биліктің бір үлкен қателігі мынада. Осы күнге дейін ол «антиваксерлердің дені оқымаған-тоқымаған, сауатсыз адамдар болса керек, олардың көзін ашсақ, болды» деген ұстаныммен келе жатыр. Иә, осы күнге дейін мессенджерлердегі шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, дүдәмал видеолар мен аноним жазбаларға сенгіш бір қауым бар. Рас, оларға жалпы білім жетпей жатады. Бірақ, пандемияға қатысты орынды да орнықты сын айтып жүрген көкірегі ояу, көзі ашық ағайын, соның ішінде, маман медиктер де бар. Олардың білім деңгейіне шәк келтіре алмайсың.

Олардың қоятын сауалдары да сауатты әрі сұрапыл. Оларды популист не хайп ұстаушы деп айта алмайсың.

Төртіншіден, осы кезеңде мемлекет тарапынан қаржыланатын БАҚ жүйесі де өзінің бәсекеге лайықсыздығын, өз әлсіздігін көрсетті деп санаймын. Қолында соншалықты құралдар бола тұра, билік шынтуайтына келгенде, антиваксерлерден жеңіліп отыр. Хайп пен фейктер ресми ақпарат жүйесіне сойқан соққы беріп, нокдаунға ұшыратты. Шенділер шідерлеп тастаған ол БАҚ жүйесі осы шақта оңтайлы да талантты шешімдер, креативті де қызғылықты, қоғамның әр бөлігіне бөлек арналған тақырыптар мен бастамалар ұсына алмады. Бәлкім, осы тұсты пайдаланып, мемлекеттік БАҚ жүйесіне заман талаптарына сай шығармашылық еркіндік, дербестік беру керек пе? Әйтпесе, биліктің қабағына қарап, цензура мен тақырыптық тыйымдармен тұсауланып қалған ол БАҚ-та небір талантты журналистер бар. Тек олардың қолын қаға бермесе болды.

Әлеуметтік қашықтықпен қатар әлеуметтік ашықтық керек! Бүкпесіз, мейлінше ашық әңгіме керек!

Сырттан тон пішкен талай «сарапшы» әлеуметтік желі жұлдызы, ғасырлық гуру кетті емес пе? Әсіресе, әртүрлі мессенджерлер арқылы ел ішін кезіп жүрген сан қилы, қисынды да, қисынсыз да сөздерді күн сайын телеэкраннан түспей, талқылау керек. Арнайы арандатқан болса, жауапқа тарту қажет. Уәждері орынды болса, мойындау керек. Сонда ғана антиваксерлік тенденция толастауы мүмкін. Биліктің бүгінгі бұлыңғыр да бұлдыр-бұлдыр, бүгін айтқанын ертең өзі жоққа шығарып жатқан сезікті сөздері – нағыз антиваксерлік ұстаным қалыптастырып, оның өкілдерінің қолтығына су бүркитін тірлік.

«Антиваксерлер армиясы». Фотолар: ғаламтордан.

Өз басым осы пандемия кезінде билік өзгереді дегенге сенгім-ақ келеді. Бірақ, бірақ...

Иә, мен антиваксер емеспін. «Сақтансаң, сақтаймын» деген тағдырлы тұғырнаманы ұстанған қазақпын. Бірақ, коронавирус бар екенін, оның адамға, қала берді адамзатқа аса қауіпті екенін мойындау, осы бағыттағы өкіметтің өркениетті дүниемен бірге қолға алып жатқан істерін қолдау бөлек те, оның түп негізі өтірікке, біліксіздікке, жауапсыздыққа, жемқорлыққа негізделген күнделікті саясатын сынау – бөлек.

Ең бастысы – билік сіркесі су көтермейтін сыңай танытып, COVID-ке қатысты сын айтқанның бәрін өзінің дұшпаны ретінде қабылдамауы тиіс. Сонда ғана сең қозғалады, сонда ғана қоғам мен биліктің арасындағы сенімсіздік азаяды.

Тегтер: