10 Тамыз 18:31

Карантин талабына «түкірген» әкім, қара басын өлімге тіккен халық

Фото:

Коронавирустың «дельта» штамы өршіп тұр. Соңғы айда індеттен көз жұмғандардың қарасы басым. Сорақысы, бұл вируспен сәбилер мен жүкті әйелдер де ауырып жатыр. Күндіз-түні жансақтау бөліміндегі науқастарға қарайтын дәрігерлер сақтанып жүру керектігі жөнінде бейне-үндеу жолдап әлек. Оған біреу сенеді, енді біреу – «екпе салдырудың амалы» дейді. Неге? 

Карантин шектеулері бәріне ортақ екені белгілі. Бірақ тығылып той жасап жатқандар көп. Кіреберіске «Ремонт идет» деген плакат іліп қойып, қонақтарды есіктен емес, тесіктен кіргізіп жүрген тойхана мен той иелерін көзіміз көріп жүр. Сонда кімге кінә артамыз? Адамнан айла артылған ба, Түркістан облысы Қарабұлақ ауылының тұрғыны таңғы 7-де 150 адамды жинап, қызын ұзатқан жерінде әшкере болып, күллі жұртқа күлкі болды. 

Алматы коронавирустың «қоңыр қызыл» аймағына өткен соң, бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, қалада бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды. Бұған дейін 2 тамыздан бері еліміздің бес өңірінде қатаң карантин режимі енгізілді. 16 тамызға дейін жұмыс және демалыс күндері Ashyq жүйесіне қосылмаған мекемелер жұмысын тоқтатуы тиіс. Қазір сауда үйлері де Ashyq жүйесімен жұмыс істеуге көшті. Алайда, тәртіп пен талапқа бағынбайтындар неге жауапқа тартылмайды?

Осы демалыс күні Алматы қаласының мониторингтік тобы Royal Tulip қонақүй кешені аумағында Black star burger фастфуд желісінің карантин талабын бұзу фактісін анықтаған еді. Яғни, 8 тамызда «Royal Tulip қонақ үй кешенінің аумағында Black Star burger өкілдері карантин талаптарын бұзып, іс-шара өткізген. Онда еліміздің әртістері мен блогерлері жиналып, думандатқан. Атап айтқанда, режиссер Ақан Сатаев, продюсер Жан Мұқанов, әншілер Луина, Лидия Досалина, Тамара Асар, Айдана Меденова, Бүркіт пен Аиша, вайнер Мейіржан Төребаев пен Дана Есеева, тағы басқа шоумендер де осы жерден табылған.  

Құқық бұзушылық фактісі бойынша қонақүй кешені мен фаст-фуд орталығы өкілдерінен түсініктеме алынып, материалдар ауданның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне берілген. Тіпті,  Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бастығының орынбасары Садуақас Байғабұлов бақылау тобының материалдары негізінде тиісті тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі анықталатынын атап өтті. Алайда, Royal Tulip қонақүй кешені  мен Black star burger фастфуд желісі жауапқа тартылғаны жөнінде әкімдік нақты ақпарат берген жоқ.  

Шенділер карантинді менсінбей ме?

Карантин шектеулерін біле тұра шара өткізген қонақүй былай тұрсын, өзімбілемдікке салынған шенділерге не деуге болады? Қарағанды облысында карантин кезінде той өткізуге тыйым салынғанын елемеген шенеунік жайында бүкіл ақпарат құралдары, әлеуметтік желі жазды, таратты. Ол «Ариста» мейрамханасында 400 адамға той өткізген. Әлгі шенеунік ақыры жұмысынан кетіп тынды.

«Бүгіннен бастап Жер қатынастары басқармасының басшысы Мақсұтов Қалел Мұқатайұлы карантинді өрескел бұзуы, яғни, пандемия кезінде той шараларын ұйымдастыруына байланысты қызметінен босатылды. Тағы да ескертемін: мұндай заңсыздықтар үшін жаза өте қатал болады. Мұнда мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасының барлық нормалары бұзылған. Облыста коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан үлкен жұмысты құнсыздандырмаңыздар. Тұрғындардың көңілін қалдырмаңыздар. Мәртебелеріңіз немесе жұмыс орнына қарамастан әрекеттеріңізге жауап бересіздер!», – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы мониторинг тобына қарата: «Сіздер біреудің мүддесі үшін жұмыс істеу үшін емес, азаматтардың денсаулығын қорғау үшін құрылғансыздар! Осындай іс-шараларды тоқтатып, жария етіңіздер. Сіздер өздеріңіз бақылау камераларына қарай отырып жұмыс істейтіндеріңізді айтқан болатынсыздар. Сондықтан мұқият қараңыздар. Салынған тыйым барлығына бірдей», – деп ескерту жасады.

Ал бүгін карантин кезінде 60 жасқа толған мерейтойын атап өткен  Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа қатаң сөгіс жарияланып, 87 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Аталған факті бойынша Байзақ ауданының әкімі Б.Қазанбасовтан түсініктеме алынып, Жамбыл облысы әкімінің  2021 жылғы 3 тамыздағы №173-Ж/Қ өкімімен Б.А. Қазанбасовқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Аудан әкімінің түсініктемесіне сенсек, мерекелік іс-шара тосын сый ретінде туыстары тарапынан жасалған-мыс.  Отбасылық іс-шараны сол жерге келгенде біліп, құттықтауларды қабылдап, үйіне қайтқан. Түсініктемеде іс-шараға жақын туыстардан 38 адам қатысты делініпті. 

Әкім-қара, мекеме басшыларының өзі осындай бассыздыққа барған соң қарапайым халыққа не айып тағамыз? «Балық – басынан шіриді» демекші, былайғы жұрт жоғарыдағыларға қарап бой түземей ме?

Заң да, талап та – ортақ. Ол адамның шеніне, лауазымына қарамауы тиіс. Қысқасы, «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылмағаны» жөн. Бірақ біздің мониторинг топтары әзірге «шортандарды» емес, көбінесе «майшабақтарды» ғана ұстап жүр.   

Тегтер: